«Рамазан келерде сансыз сезімдер мен толып тасыған ойлар салтанат құрады. Күн мен түн де тұтастай илаһи (құдайлық) рақымдылық пен кешірімділікке толып тасады. Мезгілі біткен сәтте жүректерге өзіне деген қимас сезім мен сағыныш-сазы тұнады. Бірақ сол бір жүректері рамазанға айналған жандарды жасытпай, оларды іші құт-береке мен қуаныш-шаттық толған айт күніне аманаттайды. Рамазаннан кейін айттың келуі біз үшін тосын оқиға болмаса да, бейне бір жаңа атқан таңдай жан-сарайымызды нұрға бөлеп, санамызды сәулесімен қытықтап, көкжиектен көрінеді. Кейде ол бейне бір толған айдай көгімізге көтеріліп жанарымыз бен көңіл-көлімізге сәулесін түсіріп адам жанын тәтті армандарға жетелеп, бойдағы асқақ сезімдерді оятады. Рамазанмен ыстық ықылас құрған адам баласы айтты илаһи шарапаттан төгілген сиқырлы уақыт сезініп, оның терең тылсым-сырын аңғарады. Оның илаһи тартымдылығы мен сиқырына малтып, уақытша болса да, рамазаннан айрылысқан қасірет сезімінен жеңілдегенін сезініп, алып рақым айының қоштасуы мен терең шарапат күнінің мейрамын бірге тартады.
Біз айтты әрқашан тез туып, бір сәтте төбемізге көтеріліп, бейне бір көзді ашып-жұмған жылдамдықпен өмірін аяқтап батуға таянған толған айдай сезінеміз. Әп-сәтте келіп, әп-сәтте кетіп, сағынышымызды ой-санамызда қалған суреттермен оңаша қалдырады. Қысқа уақыт аясына сыйып кеткен айттың аса бай әрі астам жомарттығы сонша – онда апта мен айлардың жасырын екендігін айту әсіре айтқандық емес. Ол қашан да көктен ой-санамызға бейне бір шырақтай жағылып, көңіл-көгімізге шаттық-өзені болып құйылады. Көкірек-көзі ашық жандардың да жанарының рухани жарығы жарқ етіп, өзіне тартып, рамазанмен қимай қоштасқандарға көктердің бейбіт-нұрын ұсынады. Осылайша жалпы бәріне жүрегінің тереңдігіне қарай, рухани әлемніңәсемдіктерін жеткізеді.
Айт – дүние мен ақыретке тән әсемдіктердің бір-бірімен етене араласып, адамдардың рамазан бойы әр түрлі ғибадаттар арқылы бейне бір періштеге айналып, періштелер де осы ұқсастыққа бет бұрып, сол бір рухы саф жандар арасында сайрандап, айнала илаһи әсемдік пен сұлулыққа оранып, осынау ғажайып тылсым дүниені көргендер, өздерін оянғысы келмейтін түс әлемінде деп ойлайтынын айтуға тіл жетпес күн.
Осы мүбәрак күнде рамазан жеткен барлық жер-жүзі періштелер мен рухани жандардың көктегі тылсым әлеміндей көрініп, шаттыққа бөленген рухани ғаламатқа тең бір сиқырлылыққа оранады. Сол сәттен қасиетті айт мұсылмандарды өзіне баурап алып, оларды жүрек пен рухани өмірінің тұңғиығына қарай тартады. Оларға ай мен күн тіпті құс жолын қамти алатын кеңістік дайындап, «құпия қазынаға» жап-жарық айна болу жолдарын көрсетеді... Көңілдері алабұртып, алып ұшқан әркім өз дәрежесіне қарай айттың көрсеткен жолдарымен ұшуға даяр құстай бола қалады. Тылсым сырдың есігі ашыла кеткендей қанаттарын тағатсыз қағады. Ақырында ұша жөнеліп, жеткен яки жететін шыңдардың асқақтығын көріп, тамашалап, тұла бойы нұрға малынады да, осы дүние күнін бейне бір жәннат заманына айналдырады. Иә, олар ғажайып күйге еніп, әрбір заттан Хаққа тиіс әсемдік пен сұлулықты көріп, тамашалап, ақпай тоқтап қалған заманның тілімен ең әдеби хұтпа-жырлар оқиды. Оған барлық мекендерден, айттың нұрымен боялған саф, ғажайып сиқырлы әуен қосылады. Егер айттың жазған осы бір әуені мен айт әлеміндегі адамдардың жүрек-сарайынан төгілген жырларын қағазға төгу мүмкін болса, ең ғажап әуен мен аса мағыналы өлең де мұның жанында күзде төгілген сап-сары жапырақтай болып қалар еді деп ойлаймын.
Кейде айттың келуімен, көкірек көзі ояу жандарды Ұлы Жаратушы жақтан ескен «илаһи самал» баурап алады. Сол сәтте олар жай адамдардың тамаша еткен әлемінің арғы жағын көргендей ғажайып күйге еніп, бейне бір екі әлемнің ортасында тұрғандай сезінеді. Тақуалықтан жүректері діріл қағып, өздерін «үміт пен үрей» аясынан табады. Кейде адам айтта барлық нәрсені болмысынан басқаша сезініп, өзгеше бағалайды. Тіпті ол өзін баураған кейбір сезім иірімдері арқылы көктер мен жерді бір-бірімен бірігіп кеткендей көріп, жерден ұзап, көкке ұшып, періштелердің арасына кіріп, олардың әлемінде жүргендей сезініп, ашылып, кеңейіп «мекенсіз» күй кешеді. Сонда ол өзін бейне бір түпсіз тереңдікке бойлап, шексіздікке жеткендей сезінеді.
Айтта сезімдер өте жұмсап, адам жаны қатты жеңілдейді де, ақыл мен жүрек бір-бірімен қосылып кетеді. Адам кейде осы бір деңгейдегі өзгерістерге қарап, қатты таңданады. Бәлкім, сол сәтте ол адамдық құндылықтарды еске түсіргені үшін айттың қайта-қайта келуін қалайтын да шығар...
Иә, айтты барлық иманды жандар іштей сезінеді. Біздің өлкемізге аса нәзік, аса сүйкімді, аса тәтті болып келеді. Мыңдаған жылдан бері қадірлі қонақтай келіп, құт-берекесін шашып, мейірім-шапағатымен құшақтаған айтты қашан да үйімізде, мешіт, мінәжатхана мен көшелерде көріп келген сәтте-ақ құшағымызды ашып тұра жүгіреміз. Иә, айт әр келгенінде сана-сезімімізге қатты әсер етіп, өзімізді құшағындатұрғандай сезінеміз. Сонда біз оны бейне бір аңқыған жұпар иіс, тіл мен тамағымыздағы ләззат, жүректе сезілген тәттілік, ой-өрісімізге жаңа атқан таңдай сезіне кетеміз. Ол да күннің әр сағатында бізге тілмен жеткізе алмайтын ғажайып әуенін шарықтатып ала жөнеліп, айналасын баурап алып, бәрімізді өзінің ақыреттік бағына қарай тартады. Ой-сана мен қиял-әлемімізді ғаламат суреттермен безендіреді. Бір күні алыстап кетсе де, ой-санамызда әсем түстердей сол бір суреттер сақталып қала береді...»