"Оразаны зәру себепсіз ұстамағандар ақыретте зор азапта болар": Ыбырай Алтынсарин
"Оразаны зәру себепсіз ұстамағандар ақыретте зор азапта болар": Ыбырай Алтынсарин
2 жыл бұрын 11513

Жоғарыда ағмал заһирдің екінші міндеті – руза деп едік (руза - ораза). Әр жыл рамазан айында отыз күн руза тұту парыз. Рамазан деген сөз «күйдірген» деген мағынада. Яғни рамазан айында руза ұстағандардың күнәсі күйдірілә-дүр. Рузаны зәрурисіз (зәру себепсіз) ұстамағандар ақыретте зор азапта болар.

Рузаның уақыты – таң қызара бастағаннан (таң қылаң бере бастағаннан) күн батқанша. Сол екі уақыттың арасында ешбір тамақ асамақ, ішпек дұрыс емес. Хатта мейір қанып дене рахаттанатын яғни үстіне су кұйдыру, суға малынған киімге орану рәуіштілер де макруһ. Оразаның шарты сол бас күнінің алдыңғы түнінде ниет етерге керек: «ей, Құдайым, ниет қылдым келешек күн Рамазан айының оразасын ұстамаққа таң атқаннан күн батқанша» деп. Түнде ниет етуге ұмытып кеткен кісі ораза ұстаған күні түске шейін ниет етсе де болады. Егер тіпті ниет етпесе руза дұрыс емес. Оның үшін ниет ету өзі парыз. Парызды орнына келтірмегендіктен, құлшылық дұрыс бола алмаса керек.

Рузаны ұстамасқа болады:

  • ауру болып дертіне оразадан залал болардай болса,

  • әйел жүкті болғанда һәм жас бала емізген уақытында балаларына зиян келердей болса,

  • яки жолаушыларға. Жолаушылық сапар деп түйе жүрісімен үш күндік жер, не орта есеппен 125 шақырымдай (90 км) жерге жолаушылық етуді айтады.

Осындай себептермен ораза ұсталмаған болса, соңғы уақыттарда күніне-күн (яғни, ұстамаған күндерін) руза ұстаумен парыз мойнынан түседі.

Бірақ соңғы уақытқа да ораза ұстауға халі келмейтін қарттарға мұның орнына оразаның һәр күніне бір тамақсыз пақырға тамақ жегізіп тұрса да қарыз өтелсе керек.

Ұмытып ас жегеннен, ішкеннен руза бұзылмайды. Бірақ ұмытпайынша көріне хатадан, мәселен, дәрет алып отырып тамаққа су кетсе ораза бұзылады. Күніне-күн (бір күн) қайта ораза ұстау керек.

Тамақты шайнау, дәмін тату – макруһ. Жалғыз-ақ жас баласы бар қатын зарури (мәжбүр) болғанда баласына тамақ шайнап берумен макруһ болмас...

Және ас пісіруші адамдар тамақтың тұзын байқауға мұқтаж болса, осы себептен пісірген асын татып (жұтпай) байқаумен де макруһ болмас деген.

Егер бір адам рузаға ниет етіп, ұстап тұрып, біле, көре ұстаған күні ашып жіберсе, бір күніне де алпыс күн ораза ұстауға керек. Мұны «каффарат» деп атайды. Бірақ егер бір рамазан я рамазан ішінде болса да (яғни, бір Рамазан оразасы ішінде), бір күн ғана емес, әлденеше рет осылайша рузаны ұстап тұрып, ұстаған күнінде себепсіз ашып жібере берген адамдарға да әр күніне алпыс күн емес, сол ашылған күндердің бәріне бір рет алпыс күн каффарат бұйырылады.

Оразаның ішінде қай уақытта да болса, һәм айт намазының алдында, әрбір ораза ұстаған, ұстамаған адамдарға, хатта сәбиге де, бірақ хисабқа (нисабқа) толатын малы болса, пітір есімді садақа бермек уәжиб. Пітірдің бұйрықты шамасы адам басына бес қадақ бидайдың өзі, не болмаса ұны, яки он қадақ арпа немесе қара ұн, я болмаса солардың бағасы берілсе де болар. Садақа пақыр мискинге беріледі.

Уақытында бір түрлі Ораза айтының ниеті бұл (әғузү билляһи минәш-шәйтанир-рәжим бисмилләһир-рахманир-рахим) айтып Аллаға ниет қылдым ғид (айт) себеппен пітір бермегендер соңынан да болса қазасын өтемек керек. (Рамазанда пітір садақасын бермегендер, Рамазаннан кейін де болса беруі керек).

Ыбырай Алтынсарин, "Мұсылманшылықтың тұтқасы" кітабынан.

0 пікір