ӨСІМ ЖЕУ (ӨСІМҚОРЛЫҚ) - АУЫР КҮНӘ!
ӨСІМ ЖЕУ (ӨСІМҚОРЛЫҚ) - АУЫР КҮНӘ!
3 жыл бұрын 7468
Абдусамат Қасым

Қазіргі таңда бүкіл әлемде кең етек алған, және де қоғамда әдеттегі іс болып қалыптасып кеткен ауыр күнәлардың бірі - өсімқорлық күнәсі. Бүгінде көпшілік мұсылмандар өсімнің ауыр күнә екенін біле бермейді. Өсім жеушілік, басқаша айтқанда өсімқорлық - Ислам дінінде қатаң тыйым салынған ауыр күнәлардың бірі. Оның ақыреттегі жазасы тым ауыр. 

Қазіргі таңда белең алған өсімнің бәрімізге белгілі түрлері төмендегідей:

1) Процентке қарыз беру. Қарызды сауап үшін беру керек. Ал үстеме ақшамен қайтарып алу шартымен берілген қарыз, қарыз емес – өсім жеушілік болып саналады. Бұл – харам іс.

2) Кредит. Банкт тарапынан үстеме пайызбен берілетін кредит - «процентке қарыз беру» болып есептелетіндіктен, ол да «өсімқорлық».

3) Депозит. Депозитке салынған ақшаны салымшының банкке берген қарызы десек, одан түсіп отырған пайда да өсім саналмақ.

4) Облигация. Облигация – әлдебір мекемеге берілген қарызын куәландыратын қағаз. Яғни, облигация - иесінің несиегер екендігін көрсетер күәлік. Қарызгер облигация иесіне белгілі мерзім сайын пайыз беріп отырады. Осы тұрғыдан қарағанда, облигацияда өсім жеушілік бар.

5) Пеня. Бұл да өсімнің бір түрі. Мысалы, бөліп төлеуге тауар сату – дінімізде рұқсат, бірақ төлемін кешіктіргені үшін өсімпұл (пеня) тағайындау күнә, өйткені кешіктіргені үшін алынатын өсімпұл – «процентке қарыз беру» категориясына кіріп кететіндіктен, төлемге «пеня» тағайындау шариғи тұрғыда дұрыс емес. Қарызын кешіктірген сайын процентін көбейту немесе пенясын өсіру - төлей алмай жатқан кісіні қанау болып саналады. Кісі – ақысын жеу.

Енді, өсім жеушілікке қатысты аят пен хадистерде не делінген, соған бір тоқталайық:

Алла Тағала өзінің қасиетті кітабы Құран Кәрімде былай деп ескертеді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَذَرُوا مَا بَقِيَ مِنَ الرِّبَا إِن كُنتُم مُّؤْمِنِينَ ﴿٢٧٨﴾ فَإِن لَّمْ تَفْعَلُوا فَأْذَنُوا بِحَرْبٍ مِّنَ اللَّهِ وَرَسُولِهِ ۖ

«Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар! Егер мүмін-мұсылман болсаңдар, өсімнен қалған үстемесін қалдырыңдар (өсім алмаңдар). Егер олай істемесеңдер (өсім жегенді қоймасаңдар) бұны  - Аллаға, Пайғамбарына қарсы соғыс ашу деп біліңдер!...»[1].

الَّذِينَ يَأْكُلُونَ الرِّبَا لَا يَقُومُونَ إِلَّا كَمَا يَقُومُ الَّذِي يَتَخَبَّطُهُ الشَّيْطَانُ مِنَ الْمَسِّ ۚ ذَٰلِكَ بِأَنَّهُمْ قَالُوا إِنَّمَا الْبَيْعُ مِثْلُ الرِّبَا ۗ وَأَحَلَّ اللَّهُ الْبَيْعَ وَحَرَّمَ الرِّبَا ۚ فَمَن جَاءَهُ مَوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّهِ فَانتَهَىٰ فَلَهُ مَا سَلَفَ وَأَمْرُهُ إِلَى اللَّهِ ۖ وَمَنْ عَادَ فَأُولَـٰئِكَ أَصْحَابُ النَّارِ ۖ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ ﴿٢٧٥﴾

«Сондай өciм жегендер, (қабірлерінен) жын соққандай есеңгіреп тұрады. Бұл олардың: "Сауда да бейнебір өciм" дегендіктерінің салдарынан. Негізінде Алла сауданы халал, ал өciмді харам еткен. Сонда кім Раббынан насихат келгенде тыйылса өткен өтті. Оның ici Аллаға тән. Ал және кім қайталаса, мінe солар тозақтық. Олар онда мәңгі қалады»[2].

يَمْحَقُ اللَّهُ الرِّبَا وَيُرْبِي الصَّدَقَاتِ ۗ وَاللَّهُ لَا يُحِبُّ كُلَّ كَفَّارٍ أَثِيمٍ ﴿٢٧٦

«Алла өсімді (өсім жеушінің берекесін) жояды да сауданы арттырады (адал сауданың берекесін арттырады). Әpi Алла барлық қарсы келуші күнәкарды жақсы көрмейді»[3].

Хадистерде де өсімнің күнә іс екендігі жөнінде аз айтылмаған. Сондай хадистердің бірінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді:

«Құрдымға жіберетін жеті нәрседен сақтаныңдар»,- деді. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі (с.а.у.)! Ол жеті нәрсе не?», - деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Аллаға ортақ қосу, сиқырлық, жазықсыз адам өлтіру, өсімқорлық, жетімнің малын жеу, соғыс майданынан қашу және ары таза мүмін әйелге жала жабу», - деп жауап берді[4].

Алла елшісі (с.а.у.) тағы бір хадисінде былай деген:

«Алла Тағала өсімді жеушіні де, өсім жегізушіні де лағынеттеді» деген. Осы хадистің Тирмизіде орын алған нұсқасында: «Өсімге куәлік етуші екі куәгерді де, (өсім келісімін) жазушыны да лағынеттеді» делінген[5].

Басқа бір хадисте былай делінген:

«Өсімді жеуші және жегізуші әрі (келісімді) жазушы, егер (күнә екенін) білсе (біле тұра сондай іске барса), олар – қиямет күні Мұхаммедтің аузымен лағынеттеледі»[6].

Өсімнің харамдығын көрсеткен басқа да хадистер мен риуаяттар баршылық. Оның бәрі өсім жеушілік пен өсімқорлықтың Ислам дінінде қаншалықты ауыр күнә екендігін көрсетуге жеткілікті дәлел. Өсімнің харам екендігінде «ижма» бар, яғни, ешбір дін ғалымы өсім жеушіліктің харамдығына күмән келтірмеген, барлығы бір ауыздан өсімнің харамдығын қабыл еткен.  

Осы тұрғыда келтірілген хадистерден де ұққанымыздай күнә өсім жеушіге ғана болмайды, күнә өсім жегізушіні де қамтиды. Сондықтан да, дінімізде өсімге қарыз берумен қатар, өсімге қарыз алуды да тыйған. Сол себепті, мысалы, мұсылманға кредит алуға болмайды, өйткені бұл «өсім жегізушілік» болып есептеледі, өте зәру жағдайларда, өлім мен өмір мәселесі туындағанда болмаса, аз-маз қиналып тұрғаны үшін немесе қажеттілік үшін өсімге қарыз алу да, кредит алу да өте ауыр күнә. Өйткені, хадистерде өсімді жегізуші де лағынеттелген. Ендеше, барынша сақ болғанымыз жөн екен.

Алла баршамызға тауфиқ, һидаят бергей!


[1] Құран Кәрім, «Бақара» сүресі, 278, 279 аяттар.
[2] Құран Кәрім, «Бақара» сүресі, 275 аят.
[3] Құран Кәрім, «Бақара» сүресі, 276 аят.
[4] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүсілім: «Сахих Мүсілім».
[5] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім»; Имам Тирмизи: «Сүнән»; Имам Әбу Дәуід: «Сүнән»; Ибн Мәжә: «Сүнән» т.б.
[6] Имам Нәсәи: «әл-Мүжтәбә»; Имам Ахмед: «Мүснәд» т.б.

0 пікір