Осман халифаның Құраны Ташкентке қайдан келген?
Осман халифаның Құраны Ташкентке қайдан келген?
7 жыл бұрын 7963
Марфуға ШАПИЯН

 Ташкентке табанымыз тиіп, шаруамыз реттелісімен біз көруге асыққан бір дүние болды. Ол – үшінші әділетті халифа Осман ибн Аффанның осы қалада сақталған Құраны. Хазіреті Имам кешенінің музейінде сақтаулы бұл Құранды исі мұсылман қауымы әлемнің түкпір-түкіпірінен келіп тамашалайды екен. Біз де көптің бір болып, музейге беттедік. Суретке түсіруге, өзің түсуге де болмайды екен. Тек көруіңе рұқсат. Бұғының терісіне сонау VII ғасырда жазылған Құран алып әйнектің ішінде айқара ашық жатыр. Жазуы анық. Араб әріптері. Кеудеме өксік тығылды. Кезінде Пайғамбардың с.а.у. сүйікті сахабаларының қолы тиген Құран ғой. Бізден бұрынғы небір ізгі адамдар оқыған Құран ғой! Даңқты сахаба, Пайғамбардың сүйікті күйеубаласы Осман ибн Аффанның Құраны ғой! Жүрегім тебіреніп кетті. Алдыңғы буынның мұрасын он төрт ғасырдан аман өткізіп, бізге осы күйінде жеткізген Аллаға мақтау болсын! Құраннан ілік іздеп “Бұл кітаптың сонша ғасыр бойы өзгермегеніне қандай кепілдік бересің?” деп сұрақ қоятын таныстарыма осы Құран туралы айтып беруім керек-ау деп ойладым. Өйткені бұл – Пайғамбардан тікелей үйреніліп, жазылған Құран. Біздің оқып жүрген Құранымыздың түпнұсқасы.

Осман Зун-нурайннің халифалығы тұсындағы елеулі еңбектерінің бірі осы Құран нұсқаларын көбейтуі еді. Дінтанушы Алау Әділбаев бұл туралы былай деп жазады: «Ол кезде Армения мен Азербайжанның алынуына қатысқан сахабалардың арасында Құранды оқу мәселесінде кейбір айырмашылықтар пайда болды. Өйткені Құранның оқылуын Ирак әскеріндегілер Ибн Мәсғұттан, Сириялық әскерлер Үбәй ибн Қағбтан үйренген болатын. Бұл айырмашылықтардан туатын қауіпті көрген Хұзафатуль Йемени хазіреті Османға келіп, бұл үмбеттің арасында яһудилер мен христиандардың кітаптарына байланысты бастарында болған жағдай, яғни, келіспеушіліктің мұсылмандар арасында да пайда болуының алдын алып, ол қатерден сақтау керектігін айтты. Бұл ұсыныстан кейін хазіреті Осман сахабалардың арасындағы беделді тұлғалардан құралған ақылдастар кеңесін құрды. Бұл топ халифа Әбу Бәкірдің кезінде жиналып, Омар Фаруқтың қызы хазіреті Хафсада болған Құранды негізге ала отырып жеті нұсқа жасатып, мұсылмандардың көп шоғырланған Куфа, Басра, Сирия, Мекке, Йемен және Бахрейн сияқты жерлерге жіберді. Мәдинада қалдырылған нұсқаны "имам нұсқасы" деп атады».

Осман Құрандарының арасында жақсы сақталғаны – осы Құран. Ал өзге нұсқаларынан тек парақтар қалған. Оның біреуі Ыстамбұлда, кейбірі жеке коллекционерлердің қолында кеткен көрінеді. Ал Ташкенттегі осы Құран Осман ибн Аффанның өзіне қалдырған Құраны, тіпті атақты сахаба шейіт болғанда, қаны тиген Құран деп есептеледі.

Құранның Орта Азияға қалай келгені жөнінде аңыз көп. Османнан кейін халифа болған Әли ибн Әбутәліп бұл Құранды Мәдинадан кейін халифаттың астанасы болған Куфа қаласына көшіреді. Құран онда XV ғасырдағы Әмір Темір шапқыншылығына дейін сақталады. Әмір Темір 1402 жылы Осман империясының сұлтаны Баязидті жеңіп, қайтарында Ирактың Басра қаласынан осы Құранды ала қайтқан деседі. Өйткені, Әмір Темір өзі жаулаған елдердің барлық байлығын Самарқанға тасып, оны әлемнің астанасы жасамақ болғаны белгілі. Құран Самарқанға келгеннен кейін көп жылдар бойы медреседе сақталған. Тек үлкен мереке кездерінде ғана қасиетті кітапты халықтың алдына алып шығып, көрсетіп отырған. 1868 жылы Ресей империясының патшасы ІІ Александрдың кезінде Самарқан қаласы жаулап алынады да, Түркістан өлкесіне қарайды. Сол аймақтың басшысы генерал-майор А.К.Абрамов ескі Құранға қызығушылық танытып, ақыры сыйлыққа мол ақша беріп, Құранды қолға түсіреді. Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы фон Кауфман болса, кітаптың жазылуы тарихы бар кішкене хатпен Құранды Император кітапханасына сыйлыққа жібереді. Онда Інжіл, Тәураттың да ескі жазбалары сақталған болатын.

Құран кітапхананың қолжазба бөлімінде сақталды. Оны 1891 жылы шығыстанушы дат ғалымы А.Б.Шебунин зерттеген.

1905 жылы шығыстанушы ғалым С.И.Писаревтің бастамасымен Осман халифаның Құраны көшіріліп, 50 дана тиражбен баспадан шығарылады. Писарев оның 25-ін сатады, енді бесеуі Ресей патшасы, түрік сұлтаны, парсы шахы, Бұхара әмірі мен оның мұрагеріне сыйға тартылады. Сол 50 нұсқадан біздің заманымызға тек бірнешеуі жеткен. Оның екеуі Санкт-Петербург Мемлекеттік діндер тарихы музейінде, тағы бірі Санкт-Петербург мешітінде, Американың Колумбия университетінің кітапханасында, БАӘ Шаржыдағы музейде, тағы бірі Ташкенттегі Мемлекеттік музейде тұр.   

Қазан төңкерісі болып, билік ауысқаннан кейін Құран кітап мұсылмандарға қайтарылуы керек деген шешіммен 1918 жылы Осман халифаның Құраны Ресей мұсылмандар кеңесіне тапсырылып, Уфаға жөнелтіледі. Кейін Түркістан Республикасының өтінішінен кейін 1923 жылы Құран арнайы вагонмен, апарып тастаушы ғалымармен Самарқанға қайтарылады. Ал 1941 жылдан бұл құнды Құран Ташкенттегі Халықтар тарихы музейінде сақталады. Тек 1989 жылдың наурзынан Өзбек Республикасының шешімімен музейден алынып, Өзбек Діни басқармасына тапсырылады. Кейін Ислам Каримовтың кезінде Хазіреті Имам кешеніне қойылады.

1997 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Осман халифаның бұл Құраны қорғалуы тиіс әлемдік ескерткіштердің қатарына енді. Өйткені бұл - әлемде жазылған ең алғашқы Құранның бірі.  

Ташкентке жолы түскен мұсылман бұл кітапты бір көрмей кетпек емес. Себебі мұнда исі мұсылман қауымынының үлкен мұрасы, иманын қуаттар асыл дүниесі жатыр...

         

0 пікір