Рамазан айы – береке мен жақсылыққа толы ай. Рамазанның өзге айлардан ерекшелігі – Алла Тағала бұл айда Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) Құранды түсіріп бастаған, оразаны парыз қылған. Бұл айда жәннат қақпалары ашылып, тозақ қақпалары жабылады. Бұл айда – Құран молынан оқылып, дұғалар көп жасалады. Бұл айды оразамен, ғибадат-құлшылықпен өткеріп, Алланың мейірім-берекетінен молынан ұстап қалу керек. Себебі, бұл ай нөсерлеп жауған көктемгі жаңбыр іспетті, кім бақшасын соған дайындаса берекетін көреді, ал кім немқұрайлы болса, мақұрым қалады.
Ендеше, Рамазанды қалай тиімді пайдаланамыз?
Ораза – кей адамдардың ойлағанындай, тамақ пен сусыннан тыйылу ғана емес. Алла Тағала бұл айды мұсылман адамның күнәлары мен қателіктеріне кешірім жасауына басшылық етті, ендеше әр мұсылман адам бұл айды ең кемел түрде қарсы алып, кемел түрде өткізуі керек. Мұсылман жұртшылығына Рамазанды барынша пайдалы өткеруі үшін мынадай кеңестер береміз:
1. Шынайы тәубе. Оразаның негізгі мақсаты – шынайы тәубе жасау. Тәубе – Аллаға жақындататын алғашқы қадам. Тәубенің шарттары: күнәлардан алыс болу; жасаған күнәлары үшін кешірім тілеп, жасағаны үшін өкініш таныту; ол іске қайта оралмау; шынайы иманмен салиқалы іс жасауға бел буу; егер жасаған күнәсі себепті әлдекімге зиян келтірген болса, ақысын қайтару.
2. Парыз амалдарды орындау: бес уақыт намазды толық оқу; қазаларын толықтыру; зекеттің уақыты келсе өтеу.
3. Бекітілген сүннеттерді толық оқу;
4. Бекітілмеген сүннеттерді оқу: тәһажжуд, дұха, асыр мен құптан намазының алдындағы төрт рәкағат сүннеттер т.б.
5. Тарауих намазын оқу, мүмкін болса жамағатпен, мүмкін болса мешітте имаммен оқу;
5. Тілді жаман сөздерден сақтау: ғайбат, өсек-өтірік, сөгіс айтпау, жамандамау;
7. Құлақты харамнан тыю: өсек айтылатын орындардан алыс болу, жаман сөзді адаммен бірге отырмау, мән-мағынасыз өлең тыңдамау, қасыңызда біреу жаман сөз айтуды бастаса, оған «тоқтат, доғар» деп оразаның ізетін көрсету;
8. Көзді тыю: жаман нәрсеге қарамау, тәбет шақыратын тағамдарға қарамау, ашық-жалаңаш киінген адамдардан көзді тыю, мән-мағынасыз бағдарламалар мен жөн-жосықсыз сериалдар көрмеу;
9. Бес уақыт намазды мешітте, жамағатпен оқуға тырысу;
10. Рамазан бойы күнделікті Құран оқу: шамасы келсе күніне бір парадан, шамасы келмесе оқи алғанынша, бірақ тұрақты түрде оқып тұру;
11. Күніне бір немесе бірнеше хадис оқып, жаттап тұруы;
12. Рамазан Құран айы екенін ескеріп, күніне бірер аяттардан жаттап тұру;
13. Туысқандармен қарым-қатынас жасау, қонаққа шақыру, қонаққа бару, сыйлық сыйлау;
14. Көршілер мен аралас-құралас тұратын жолдастармен қатым-қатынас жасау. Рамазан шаттығымен бөлісу;
15. Барынша көп зікір жасау: жүргенде, отырғанда «Субханаллаһ, Алхамду лилләһ, Аллаһу Акбар, Лә иләһә иллаллаһ» деп жүру;
16. Мешіттерде болып жатқан сабақтарға қатысу; фиқһ, хадис, тәпсір т.б.
17. Барынша дәретпен жүруге тырысу;
18. Отыз күн бойы аздап болса да күнделікті мұқтаж жандарға садақа беру, мысалға бір адам оразада 3000 тенге садақа бергісі келсе, оны отызға бөліп күнделікті 100 тенгеден беру.
19. Араздасып жарыспай қалған адамдардың араларын түзеуге тырысу;
20. Өзгелерге көмектесу әрі жомарттықты қалыптастыру.
21. Ауызашар жасау және ауызашар дастархандарына қатысу;
22. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірімен танысу, Сира кітап оқу;
23. Сәресі мен ауызашар уақытында Пайғамбар (с.а.у.) дұғалары мен көркем дұғаларды оқу, алайда ұзақ созып жібермеу.
24. Рамазанның көркемдігін өзгелерге жеткізуге тырысу, ораза ұстамағандарға насихат жасау;
25. Ауыз ашуға асығу;
26. Ауыз бекітерде бірнәрсе жеу, себебі онда береке бар;
27. Рамазанның соңғы күндерінде мешітте иғтикаф жасау;
28. Шамасы келсе кіші қажылыққа бару;
29. Әке-шеше мен жақын туысқандарға жақсылық жасауды ұмытпау;
30. Қиындық шегіп жатқан мұсылмандарға дұға жасау;
Міне, бұл айтылғандар – Рамазан айында жасалуы мүмкін қайырлы да салиқалы істер. Бәлкім, кей адамдар бұларды жайшылық уақытта да жасап жүрген шығар, алайда осы берекелі айдың құрметіне, Аллаға тағы бір табан жақындау мақсатында осы амалдарды іске асырсақ, өзіміз үшін де, дініміз үшін де көп нәрсе істеген боламыз.
Рамазан айы берекелі болсын. Алланың рақымы жаусын!