Ораза бұзылғанда әрі қаза, әрі кәффарат қажет болатын жағдайлар
Ораза бұзылғанда әрі қаза, әрі кәффарат қажет болатын жағдайлар
3 жыл бұрын 4868

«Кәффарат» дегеннің тілдік мағынасы: жою, өшіру дегенге саяды. Алла Тағала кәффарат арқылы пенденің кейібір күнәлары мен жіберген қателіктерін кешіріп, өшіретіндігі себепті бұндай өтеуге «кәффарат» деп ат берілген. Кәффараттардың түрлері көп. Соның ішінде «Рамазан оразасының кәффараты» бар. Бұны басқа бір атауы - «ораза кәффараты».

Ораза кәффараты – қасиетті Рамазан айында ниет етіп бастаған оразасын еш үзірсіз, әдейі, ораза екенін біле тұра бұзған кісіге өтелуі міндет болған амал. Ораза кәффараты – бір құл азат етуден, бұған мүмкіндігі болмаса, екі ай үзбей ораза ұстаудан, оған шамасы жетпесе, алпыс пақырды тамақтандырудан тұрады.

Ораза бұзылғанда кәффарат қажет болатын жағдайлардың бір сыпырасы төмендегідей:

1) Ерікті түрде, ораза екенін біле тұра алдан не арттан жыныстық қатынасқа түсу[1]. Бұл жағдайда әйел де, еркек те алпыс күн кәффарат оразасын өтеулері керек, мәнидің бөлініп, бөлінбеуі назарға алынбайды. Бірақ егер, күйеуі әйелін зорлап, еркінен тыс қатынасқа түссе, күйеуі ғана кәффарат өтеп, әйелі тек бір күн қазасын өтейді.

2)  Ішіп-жеу. Ораза екенін біле тұра әдетте ішіп-желінетін заттар мен дәрі-дәрмектерді, түрлі витаминдерді ішу кәффаратты қажет етеді. Ауырып дәрі ішсе, оған тек қаза керек.

3) Жауған жаңбыр тамшысын, қарды, бұршақты әдейі ерікті түрде жұту.

4) Күндіз ораза екенін біле тұра темекі шегу.

5) Арнайы жеуге арналған топырақты жеу. Бұндай топырақ түрлері - дәрі орнына жүретіндіктен, бұларды жеу де кәффарат қажет етеді делінген.

6) Аз мөлшерде тұз жеу. Көп мөлшерде тұз жесе, оған кәффарат қажет емес.

7) Әйелінің не сүйіктісінің түкірігін жұтса. Ал олардан өзге біреудің түкірігін жұтса, тек қаза керек.

8) Ғайбат айтқаннан кейін, оразам бұзылды екен деп аузын ашып жіберсе. Біреуді ғайбаттау күнә болғанымен оразаны бұзбайды, бірақ ғайбаттағаны үшін оразасы бұзылды деп ойлап, ішіп-жеген кісі кәффарат өтейді делінген. Алайда, оның ғайбаттан кейін оразасын бұзуы – біреудің пәтуасына сүйенсе немесе «ғайбат оразаны бұзады» деген мағынадағы хадисті тура түсініп, солай аузын ашқан болса, оған кәффарат керек емес, бір күн қазасын өтейді.

9) Жаңа сағызды шайнағанда тәттілігі ішке кетіп жұтылатындықтан, кәффарат өтеу керек. Ал тәттілігі жоғалып кеткен ескі сағызды шайнаса кәффарат та, қаза да керек емес, бірақ мәкруһ.

10) Әдетте желінетін жапырақ пен шөп-шалаңдарды жеу кәффаратты қажет етеді. Ал әдетте желінбейтін шөп-шалаңды немесе әдетте желінбейтін жапырақты жесе, тек қаза керек.

11) Ораза екенін ұмытып бір нәрсе жеген кісі онысын жұтпай жатып ораза екені есіне түскен болса да, аузындағыны жұтып жіберсе, бұл жағдайда кей ғалымдар кәффарат керек десе, кей ғалымдар кәффарат өтемейді деген.

12)  Әйелін құмарлықпен аймалап, сүйіп, кейін артынан бұндай әрекеттің оразаны бұзатындығын ойлап, әдейі ішіп-жесе, кәффарат өтейді. Алайда, ол біреудің «бұзылады» деген қате пәтуасына сүйеніп жеп ішкен болса, немесе сол мазмұндағы бір риуаятты тікелей түсініп ішіп-жесе, тек қаза өтейді. Сондай-ақ, әйелін аймалап, сүйгені себепті мәни бөлініп, одан кейін ішіп-жеген болса да тек қаза керек, кәффарат керек емес, өйткені ол бұл жағдайда оразасы бұзылғаннан кейін барып ішіп-жеп отыр.

13) Мұқим кезінде әдейі ішіп-жеген кісі кәффарат өтейді және сол күні алыс жолға шығатын болып қалса да кәффараты мойнынан түспейді. Алайда ол сол күні ауырып қалса, кәффараты мойнынан түседі. Сондай-ақ, бір әйел кісі әдейі үзірсіз ораза екенін біле түра ішіп-жесе оған кәффарат өтеу керек болады, бірақ егер сол күні хайызы келіп қалса, кәффарат өтеу міндеті мойнынан түседі.

14) Бір Рамазан оразасы ішінде бірнеше рет, үзірсіз әдейі ішіп-жеп немесе қатынасқа түсіп бұзған кісі бір мәрте алпыс күн кәффарат өтейді[2].

А. Қасым,  islam.kz


[1] (егер сәресіде не сәресіге дейін ниет етіп ораза ұстаған болса, ал таң намазынан кейін ниет етіп ауыз бекіткен болса, тек қаза керек).
[2] Пайдаланған әдебиеттер: Имам Шүрунбүләли: «Имдәд»; Имам Кәсәни: «Бәдәиъ»; «Фәтәуә Тәтәрхания».

0 пікір