Адамның жүзі және сыртқы бет-әлпеті оның мінез-құлқы мен санасының көрінісі болып табылады. Әр адам өз мінез-құлқы мен сана-сезіміне сай әрекет етеді. Бет-әлпет адамның ішкі жан-дүниесінің айнасы іспетті. Сол себепті де күлкі, күлімсіреу жанның көркем бейнесі болып табылады.
Ислам дінінде күлімсіреу садақа саналған. Мұсылман бауырының жүзіне жылы жүзбен, күлімсіреп қараған адам садақа бергендей болады. Ислам мәдениетінде күлімсіреудің ерекше орны бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм адам жүзіне күлімсіреп қарайтын. Бұған қатысты барша мүминдердің анасы Айша (р.а.) былай деген:
"Алла Елшісін көмейі көрінетіндей болып күлгенін ешқашан көрген емеспін, өйткені оның күлгені – күлімсірегені болатын», - деген. Пайғамбарымыздың (ﷺ) сахабаларының айтуларына сай, ол (ﷺ) адамзат баласының ең көркем мінездісі әрі ең кішіпейілі болған. Ол (ﷺ) үнемі күлімсіреп жүрген әрі оның жүзі күлкі нұрына бөленіп тұратын".
Сондай-ақ, сахаба Абдулла ибн Салам – Исламмен қауышпас бұрын яһуди дін қызметкері етін. Бертін келе Пайғамбарымыздың (ﷺ) сахабасы болды. Мединеге Алла Елшісінің (ﷺ) келгенін біліп, әдейі келіп жүздесіп, өзін қызықтыратын сауалдарын қойып, лайықты жауаптар алған соң ислам дінін қабылдаған ол, Пайғамбарымыздың (ﷺ) жүзін көріп: «Мынадай жүзі бар адам өтірік айтпайды», - деген екен.
Жарир бин Абдулла (р.а.) – Пайғамбарымыздың (ﷺ) сахабасы былай айтқан: «Мен исламды қабылдаған сәттен бастап, Алла Елшісі (ﷺ) менімен жүздесуден ешқашан бас тартпаған және маған үнемі күлімсіреп қарайтын».
Басқа бір сөзінде былай келтірілген: «Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) сияқты үнемі күлімсіреп жүретін адамды ешқашан кездестірмедім».
Алла Елшісі (ﷺ) күлімсіреудің қасиеті жөнінде былай айтқан: «Бауырыңа күлімсіреп қарауың садақа болып табылады».
«Тіпті бауырыңды күлімсіреп қарсы алуды да елемей қоюшы болма».
Пайғамбарымыздың (ﷺ) қолында жарлы адамға беретін ештеңесі болмағанда, ол ұялғанынан жүзін жасыратын болған екен. Содан кейін мына аят түсірілген болатын: «Раббыңның мәрхаметін іздеп, үміт еткен түрде жалтақтасаң, (қолыңда болмағандықтан бере алмасаң) онда оларға сыпайы сөйле» (17:28).
Осы аят түсірілген соң, Пайғамбарымыздың (ﷺ) қолында мұқтаж жандарға беретін ештеңесі болмағанда, ол (ﷺ) оларға күлімсірей қарап, сыпайы сөйлеп, олардың қам көңілдерін жұбатып отыратын болған.
Сондықтан да күлімсіреу, амандасу және сыпайы сөйлесу – үнемі жасалуы тиіс амалдар. Олар әр мүміннің жасауы тиіс өзінше бір құлшылық түрі іспетті, ал күлімсіреу - Алла Елшісінің (ﷺ) сүннеті болып табылады. Оны орындау қиын емес. Ендеше, жеңіл жолмен сауапқа кеңелемін десеңіз, күлімсіреңіз!