Әрбір нығмет шүкір талап етеді. Құран Кәрімде шүкір жайында көптеген аяттарда айтылған:
«Әлі шүкір етпейсіңдер ме?» (Ясин, 35).
«Құлдарымның ішінде шүкір етушілер өте аз» (Сәба, 13).
«Алайда сендер шүкір етесіңдер ме?» (Әнбия, 80).
«Расында, Алла - адамдарға кеңшілік иесі. Бірақ олардың көбі шүкіршілік қылмайды» (Юнус, 60).
«Неліктен өте аз шүкір етесіңдер?» (Араф, 10).
«Олардың көбісін шүкір етпейтін күйде табасың» (Араф, 17).
«Алайда адамдардың көбі шүкір етпейді» (Бақара, 243).
Әсіресе, «Рахман» сүресінде: «Раббыларыңның қай рызық-несібесін өтірікке балап жоққа шығарасыңдар?!» деген аят дәл 31 рет қайталанып, шүкір етпеушілік пен көрсоқырлықты көзімізге шұқып көрсеткен. Алла Тағалаға шүкіршілік ету барша нығмет-несібелердің шынайы иесі сол деп біліп, барша нығметтердің қадірін ұғынып, сол нығметтерге деген өзінің зәру екенін сезіну арқылы болады. Рамазан айындағы ораза шынайы, ақ пейілден шыққан шүкірді білдіреді. Өйткені басқа уақыттарда аштықтың не екенін сезінбеген адам өзіне келіп кетіп жатқан рызық-несібелердің де қадір-қасиетін ұғына бермейді. Бір үзім қатқан нанның қадірін әсіресе ауыздарынан ақ майы ажырамайтын бай, тоқ адамдар жай кезде біле бермейді. Алайда сол бір үзім қара нанның қасиетін ауыз ашар уақытта ауыз бекіткен мұсылман жан-тәнімен сезінеді. Патшадан бастап кедей-кепшікке дейін Рамазан айында нығмет-несібе атаулының қадірін біліп, іштей шүкіршілік етеді. «Ол рызықтың егесі мен емес екенмін. Әр нәрсені қалауымша жей беруге құқылы емес екенмін. Ендеше бұлардың бәрі басқаға тән, басқа біреудің сый ғып тартқан мейманасы екен. Демек, соның әмірін күтейін», - деп нығметтің қадірін біліп, рухани түрде шүкір етеді. Осы тұрғыдан ораза адам табиғатына сай шүкіршілігінің кілті болып табылады.