Орта Азия елдеріндегі зайырлық пен діндарлық қай деңгейде?
Орта Азия елдеріндегі зайырлық пен діндарлық қай деңгейде?
7 жыл бұрын 4423
Бағдат БЕЙСЕНОВ, ҚазҰУ доценті

Адам  мен  қоғам  өмірінде діннің әлеуметтік мән-мағынасын  жоғалтуын бейнелейтін және қазіргі  заманның  ажырамас  қасиеті саналған секуляризация ұғымы заманауи әлемде жаңа  тұрғыда қарастырылуда. Секулярлы  қоғам  кеңістігінде діннің саясатқа, экономикаға, мәдениетке ықпалының  күшеюі нақты қоғамдық  өмірдегі діндарлық  пен  секулярлық  арасындағы  арақатынас  формасына  байланысты өрбиді. Ғылыми-техникалық  төңкеріс, жаһандану  үдерістері, урбандалу, экономикалық, саяси, мәдени  жаңғырулар дін  мен  діни санаға да  ықпал етті. Десекуляризация - бұл секуляризацияға қарама-қарсы тренд, яғни діндарлықтың қайта жаңғыруы, зайырлылық пен дүниелік есебінен қасиеттіліктің қайта жандануы. Бұл трендтің көріністері діннің зайырлы, мемлекеттік орындарға - (мектеп, жоғары оқу  орны, әскер, экономика, медицина, мәдениет) кіре бастауы, діни институттардың көркем шығармашылық туындыларына (әдебиет, театр, сурет, кино өнері) цензура қоюға  әрекеті. Десекуляризация белгілері - мемлекет пен дін арасалмағының өзгеруі, қоғамдық санадағы діни түсініктердің  өсуі, нақты діннің ресми мәртебе алуға қадам басуы. Батыс еуропалық ғалымдар постсекулярлық және постдіндарлық ұғымдары төңірегінде тартысса, постатеистік және  постсоциалистік елдер ғалымдары діннің қайта жаңғыруы, діннің  қайта оралуы, сакрализациялану, секуляризацияның  ақыры  тақырыбында  пікір таластыруда. Дінмен байланысты жаһандық  қоғамдық санада туындайтын сұрақтар діни толеранттылық пен сұқбат, жаһандық террорлық, радикализация, исламофобия, діни  фанатизм  төңірегінде  өрбиді. Постсекулярлы  қоғамда  секулярлы  және түрлі діни топтардың бейбіт және өзара  келісімде өмір  сүруі үшін  түсіністік қағидалары қандай болуы  тиіс. Постсекулярлы  жағдайда  діни  идеялар  мен  діни  институттардың қоғамдық өмірге ықпал  етуі  денгейінің шекарасы қандай болмақ.

Ұлттық сананың дамуындағы діннің орны және қоғамдық өмір модернизациясында  діннің атқарар рөлі қандай? Адам санасының радикализациялануының  түрткілері және  терролық әрекеттердің саяси, әлеуметтік, діни, ұлттық, дүниетанымдық, психо-патологиялық себептерін қалай  айқындаймыз. Міне, осы сауалдар қоғамдық  психология мен  санадағы түйткілді мәселелер. «Бүгінде  революциялар  өңін  өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде  жамылды. Бірақ бәрі де, түптеп  келгенде, қантөгіспен, экономикалық  күйреумен  аяқталатынын  көріп  отырмыз. Әлемдегі  оқиғаларды ой  елегінен өткізіп, қорытынды  жасау-қоғамның  да,саяси  партиялар мен қозғалыстардың  да, білім  беру жүйесінің де ауқымды  дүниетанымдық, рухани жұмысының бір  бөлігі» [1]. Қазіргі  батыс  еуропалық қоғамды постсекулярлы ретінде  анықтау үшін негізгі үш құбылыстан туындаған санадағы  өзгерістер нақты  айқындалуы  тиіс. Біріншіден, қазіргі әлемде болып  жатқан  түрлі  қақтығыстардың діни негізде  болғандығын  хабарлайтын БАҚ ықпалымен қоғамдық сана  өзгеруде; екіншіден, либералды қоғамдағы діни  қауымдар  кейбір қоғамдық  немесе  саяси  оқиғаларды өзінше  түсіндіруі қоғамдық санаға әсер етуде; үшіншіден, дәстүрлі мәдениетті ұстанатын елдерден келуші жұмысшы күштер  және  босқындардың тұрақты иммиграциясы еуропалық азаматтар санасына ықпал  етуде. Неміс  философы  Ю.Хабермас осы  үш факторды негізге  ала отырып секулярлы  батыс қоғамын  постсекулярлы  деп  атайды. Ғаламтор  және  әлеуметтік  желілер, алпауыт  елдердің геосаяси  жобалары мен  идеологилық бәсекелестігі,маргиналды құбылыстар пен постмодерндік ұстаным діннің  және  діндарлықтың  жаңа  құбылысы радикалды  идеология  мен  діни  сенімнің күмәнді  формаларын тудырды. Заманауи әлемде нақты дін мен идеологияға  негізделген саясат, партия, экономика, құқық, мәдениет, өнер секулярлықтың Жаңа заманда орныққан үлгісіне симайды. Жаһанданған  адамзаттың қоғамдық психологиясы мен  өміріне діннің ықпалы өсуде, демек зайырлылық  пен  діндарлықтың  өзара әріптестігінің  әділетті заманауи тетіктерін  даярлау қажет. Қазіргі қоғамдағы модернизациялық  үдерістер  діни және зайырлы  сананы  қамти отырып, оны өзгертуде. Секуляризация  бұл  дінге  қарсылық  емес, діннің заң аясында өркениетті қызмет  жасауы,демек  постсекулярлы қоғамда  секулярлық  пен сакральдылық  бірін-бірі  толықтырушы үдеріс. Дін секулярлы қоғамнан үйренсе, секулярлы қоғам діндегі бауырмалдық, рухани кемелдену, сыйластық сынды құндылықтардан үйренуі тиіс. Постсекулярлы кеңістікте зайырлы және  діни  институттар  азаматтарды біріктіру үшін  теңдік, әділеттілік, әріптестік, түсіністік  қағидаларын ұстануы  тиіс.Қазіргі Орталық Азия елдеріндегі діни жағдай және діндарлық денгейі тілдік, ділдік, діни дәстүр жақындығымен және  дін саласындағы  мемлекеттік саясат  қағидаларының  ұқсастығымен  айқындалады.

Түркіменстан халқының  80 пайызының астамы сүнниттік бағыттың ханафии мәзхабын ұстанады. Түрікменстан  зайырлы қағидатты  ұстанатын  ел. Ел халқының 7-8 пайызы православ сенімінде. Ел аумағында дінді  саяси  мақсатта пайдалануға тыйым салынған. 1994 жылы құрылған  дін  істері бойынша кеңес (Генгеши)дін саласын мемлекеттік қадағалау мен  реттеу  қызметін атқарды.1990 жылдардың  ортасында елдің  ауғанстанмен шекаралас аймағында  радикалды діни ілімдер  көрініс бере  бастады. 1997 жылы  «Ар-ұждан  және діни  ұйымдар  туралы» заңға  толықтырулар  енгізілді. Барлық  діни ұйымдар қайта  тіркеуден өтті. Тіркеуден  өтпеген діни ұйымдарға  діни қызмет  жасауға тыйым  салынды. Діни қауымдардың қаржылық, қайырымдылық, білім-ағартушылық қызметіне және кадрлық ұстанымына шектеулер қойылды. Шет елдік уағызшылар  мен дін  қызметкерлері жұмысына тыйым салынды. Шетелдік діни әдебиеттерді ел аумағына алып  келуіне  тыйым  салынды. Елдегі  шииттік (әзербайжандар мен ирандықтар) қауымдардың шақыруымен  келген ирандық уағызшылар  елден шығарылды. Шииттер  Иранмен  шекаралас аудандарда және Туркменбаши қаласында тұрады. Мешіттердегі діни оқу  курстары  қайта тексеруден өткізілді.1999 жылы Чарджоу  қаласындағы  медресе  жабылды. 2003 жылы қабылданған «Діни  сенім бостандығы  және діни  ұйымдар  туралы» жаңа заңға  сәйкес тіркелмеген  діни  бірлестік  жұмысына  қатысушылар  қылмыстық жауапкершілікке  тартылатын  болды. Мүшелер саны-500-ге  жеткен  діни ұйымдар  тіркеуден өтті. Мешіт  имамдарын  тағайындауға  мемлекеттік  құрылымдардың ықпалы өсті. Жеке  меншік құқығындағы діни  оқу орындарын  ашуға  тыйым салынды. Жоғары діни  оқу орындарын құру тек  дін істері кеңесі  құзіретіне  берілді. Дінбасылық  лауазымға діни білімді  елден алған түркіменстан  азаматы  лайық  деп саналды. Әділет  министрлігінің  рұқсатынан  кейін ғана  шет  елдік демеушілердің  қаржылай көмегін  алуға рұқсат етілді. АҚШ-ның  «халықаралық  діни сенім  бостандығы туралы  Акт» сәйкес  қысымынан  кейін 2004 жылы тіркелмеген  діни  бірлестік  жұмысына  қатысушыларды  қылмыстық жауапкершілікке  тарту  бабының  күші  жойылды. 2016  жылы қабылданған«Діни  сенім бостандығы  және діни  ұйымдар  туралы»жаңа заңда  діни бірлестікті тіркеу үшін кәмелет жасындағы 50 түркіменстан азаматтарының  өтініші жеткілікті  және діни  бірлестіктің жарғысы  болуы тиіс.Жасырын  діни қызметке  тыйым салынады. Шет  елден  берілетін  тегін және гранттық көмектер  міндетті  түрде  тіркелуі тиіс. Мемлекет  меншігіндегі  діни бағыттағы  мүліктер мен  діни ғимараттарды  діни ұйымдарға  тегін берілуі  заңда бекітілді. Мемлекеттік  білім  беру ұйымдарында  дінді оқытуға  тыйым салынды. Діни білім беру  орындарына  қатаң  талап қойылды. 2016  жылы  діни ұйымдармен жұмыс бойынша және  діни мазмұндағы  баспа өнімдерін  сараптау  арнайы комиссиясы құрылды. Комиссия құзіреті: діни ұйымдардың  қызметін және  азаматтардың діни  ұйымдар үстінен  жазған арыз-шағымдарын  қарау, шет елдік діни ұйымның басшысын  қызметке  тағайындау, шет елдік діни әдебиеттерге  сараптама жасау, дінтанулық сараптама қорытындысын беру, діни  ұйымдарды  тіркеуге ұсыныс  беру, діни білім беру  ұйымын ашуға  ұсыныс беру, жергілікті билік орнымен  бірге діни ғимарат құрлысына рұқсат беру. Түркіменстанда ораза  айтта бір күн, құрбан  айтта үш күн демалыс берілген. Зерттеушілердің пікірінше, көшпенді  өмір салтын  ұстанған байырғы түркімендердің  бүгінгі  буыны  діннің  ғибадаттық  формасын емес, жеке ішкі діндарлықты  ұстанады. Алайда  кедейшілік, еркін ойшылдықты  қудалау, мешіттерді  жаппай бақылау, сыртқы күштердің ықпалы, Ауғанстандағы тұрақсыздық  діни жағдайға  кері әсер етуі  мүмкін.

Өзбекстан - зайырлы мемлекет. Негізгі заңда барлық діндердің заң алдындағы теңдігі, мемлекет пен діннің бөлінуі нақты айқындалған. Ел  аумағында дінді  саяси  мақсатта пайдалануға  тыйым салынған. Өзбекстан  халқының  93 пайыздан астамы сүннитік  бағыттың ханафии мазхабын ұстанады. Бұқара және  Самарқан  аймақтарында шииттік (ирандықтар  мен  әзірбайжандар) қауымдар  бар. Бұл  аймақтарда  шииттік мешіттер  жұмыс жасайды. Шииттер құлшылықтарын көбіне үйлерде және сүнниттік мешіттерде өткізеді. Шииттік имамдар діни білімді елдегі  медреселерден алады. Ел аумағында 16 конфессияға тиесілі 2400 аса  діни бірлестіктер бар. Діндар мұсылмандар ӨМДБ құзіретінде. Ел аумағында ислам университеті және ислам институты, оннан аса медреселер жұмыс жасайды. Елдегі исламтанулық  білім  беру  жүйесі  бірізді  және бірыңғай оқыту  бағдарламасын  ұстанады. Кәмелеттік жасқа толмағандардың  мешітке  баруы  қатаң бақыланады.

1999 жылы Ташкент  және  басқа қалаларда болған жарылыстан  соң   шет елдердің  діни  оқу орындарында оқитын  студенттер елге  қайтарылды. Елдегі шет елдік  діни оқу орындар жабылды.

Орталық Азия елдерінде Өзбекстан ислам қозғалысы ұйымы қызметіне тыйым салынған. Бұл  террорлық  ұйым  Өзбекстан, Қырғызстан  елдерінде террорлық қылмыстар ұйымдастырды.

Қырғызстан  - зайырлы мемлекет. Елдегі діндердің  заң алдындағы теңдігі,мемлекет  пен діннің  бөлінуі негізі заңда  айқындалған. Қырғызстан  мұсылмандары сүннитік  бағыттың ханафи мазхабын ұстанады. Қырғызстанда 3700  аса мешіттер болса, 700  мешіт Ош облысы аумағында  орналасқан. Ош облысында діни ахуал басқа  аймақтарға  қарағанда өзгеше. Бұл аймаққа ферғана  жазығының  ахуалы және этноконфессионалды ерекшелік  ықпал  жасайды. Қырғызстанда  Түркия  тарапының  қолдауымен  ашылған діни оқу  орындары жұмыс  жасайды. Қырғызстан мұсылмандар діни басқармасының «Ислам Маданияты» газеті, Джалал-Абад казиаттының «Мұсылман», Баткен казиаттының «Ислам  авазы»  газеттері  ислам  құндылықтарын насихаттайды. Мешіт имамдары - Мысыр, Түркия, Пәкістан, Иордания, Сирия және елдегі діни оқу  орындарын  бітірген.

Тәжікстан - зайырлы мемлекет. Елдегі діндердің  заң алдындағы теңдігі, мемлекет  пен діннің  бөлінуі негізгі заңда  айқындалған.Тәжіктердің  тілі  парсы  тобына  жатады. Тәжікстан  мұсылмандары сүннитік  бағыттың ханафии мазхабын ұстанады. 2009  жылы  ұлы  имам Әбу  Ханифа жылы  деп жарияланды. Таулы  Бадахшанда шиит-исмаилиттер  қауымы бар. Исмаилитік  ілімді памир (вахандықтар, бартангдық, рушан, ишкашим, шугнан)  халықтары ұстанады. Исмаилиттер ағымы алтыншы шиит  имамы  Жафар  ас-Садықтың   ұлы Исмаил есімімен  байланысты қалыптасқан. Исмаилиттік  ілімі бойынша имамат  мұрагерлікпен  беріледі. Исмаилит-низариттер қауымының діни  жетекшісі имам IV Ага-хан. 2009 жылы Душанбе  қаласында  шиит-исмаилиттер  орталығы ашылды. IV Ага-хан Таулы  Бадахшандағы шиит-исмаилиттер  қауымына  гуманитарлық  көмек  көрсетеді. Орталық  азия  елдерінде ага-хан  қоры білім  беру жобаларын қаржыландырады. Aga Khan Development Network   аясында білім  беру, әлеуметтік-экономикалық,мәдени ұйымдар жұмыс жасайды. 2002жылы IV Ага-хан қоры Тәжікстан, Қырғызстан  таулы  аймақтарында Орталық Азия  университетінің  филиалдарын ашуды  ойластырды. 2003  жылы Алматы облысының Текелі қаласында  университет филиалының  іргетасы  қаланған  болатын.

Ел  аумағында 3000 аса мешіт  және  19  медресе бар. 2009  жылы  Тәжікстанда« Салафия» қозғалысына сот шешімімен  тыйым  салынды. 2014  жылы тәжікстан жоғары сот қаулысымен« Салафия» діни ағымының қызметі экстремистік  деп танылды. 2005  жылы  Тәжікстан  білім министрлігі мектептерде хижаб киюге тыйым  салды.2011 жылы мешіттерде дауыс күшейткішпен азан  шақыруға тыйым  салынды. 2013 жылы Иран, Мысыр, Ливия, Сауд Арабиясы  елдеріндегі діни оқу орындарында  оқитын студенттерін кері шақырып алды. Тек арнайы тексеруден  соң  шет  елдің  діни оқу  орындарында білім  алуға  рұқсат  етіледі. Мемлекеттік  және жеке  бала-бақшалар және мектептерде, үйлерде  діни уағыз жүргізуге тыйым салынды. Әйелдер мен кәмелеттік жасқа толмағандардың  мешітке  баруына тыйым салынды. Дін істері комитетінің  өкілдері  барлық діни іс-шараларға қатысуға  өкілетті  және мешіт имамдарын  тағайындау  дін  істері  комитетімен келісілетін болды. 2014 жылдан мешіт  имамдары  мемлекеттен жалақы алатын  болды. 2015  жылы  Орталық Азия  елдеріндегі бірден-бір  діни  партия - Тәжікстан  ислам  қайта  өрлеу партиясына тыйым  салынды. Ел аумағында  террорлық  және экстремистік  сипаттағы 15  ұйым  қызметіне  тыйым  салынған. Өзбекстан  және  Тәжікстандағы діни ахуалға  Ауғанстандағы  саяси-діни үдерістер  әсер етуі  мүмкін.Посткеңестік  мұсылман елдеріне  салафизм  ағымының  екі  нұсқасы-мадхалия және суррия  таралған. 1990  жылы Ирактың  Кувейтті  жаулап  алуынан  соң  Сауд  арабиясы  аумағына АҚШ  әскерінің орналасуына («шөлдегі  дауыл» операциясы) қарсы болған  Мұхаммет Сурури бастаған  топ  және  шет  елдік әскерилердің елге  келуін, яғни  билік ұстанымын  жақтаған Раби ибн Хади әл Мадхали  тобы пайда болғаны  белгілі. Қазіргі орталық  азияның діни  кеңістігінде   салафиилік  және сопылық  топтар арасында  дүниетанымдық  пікір-сайыстар  орын алуда. 1990 жылға  таман кеңес  үкіметінің  басшылығы  қайта  құру саясаты  аясында дінге  қатысты төзімді саясат  жүргізе  бастады. Бұл  жариялылық саясаты  түрлі  наным-сенімдердің  кең таралуына  жол ашты. Кейбір  діни ілімдер  шет елдік қаржылық  және  саяси топтардың,арнайы  қызметтердің қолдауымен  үгіт-насихат  жүргізді.

Қазіргі таңда  Орталық Азия елдеріндегі  діни жағдай қалыпты. Орталық Азия  елдерінің дін саласындағы мемлекеттік  саясаты-зайырлылықты  ұстану, мемлекет пен дін  қатынасын  зайырлы тұрғыда жетілдіру, діни  жағдайды  құқықтық-заңнамалық  реттеу, халықтық  діндарлық  пен дәстүрлі діни құндылықтарды  қолдау  көрсету. 2007  жылы орталық  Азия  елдерінің мүфтилер кеңесі  құрылды. Орталық Азия   елдеріндегі мұсылмандық ерекшеліктері: халықтарға  ортақ ханафии мазхабы, дәстүрлі халықтық-ғұрыптық діндарлық,сопылыққа тән  этикалық  ұстаным, шет  елдіктердің  қаржылық  қолдауындағы жаңа исламдық  ілімдер мен  геосаяси  жобалардан  туындаған діни ілімдердің  таралуы. Қазақстан  2017-2018 жылдары - БҰҰ  Қауіпсіздік   Кеңесінің  тұрақты  емес  мүшесіне  сайланды. «Осы шешім  арқылы Ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстан  Республикасының бейбітшілік сүйгіш   көпвекторлы  саясатына жоғары  бағасын беріп  отыр»[2]. Еліміз БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің - Ауғанстан  мәселелері, ДАИШ  және әл-Каеда террорлық ұйымдарына  қарсы күресті үйлестіру, Эритрея-Сомали   сынды  тұрақты  комитетері жұмысына  төрағалық жасайды. Қазақстанның  БҰҰ  Қауіпсіздік   Кеңесінің  тұрақты  емес  мүшесі  ретіндегі қызметі  орталық  азия аймағында тұрақтылық пен бейбітшілікті  қамтамасыз  етуге  бағытталады. 2017 мамырда Эр-Риядта өткен «АҚШ-Араб ислам  әлемі»  Саммитінде  жаһандық  терроризммен   күресте  ислам  дүниесі  (сүнниттік  мемлекеттер) елдерінің  әріптестігің  күшейту  мәселесі көтерілді. Эр-Риядта экстремизм  және  терроризммен күрес  халықаралық орталығы  құрылды. Бұл саммитке  иран шақырылмады. Бұл жиын  аймақтағы  сүнниттік араб елдері және  иран  арасындағы бәсекелестікті  күшейтіп,өзара қарым-қатынасқа  салқынын  тигізетіні  анық.

Орталық  Азия  елдеріндегі  әлеуметтік-экономикалық және демографиялық үдерістер, қарқынды урбанизация, дәстүрлі қоғамнан постмодерндік және постиндустриалды ақпараттық  қоғамға  қарай секіріс жасау, әлеуметтік-экономикалық мәселелер кедейшілік, жемқорлық және бәсекелес  елдердің геосаяси және геоэкономикалық  мүдделерінің қақтығысы діни негіздегі  экстремизмнің өсуіне ықпал етуі  мүмкін  алғышарттар. Діндарлар  санасының  радикализациялануының алдын  алу  іс-шаралары  ең  алдымен дін  саласындағы  мемлекеттік саясаттың пәрменділігін  арттыру, азаматтық  қоғам  институттардың тиімді жұмыс  жасауын арттыру, жастардың әлеуметтенуі мен  қоғамдық  өмірге ат-салысуын жетілдіру,дәстүрлі  діл мен  зайырлы қағидатқа  сай діндарлық  мәдениетін қалыптастыру, әсіредіншілдіктің себептерін  айқындау, әлеуметтік  аз қамтылған  топтармен жұмысты  тиімді  жүргізу, дәстүрден тыс  ілімдердің қоғамдық  сана мен  өмірге  тигізер кері әсерін  кешенді түрде көрсету,аймақтағы  өзекті  әлеуметтік  мәселелерді  шешу, діни жағдайға  қатысты  тәжірибе алмасу,ірі және  моноқалалардағы  діни  ахуалға  үнемі  талдау  жүргізу. «Біздің  кешегі тарихымызбұлтартпас  бір ақиқатқа-эволюциялық  даму  ғана  ұлттың  өркендеуіне  мүмкіндік  беретініне  көзімізді жеткізді»[3]. Орталық Азия  елдерінің  тұрақтылығы  мен заманауи өркендеу жолы-зайырлы қағидатта негізделген.Тарихи  қалыптасқан  мәдени-рухани  жағдай ,дәстүрлі  діни мәдениет,ортақ киелі  орындар  мен  әулиелер  культі, сүннитік бағыт (матрудилік ақида) және  ханафиттік  ғибадат жолы  Орталық Азия  мұсылмандарын  достық  пен  рухани келісімге  жетелейді  деп  сенеміз.

 

1.Н.Ә.Назарбаев.Болашаққа бағдар:рухани  жаңғыру//Қазақ әдебиеті.14.04.2017.

2. М.Әшімбаев.Бұл  -халықаралық қоғамдастықтың  жоғары  сенімі//.Егемен Қазақстан.2017. 1  қантар.

3. Н.Ә.Назарбаев.Болашаққа бағдар:рухани  жаңғыру//Қазақ әдебиеті.14.04.2017.

 

0 пікір