Расын айтар болсақ, нәпсі Алланы танығысы да мойындағысы да келмейді. Тіпті «Мен сендердің ұлы раббыларыңмын» деген Перғауын секілді өзіне құдайылық қасиет таңғысы да келеді. Нәпсіні қанша төпелесең де бұндай ұстанымнан бас тартпайды. Оны ұрмай-соқпай көндірудің бір ғана жолы – ашықтыру. Міне, Рамазан айы ораза арқылы нәпсінің осы бір қырсықтығы мен қыңырлығын тыйып жөнге салады. Оның мұрнын шүйіретіндей емес шындығына келгенде қаншалықты әлсіз, әлжуаз, дәрменсіз екендігін көзіне шұқып көрсетеді. Көкірек керетін төрдегі би емес ләббайлап есікте тізе бүгетін құл екенін дәлелдейді. Нәпсінің қалаған уақытта көңілге ұнамды әр қалағанын еркін ішіп-жеуі оның тым еркіне жіберілгенін, еркелігінің шектен шыққанын көрсетпек. Ал еркелігі есірікке ұласқан нәпсі өзін Жаратқан раббысын тыңдаудан қалып, оның тыйымдарына бас имейді.
Хадистерге үңілсек, Алла Тағала бірде нәпсіге былай деп төтесінен сұрақ қойыпты:
- Мен кіммін, сен кімсің?
Нәпсі болса ісініп-кебініп:
- Мен менмін, сен сенсің, - депті.
Алла Тағала оны іле азаптап Тозаққа тастатып артынша әлгі сұрағын қайта қойыпты. Оған мойи қоймаған нәпсі тағы да:
- Мен менмін, сен сенсің, - деп шірене тіл қатыпты. Тағы азаптағанда тағы да менмендігінен қайта қоймапты. Ең соңынан нәпсіні әбден ашықтырып барып сұрағанда ғана салы суға кетіп тәубаға келген нәпсі:
- Сен менің рақымы мол ұлы Раббымсың, мен болсам саған мұқтаж құлмын, - деп дұрыс жауап берген екен.
"Құлшылық құпиясы"