Оразада емтихан тапсырып жүрген студенттерге кеңес
Оразада емтихан тапсырып жүрген студенттерге кеңес
7 жыл бұрын 5977 muftyat.kz

Рамазан айының оразасы басталмас бұрын біршама асығып, рухтанып жүрсек те, аздап жүрексініп тұрамыз. Әсіресе, ораза уақыты күн ұзарған мезгілге тап келер болса, бұл сезім арта түседі.

Алайда ораза – «еңбекке жарамсыздық парағы» емес. Керісінше, бұл рухани әрі физикалық тұрғыда жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын кез. Әрбір Рамазанда Алла Тағала біздерге Өзінің жәрдемін қоса жібереді әрі әдеттегіден ерекше рақымына бөлейді. Сол себепті де күнде әдеттегідей ішіп-жеп, жұмысқа барып, сабақ оқып жүргенмен, осы амалдардың барлығын ораза ұстаушы адам ретінде жасаймыз, ал ораза тұтушы жан үшін періштелер дұға етеді әрі аузы берік адамның дұғасы қабыл болады. Егер осы уақытта бір кедергіге тап бола қалсақ, Алла Тағала біздің ауыртпашылығымызды жеңілдетпейді ме? Әлбетте, Өзінің алдындағы парызымызды қиындықсыз атқаруымыз үшін жеңілдік берері сөзсіз.

Бұл мақаламызды Рамазан айында әртүрлі пәндерден емтихан мен сынақ тапсыратын оқушылар мен студенттерге арнаймыз. Бақылау жұмысына мұқият дайындалумен қатар, аузы берік оқушы\студент үшін маңыздысы:  

Дайындық уақытын жоспарлау

Қиынырақ тақырыптарды мидың сергек кезіне қалдырған жөн. Мәселен, ауыз ашқаннан кейін және сәресінен соң 40-60 минут өткеннен соң оқуға ең қолайлы уақыт. Ал қалған уақытта тест, сызу, кесте толтыру секілді жеңіл-желпі тапсырмаларды қараған жақсы.

Егер сіз көпшілікпен бірге сабақ оқып, дайындалғанды ұнататын болсаңыз, онда өзіңіз секілді аузы берік сыныптас, жолдастарыңызды шақыруға болады.

Ұйқы

Күндізгі уақытта аздап көз іліп алған жөн. Ол сіздің көптеген ағзаңыздың, сонымен қатар, ойлау қабілетіңіздің де сергіп, күш жинап алуына әсер етеді.

Таза ауада серуендеу, душ қабылдау да өте пайдалы. Мұның физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да берер пайдасы мол. Есте болуы керек жайт, мидың ең жақсы демалысы – қалыпты жағдайдан орын ауыстыру болып табылады.

Дұрыс тамақтану 

Мидың қызметі жақсы болуы үшін сәресінде тойымды тамақтар: ботқа, сыр, асылған жұмыртқа, балық, жаңғақтар және банан секілді пайдалы тағамдар жеген дұрыс. Ауызашарда құнарлығы аздау тамақ жеген жақсы. Шамадан тыс тойып жеуге болмайды. Майлы, тұзды және ащы тағамдардан бас тартыңыз. Сусындардан ең дұрысы табиғи сусындарды таңдаңыз. Үйде дайындалған сусын, айран, көк шәй және міндетті түрде газсыз су болсын. Кондитерлік тағамдарды мүмкіндігінше бал, құрғақ жеміс, жидектермен алмастырған жөн.

Құлшылық

Рамазан айындағы дайындықта күнделікті бес уақыт намаз бен оразадан тыс нәпіл намаз оқу, Құран оқу, Алланы еске алу, дұға жасау қажет. Төменде Құранда келген бірнеше дұғаны келтіруді жөн көрдік:

Қалаған нәтижеге қол жеткізу үшін Адам пайғамбар мен Хауа ананың дұғасын оқыған абзал. («Ағраф» сүрессі, 23- аят);
Маңызды істі бастайтын кезде үңгірдегі адамдардың дұғасын оқыған жөн. («Кәһф» сүресі, 10-аят);
Қиындыққа тап болған кезде Жүніс пайғамбардың дұғасын оқыған жақсы. («Әнбия» сүресі, 87-аят);

Ал мына дұғаны емтихан алдында оқуға кеңес береді: «Аллаһумма лә сәһлә иллә мәә жәъалтаһу сәһлән, уә әнта тәжъалул-хазәна изә ши'та сәһлән». Мағынасы: «Раббым, Өзің жеңіл еткен істен жеңіл ешнәрсе жоқ, егер қаласаң, ауыр істі де жеңілдетесің».

Емтихан уақыты оқушылар мен студенттерден тек интеллектуалды белсенділікті ғана емес, рухани мәселеде де белсенді болуды талап етеді. Атап айтқанда, тәуекел ету, яғни Алла Тағалаға тапсыру. Адам баласы өз тарапынан мүмкін болған барлық амалды жасағаннан кейін (емтиханға жақсы дайындық жасау), нәтижесін Аллаға тапсырып, Одан сәттілікке қауышуын сұрап дұға етеді.

Егер шынайы ықылас, адал жолмен дайындық жасар болса, онда Алла Тағала Өзіне жайылған қолды бос қайтармайды. Оның үстіне сұраушы адамның аузы берік болса, нұр үстіне нұр.  

0 пікір