Оразадағы жақсы мен жаман жағымыз...
Оразадағы жақсы мен жаман жағымыз...
9 жыл бұрын 4208
Бердібек Мәсенов

Ардақты расулымыз бен сахабалары Рамазан айына жетсек екен деп армандап, дұғаға қосып, сарыла күтетін. Біз болсақ сол Рамазан айының келіп қалғанынан біртүрлі қорқатын сияқтымыз. Сірә, енді күндіз ештеңе ішіп-жемеу керек деген ойдан ба, жоқ күннің ыстығын ауырсынамыз ба?! Ал анығында үлкен сауаптарға оңайлықпен қол жеткізе алмайтынымызды ескергеніміз жөн. Не дегенмен қасиетті айдың келгені әрине қуаныш. Өйткені қалған он бір айдың ешқайсысы оның орнын толтыра алмайды. Бір жақсысы, қазекем осы айда ауыз бекіту керектігін біледі. Бұл айға дәл Жаңа жылға дайындалғандай дайындалмаса да, іштей қасиетін мойындайды. Бір қызығы, халқымыздың біраз бөлігі ауыз бекітуге іштей ешқандай қарсылықсыз өздерін дайындайды. Енді біреулері іштей екұшты ойға беріледі. Иманы мен нәпсісінің тайталасына құлақ түреді. Нәпсі оразаны ауырсынса, иманы керектігін жақтайды. Әрине, бұл жерде жұрт ұстайды екен деп ұстау орынсыз. Дұрысы, Алланың бұйрығы деп ұстау. Бұл топтағылар әрине жақсылық жағына көбірек құлақ түрсе жақсы. Өйткені расулымыз мүмкіндігі барларға ауыз бекіту дұрыстығын білдірген. Ал енді үшінші топтағылар ораза ұстауға аса құлық танытпайды. Ораза ұстамады екен деп оларға қырын қарау әрине дұрыс емес. Одан да ол кісілерді ауызашарға қоса шақыру керек. Мүмкін ораза туралы ақпараттар аса жетпей  жатқан болар. Мүмкін жақсы орталарға көбірек келгені әсер берер. Мүмкін алдағы жылдары ауыз бекітер. Тіпті ауыз ашар беріп, ұстағандардың сауабындай сауап алуға қызығар. Бір жаманы, жұрттың бәрі Жаратушы иенің «Сауабын өзім өлшеп, беремін» деген сауапқа жапа тармағай ұмтылып жатқан уақытта кейбіреулердің арақтан ауыз босатпай, осы айға құрмет жасамауы. Бір жақсысы, сондай кісілердің өзі туыстарына ауыз ашар беріп жатады кейді.

Рамазан айында бір жақсысы ауыз бекітеміз. Алайда бір жаманы, ауыз бекітіп жүріп өзге іс әрекеттерімізді де қадағалауды ескермейміз. Айталық, балағат сөз айтпау, өсектен аулақ болу, ешкіммен жанжалдаспау т.б. Сондықтан оразаның сауабын толық алу үшін жасап жүрген барлық қылықтарымызға мән беріп, өз өзімізді қадағалауды күшейтуіміз керек.

Бір жақсысы, жұрт күндіз шамасы келгенше ораза ұстайды. Алайда бір жаманы сол күнді тек ауыз бекітіп қана емес, басқа да зікірмен, тәсбихпен, салауаттармен, нәпіл құлшылықтармен толтыруға аса мән бермейтіндігіміз.

Бір жақсысы, халқымыздың Құранға деген құрметі зор. Дегенмен осы айда Құранды хатым етсем деген талпыныста болудың берері мол. Өйткені бұл ай Құран түскен ай. Сүрелердің тәпсірлерін оқудың да беретін мағлұматы аз емес. Елімізде қазіргі уақытта қысқа сүрелердің тәпсірлері де жарық көруде.

Бір жақсысы, бұл айда жұрттың шамасы келгендері мешітке барып, Тарауих намазына қатысады. Бір жаманы, бара алмағандар тым болмаса бір сүре жаттап алуға әрекеттене бермейді. Бала шағаларымызды қызықтырып осы айда аздап болса да дұға, сүре жаттаудың әсері мол. Руханият айында рухани дүниелерге мейлінше жақын бола түскен жөн.

Бір жақсысы, көп отбасылар ауызашар ұйымдастырады. Бір жаманы, кейбір ауызашарлар әдемі уағыз-насихатсыз, күнделікті әңгімелермен өтеді. Сондықтан ауызашарда имамдарымыздан шақырылып, дұрыс әңгіме айтылуы қоса қадағаланса, нұр үстіне нұр болар еді.

0 пікір