Ораза және денсаулық
Ораза және денсаулық
11 жыл бұрын 6797

Адам өмірінің ұзын яки қысқа болуы оның тағдыр талайына байланысты. Аллаһ тағаланың маңдай жазуын ешкім өзгерте алмайды. Алайда тағдырдың себеп пен себепкерге де қатыстылығы болады. Яғни тағдыр үкімі бір жағы себепке, бір жағы нәтижеге байланысты белгіленеді. (Алайда бұл белгілену де Аллаһтың қалауы негізінде жүзеге асады. Аллаһтың қалауы себептерге тәуелді емес). Аллаһ тағала өзінің «Хаким» есіміне лайық мына бес күндік жалғанда көптеген бұлжымайтын табиғи заңдылықтар мен себептер жаратқан. Бұл дүниеге ғана тән ол заңдылықтар мен себеп атаулы ана дүниеде, ақыретте жойылады. Осыны тілге тиек ете отырып Құран «Фатыр» сүресінің 43-аятында: «Сен Аллаһ жүйесінде өзгеріс я болмаса ауытқушылық кездестіре алмайсың» десе, іле «Ахзаб» сүресінің 62-аятында: «Аллаһтың бұрынғы өткендерге жүйесі осы. Аллаһтың жүйесінен әсте ауыс-күйіс кездестіре алмайсың», - деп шегелеп атап өтеді. Барша пайғамбарларға тән мұғжизалар бір жағы олардың пайғамбарлықтарының дәлелі, бір жағы себептерді жаратушы Аллаһ тағала екенін көрсету мақсатында іске асқан.

Біз темекінің зияны мен көп тамақтанудың денеге тигізер зардабын, оның ертерек өмірмен қош айтысуға итермелейтінін қолға ала отырып, сыртқы себептерді де ескереміз, Аллаһ тағала бекіткен табиғи заңдылықтар тұрғысынан көз жібереміз. Тіпті әлем жетекшісі, Аллаһтың сүйікті құлы хазірет Мұхаммед (с.а.с.) те өз кезегінде осы бір сыртқы себептерді көзден таса қылмағаны оның соғыстан бұрын сақтану шараларын жасауынан, керек кезде қаланы айналдыра ор қаздырғанынан, қажет кезде жаудан қорғанып үстіне екі қабат сауыт кигенінен белгілі. Алайда себеп атаулыны сеніммен шатастыруға болмайды. Әйтпесе себептер ішінен сенімді іздегендер - Мутазила, ал сенім арқылы себептерге көз салғандар - Жәбрияға жатады. Біз, әхлі сүннетшілер, не нәрсеге болсын өз өлшеміне сай баға беруге тиіспіз.

Ал енді осы мәселені тағы да Аллаһ тағаланың «Хаким» есіміне сай сыртқы себептер шеңберінде қарастырып көрейік:

Тағам заттарының, сондай-ақ тамақпен бірге дене қабылдаған әр түрлі нәрселердің күш-қуат, энергия, қимыл-қозғалысқа айналуы, жаңа клетка өндіруі оңай шаруа емес. Ас ауызға кіре салысымен жоғарғы ас қорыту бездеріне ескерту келіп түседі. Орталық жүйке жүйесінің араласуымен ауыздағы асты қорытуға қатысы бар барлық сезімтал әрі мотор жүйке координаттары арқылы бұлшық еттер мен секреция шаралары қимылға көшеді. Ауыздағы іс бітісімен арнайы жүйке рефлекстері арқылы ас ауыздан асқазанға жіберіледі. Асқазаннан бөлінетін сұйықтық пен еріктен тыс (рефлекс) бұлшық қимылдарымен астың екінші қорыту бөлімі аяқталады.

Ас ішектер үшінші бөлімді тәмамдағаннан кейін сіңіру кезеңі басталады. Артынша бауыр атқаратын 450-ден аса міндет кезекке тұрады. Бұл тұста әдеттегіге қарағанда жүрекке көбірек күш түседі. Дененің барлық үлкен-кіші мүшелері тіпті барлық жасушалары осы бір өте қиын, тез шаршататын іске бас қояды. Бұндай ауыр тірлікті еңсеру кезінде тамақтанудан біршама уақыт өткен соң барып жүректен бастап дененің барлық мүшелерінде шаршау байқалады. Қан мөлшері мидың орталық жүйке жүйесінің жасушаларына жеткілікті деңгейде жете қоймайды. Бұл жағдай көп тамақ жеудің денеге артық салмақ салып, оны тез шаршататындығын көрсетуде. Түрлі ас пен көп тамаққа әуес кісілердің өмір жасы қысқа болуындағы себеп міне осы. Әр мүшенің шектеулі, белгілі бір мерзімге дейін өмір сүру қабілеті бар. Өз мөлшерінен тым көп нәрсеге қинау оның өзіндік жұмысын тоқтатып, тез қартаюына жол ашады. Сол себепті аз тамақтанған кісілер көп өмір сүреді. Жастығы мен тың кезі өмір бойы сақталғандай сезінуі мүмкін. Осы тұрғыдан қарағанда ораза денсаулығымыз үшін өте пайдалы. Оған қоса оразаның ауруларға қарсы дененің иммунитетін күшейтетін қасиеті де бар.

Анығында жеген тағамдарымыздағы белок пен қышқылға кейбір көкөністер қосылып тұз түзейді. Жасушаларымыз бен тканьдарымызда үнемі тұз түрлері өзгеріп тұрады. Тағамданған кезде химикалық негіз жетіспесе қышқылдың тұзға айнала алмауы салдарынан улану пайда болады. Бұл жағдай денедегі қосымша қызметпен қамтамасыз етілгенімен, оның үздіксіз қайталануы денсаулықтың бұзылуына себеп болады. Аурулардың елу пайызы асқазан бұзылуы салдарынан пайда болады. Қышқыл мен тұз тепе-теңдігі денсаулық үшін қажетті болғанмен біз оны қадағалап жатпастан бәрібір өз мүмкіндігімізге қарай қалауымызша тамақтанамыз. Бей-берекет тамақтанудан туындайтын денедегі бұндай ауыртпалықты

жылына бір ай күндізгі уақыттарда тоқтатуға болады. Бұндай ораза адамның ішкі мүшелеріне жиналатын майларды ерітіп, метоболизмды жандандырады. Бүйрек, бауыр, қуық, сусамыр (қант диабеті), жүрек пен тамыр ауруларына қарсы төзімділікті арттырады. Ол үшін сәресі мен ауыз ашар уақыттарда тым көп ас жемеу керек. Оразаның пайдасы туралы Алекс Каррел былай дейді:

«Тамақ ішпеу әуелі аштықты ұғындырады, кейде жүйкені бұзады, соңында әлсіздік сезімін оятады. Алайда ең маңыздысы бауырдағы шекерлерді, тері астындағы май қыртыстарын, бұлшық ет, без, көк бауыр жасушаларындағы протеиндердің қимылын арттырады. Барлық мүшелер өз құрамы мен жүрек біртұтастығын қорғау үшін жанын салады. Міне, осылайша ораза тканьдарымызды тазалап, өзгертіп отырады».

«Адам ұрпағының жалғасуында үлкен рөл ойнайтын аштыққа төзім қызметін» ораза ретке келтіріп, аштық пен шөлге деген адамның шыдамын арттырады. Кейбір мүбарак күндерде, дүйсенбі мен бейсенбі күндері ұсталған мәжбүрліктен тыс нәпіл ораза гормонды қимылдарды реттейді. Бойдағы күш-қуаты мен энергиясын не жұмыс, не спортқа жұмсамайтын кісілерді, әсіресе, жастарды әр түрлі жамандықтар мен арсыздықтардан тыяды. Бұндай Аллаһ разылығы үшін ұсталған ораза рухқа деген дененің қысымын азайтады. Рух бостандығына мүмкіндік сыйлайды. Бүгінгі таңда медицина саласы оразаны кей аурулардан қорғаушы әрі ем ретінде пайдалануда. Көптеген науқастар ораза арқылы емделуде. Медицина саласында ораза мен диетаның қаншалықты маңызды екені бәрімізге белгілі. Өйткені әлемдегі дәрігерлердің қай-қайсысы болмасын науқастарға не жеп, не жемеу керектігін тіпті тізіп тұрып қағазға жазып қолына ұстатады. Былайша айтқанда, қазіргі таңдағы дамыған медицина ауру мен тағам арасында байланыс бар екенін ашық ұғынуда. Мұсылмандарға да мына бір ұстаным жат емес:

«Асқазан-аурудың ұясы, емнің басы тағамның денсаулыққа сай дұрыс қабылдануы». Біздің «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың мықты болады» деген ұстанымымызға сай қазіргі медицина да «Ораза ұстаңдар, тың, сергек жүресіңдер» деуде. «Ораза өмірді ұзартады» дегенде біз осыларды мегзейміз.

Иә, адамның өмір жасының ұзақтығы да, қысқалығы да бәрі Аллаһ тағаланың еркінде. Денсаулығы мығым жас адамның өзі бір сағатқа жетпей көз жұмуы мүмкін. Қазіргі дамыған медицина бұған араша түсіп Аллаһтың қалауын өзгерте алмайды. Барша себептер Аллаһқа мәлім болғандықтан тағдыр талайы мен қазаға ұшырау секілді қиындықтар оның білуінен тыс жүзеге аспайды.

0 пікір