Ораза айт - ұлық мерекелердің бірі
Ораза айт - ұлық мерекелердің бірі
10 жыл бұрын 19371
Мұхан Исахан

Мұқым мұсылман əлемі отыз күн оразадан кейінгі Шəууал айының алғашқы үш күнінде Ораза айт мерекесін тойлайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Ораза айт мерекесін алғаш рет хижраның екінші жылы (624 жылы) атап өткен. Бізге жеткен салих дереккөздерге қарағанда, Исламға дейін Мəдина халқы əрбір жылы екі күн ұлан-асыр той жасайтын болған. Меккеліктер: «Бұл қандай мереке?» — деп сұрағанда, мəдиналықтар: «Жаһилиет дəуірінен бері тойлап келе жатқан мерекеміз»,— деп жауап беретін. Бұны естіген Хақ Елшісі (с.а.у.): «Алла тағала сіздердің бұл мерекелеріңізді Фитр (ораза айты) мен Құрбан мерекесі етіп өзгертті»,— деп бұйырады. Осы хадистегі «Фитр мерекесін» Ислам ғұламалары отыз күнгі оразадан кейінгі Ораза айт мерекесі деп біледі. Осылайша, Алла Елшісі (с.а.у.)-ның бастамасымен ескінің сарқыншағы жаңа илаһи екі мерекемен алмастырылған болатын.

Жафар бин Мұхаммедтің жеткізуіне қарағанда, Алла Елшісі (с.а.у.) Ораза айт мерекесі күндері әдемі киімдерін киіп жүретін. Ораза айтының намазын оқымай тұрып, май мен құрма жейтін. Хасан ас-Сабит: «Екі айтта да Хақ Елшісі (с.а.у.) бізге әдемі киінуді, жұпар иіс себуді, жағдайымыз мүмкіндігіне қарай семіз малды шалуды бұйыратын еді», — дейді. Осы хадиске байланысты Ислам ғұламалары мұсылмандарды Ораза айтының таң сәрісінде бой дәрет алып, тістерін тазалап, мұнтаздай таза һәм әдемі киімдерін киіп жүруге үндейді. Ораза айт намазынан бұрын пітір садақа беріп, мешітке барып уағыз-насихат тыңдаудың мұстахаб (амалдардың абзалы) екенін айтады.

Ханафия мазхабының ғұламалары “Кәусар” сүресіндегі «Фасалли ли Раббикәні...» (Сондықтан айт намазын оқы) Ораза айт намазына жасалған ишара деп біледі. Осыған орай біздің мазхабымызда Ораза айтының намазын оқу уәжіп (міндетті) саналады. Ал, Шафийлер мен Маликилерде сүннет муәккада (уәжіпке жақын сүннет), Ханбалияда парыз кифая (ешкім қылмаса, барлығына күнә жазылады) болып табылады. Ораза айт намазы күн найза бойы көтерілгенде (кераһат уақытының шығуы, яғни күн шыққаннан кейін қырық бес минут өткен соң) мешіттерде оқылады.

Әсілі, Ханафия мазхабын ұстанатын Орта Азия мұсылмандары Ораза айт мерекесіне бір күн бұрын дайындалады. Бұл күнді «арафа» деп атайды. Негізінен, «арафа» сөзі Құрбан айт мерекесінен бір күн бұрын мұсылмандардың Арафат тауында өткізетін дұға жасау рәсіміне байланысты пайда болған. Кейін «арафа күні» деп Ораза айт мерекесінен бір күн бұрынғы күн де атала бастады. «Арафа күні» мұсылмандар иіс шығарып, бауырсақ пісіріп, жеті шелпек таратады. Айт күніне арнап тары түйіп жентін, сүт-айранын ірітіп ірімшігін, қарында сақталған сары майы мен қазы-қарта, жал-жаясын, тәттісі мен күлшесін әзірлейді.

Ораза айты — отыз күндік оразаны аман-есен аяқтағаннан кейін, бейне осыған шүкіршілік іспетті илаһи шуағы мол мереке. Ай бойы Алланың разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйып, көңіл айдынын хақ дариясымен суарып, жүректі ақиқат сырларына малындырып, адамзат баласы «мумин» (Хаққа жан-тәнімен илану) мақамына көтеріледі. Осы илаһи жаңа леппен қауышуына орай, Алла тағалаға сансыз шүкіршілік ретінде Ораза айты күні мұсылман қауымы екі рәкат намаз оқиды. Намаздан кейін «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып жатады. Осы күні дүйім жұрт дүркіретіп той жасап, дастарқан жайып, аста-төк ас беріп, бары мен нарын хақ жолына жұмсайды.

Мұхаммед (с.а.у)-ның үмбеті Қазақ халқында айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының ақжарма, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі. Олай болса, отыз күнгі оразамен халқымыз тақуалық-қа бой ұрып, тектілік тұғырына көтерілсін! Ораза айт мерекесімен ұлтымыздың мерейі тасып, бірлігі мен тірлігі арта берсін деп тілейміз!

0 пікір