Ораза ұстағандар істеуі тиіс 11 ұнамды амал
Ораза ұстағандар істеуі тиіс 11 ұнамды амал
7 жыл бұрын 17188 fatua.kz

Ораза ұстағандарға мына істерді жасау – мұстахап. Ораза ұстағандарға мына істерді жасау – мұстахап.  

1. Сәресіге тұру.  Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл тұрғыда: «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені, сәренің тамағында берекет бар»[1]; Басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені, Алла сәресіде тамақтанғандарға рақымдылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді»[2], – дейді.  

2. Шапақ атқанға дейін сәресіні кешіктіру де – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Үмбетім ауыз ашарда асығып, сәресіні кешіктірген уақытта әрқашан жақсылықта болады»[3], – деген.  

3. Ауызды ақшам намазынан бұрын ашу. Намазда адамның көңілі ауыз ашуға ауып тұратындықтан, ауыз ашуға асығу – мұстахап. Бұған жоғарыда айтылған хадис айғақ болады.  

4. Ауызды құрма немесе сумен ашу – сүннет. «Әнас ибн Малик (р.а.): «Алла елшісі (с.а.у.) намаз оқудан алдын аузын жаңа үзiлген құрмамен ашатын. Жаңа үзiлген құрма болмаса, кептiрiлген құрмамен ашатын. Ол да болмаса, бiрнеше ұрттам су iшетiн [4], - дейді».  

5. Ауыз ашарда мына дұғаны оқу – сүннет: أللَّهُمَّ لَكَ صُمْتُ وَ بِكَ آمَنْتُ وَ عَلَيْكَ تَوَكَّلْتُ وَ على رِزْقِكَ اَفْطَرْتُ وَ صَوْمَ الْغَدِ مِنْ رَمَضانَ نَوَيْتُ فاغْفِرْ لِي ما قَدَّمْتُ وَ ما اخَرَّتْ Оқылуы: «Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә ‘аләйкә тәуәккәлту уә ‘ала ризқикә әфтарту уә саумәл-ғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мәә аххарту». «Аллаһым! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешір».

 6. Аузы берік жандармен бірге ауыз ашу және жоқ жітіктер мен кедейлерге қол ұшын беру – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.)  былай дейді: «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді»[5].

7. Таң уақыты кірмей жүніптік, хайыз және нифастан тазалану: Мұндағы мақсат – оразаны таза бастау. Бірақ аузы берік тұрып, жуынуға да болатынын ескерте кетейік. Мұндай кезде судың тамаққа кетіп қалмауын қадағалау керек. Әйелдің хайыз яки нифас мерзімі түнде аяқталып, оразаға ниет етсе, және де жүніп кісі жуынбай ораза ұстаса, оразасы жарамды.  

8. Аузы берік адамның жақсы сөздер сөйлеуі, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап байсалдылық танытуы – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Жалған сөйлеу мен жалған сөздермен әрекет етуді қоймаған адамның ішіп-жеуді ғана доғаруы Аллаға қажет емес»[6]. Басқа бір хадисінде: «Небір ораза ұстағандар бар. Олардың оразасында шөлдеу мен аштықтан басқа ешқандай пайдасы бол майды. Небір түнде тұрып, нәпіл ғибадат еткендер бар. Бірақ бұл әрекетінен ұйқысыздықтан басқа ешқандай пайда таппайды»[7].  

9. Сонымен қатар, Рамазанда «Мен оразамын» деу – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.)  былай дейді: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін»[8].  

10. Аузы берік адам бос уақыттарын нәпіл ғибадаттармен, ғылыммен, Құран оқумен, зікір, салауат айтумен өткізу керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазанда Жебірейіл екеуі бір-біріне кезекпе-кезек Құран оқып, тыңдасатын»[9].  

11. Рамазан айының ең соңғы он күнінде иғтиқафқа кіру – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.)  Рамазанның ең соңғы он күнінде көп ғидабат жасайтын[10].

[1] 331 Бухари, Саум, 20.  
[2] Ахмед б. Ханбәл, ІІІ, 44.
[3] Бухари, Саум. 45.
[4] Имам Тирмизи, Имам Ахмад және Имам Әбу Дауд.
[5] Тирмизи, Саум, 82; Ибн Мажә, Сиям, 48.
[6] Ахмед ибн Ханбәл, VІ, 34.
[7] Ибн Мажә, Сиям, 21.
[8] Бухари, Саум, 2.
[9] Бухари, Бәдул-Уахи, 5.
[10] Муслим, И’тиқад, 8. 
0 пікір