Орамал таққаны үшін анасын бір апта жылатқан Диана Битти
Орамал таққаны үшін анасын бір апта жылатқан Диана Битти
8 жыл бұрын 9087
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ
Исламға оралу үйге оралумен тең

Менің аты-жөнім - Диана Битти, кей адамдар мені Масума Аматулла деп те атайды. Бірақ көпшілік олай атағанды ұнатпайды. Мен АҚШ-тың Колорадо штатынанмын. Жасым 23-те. Осыдан үш жыл бұрын Ислам дінін қабылдадым. Қазір колледжде физика мен педагогика бойынша білім алудамын. Болашақта мұғалім болғым келеді. Менің әкем мен ағам – электротехниктер. Ағам 27 жаста. Үйленген, екі баласы бар. Ол әкемнің үйінен екі үй ары тұрады. Анам округ прокуратурасында заң хатшысы болып істейді.

Маған дейін біздің отбасыда ешкім колледжге түспеген. Әкем өте көп темекі тартады, ішеді. Оның осы әдеттері қарапайым өмірімізді шиеленістіріп, титтей ғана қуанышымызды су сепкендей басатын. Жаман әдеттері оны өзімшіл әрі қанағатсыз етті. Кейде ол маған тірі өлік сияқты көрінеді. Анам әкемді ойлап көп қайғырады. Меніңше, анам некеде махаббатсыз, бақытсыз өмір кешуде. Бірақ өзге жұрттың алдында олар өздерін идеалды отбасымыз деп көрсетеді.

Отбасым иттерін үйдің ішінде ұстайды. Осы нәрсемен бірге әкемнің ішімдікке жақындығы менің үйге келуімді біршама қиындатады. Бірақ сонда да барып тұруға тырысамын. Соңғы жылдары отбасым көп қиындықтарды өткерді. Дегенмен, біз бір-бірімізден алыстамадық.

Мұсылмандармен алғашқы таныстығым

Ең алғаш мұсылмандарды колледжге оқуға түскенде көрдім. Олармен кездескеннен кейін ғана Ислам, мұсылман әлемі туралы түк білмейтінімді түсіндім. Шын мәнінде, сол уақытқа дейін Ислам туралы ештеңе естімеппін де, ойламаппын да. Менің білгенімнің бәрі қате, бекер сөз ғана болып шықты. 

Содан дін туралы іздене бастадым, қызығушылығым оянды. Маған мұсылмандардың тәрбиесі ұнады. Олардың Аллаға деген адалдығы, шынайылығы баурады. Бұл дін адамды өмірінің әр кезінде, әр саласында қолдап отыратынын анық сезіндім. Мен іздеген нәрсе осы еді. Мұсылмандармен алғаш кездескенімде христиан дінінде өскен соң Інжілді әжептәуірім зерттеп алған едім. Дінді жақсы білетінмін. Інжіл жауап бере алмаған сұрақтың бәріне Құран жауап берді.

Басында Иса пайғамбардың Құдайдың ұлы екенін жоққа шығаратыны үшін Құран оқу ұнамаған. Әрі менің санама сіңіп қалған мұсылман лаңкестігі мен зорлық-зомбылығы туралы сөздерді Құранда суреттелген шайқастар жаңғырықтырып тұратын. Бірақ өзім білетін мұсылмандарға қарап шын мәніндегі мұсылман қауымы қандай болуы керектігін білдім, менің санама сіңдіруге тырысқан стереотиптің бәрі жалған екендігіне көзім жетті. Миымда бір ғана сауал болды – Інжілдікі дұрыс, Құран сөзі бұрыс екенін нақты қалай біле алам? Олардың араларындағы ұқсастықтың көптігі сондай, құдды бір қайнар көзден бастау алғандай еді.

Христиандарға қарағанда Алланы әлдеқайда көп есіне алып, намазға жығылатын мұсылмандар тозаққа барады деп маған бала күнімнен сіңірген сөзге күмәнданып, зерттеуімді жалғастыра бердім. Мен Інжілді басқа қырынан таныдым. Кей жерлерінен кереғарлықтар байқадым. Кей жерінен нақты қателіктер кездестірдім. Ғылыми жалғандықты көзім шалды. Бұрын оларды көрмеппін, байқамаппын. Бірақ мұндай қателік пен кереғарлық Құранда жоқ болып шықты. Құран Алла туралы, адамның өмірі мен мақсаты туралы, өзге құбылыстарды да кеңінен сипаттаған. Құдай бізге түсінетін дін жібергенін ұғындым, бұл діннің әділетіне сендім. Ол кездер мен үшін өте қиын кезең еді. Дегенмен, бірнеше ай бойы екі дінді қатар салыстырып зерттедім. Ислам бәрін жеңіп шықты. Оны бізге Алланың өзі жібергеніне көзім анық жетті. Мұсылмандықты қабылдадым. Ол кезде көп нәрсеге мән бермеген едім. Мәселен, орамал туралы ойым әрі-сәрі болды. Намазды қалай оқу керек дегенді білмедім. Бірақ уақыт өте келе бәрін де меңгердім. Бұрын білген дүнием, ұстаздарым, ата-анам, достарым, дін қызметшілері үйреткеннің бәрі дұрыс еместігін түсіну маған қиынға соқты. Отбасыма қарсы шығу тіптен ауыр болды. Олар түсінбейтін, оларға ұнамайтын нәрсені істеуім оңайға түспеді. Таңдауым дұрыс болмай қалса ше деп уайымдадым. Христиандар “егер Исаның адам баласының күнәсі үшін өлгеніне сенбесеңдер, тозаққа түсесіңдер” деп үйретеді. Сондықтан, қателесуге қатты қорықтым.    

Отбасымдағы қиындықтар

Мұсылмандықты қабылдасам, отбасым менен теріс айналады деп қорықтым. Құрдастарым, әріптестерім мен  бастықтарым маған басқаша қарай бастайды деп үрейлендім. Расымен отбасым таңдауымды қабылдай алмады, бірақ ешбірі менен бас тартқан жоқ. Біздің қарым-қатынасымыз мәңгілікке өзгерді. Шешеммен сөйлесе қалсам, ол менің киім-киісіме тиісетін. Орамал таққаным отбасымды көбірек алаңдататын секілді. Алғаш рет хиджаб кигенімде анам бір апта тоқтаусыз жылады. Менің орамал тағуым ол үшін менен жеген шапалақ екенін жазып жібергенде, маған да қиын болды. Олар мен мұның бәрін мұсылман күйеуіме жағыну үшін жасап жатыр деп топшылады. Мен ақырында мұсылман жігітке күйеуге шыққан едім. Олар менің күйеуімді жақтырмады. Біздің қарым-қатынасымыз тоқтаса екен деп дәмеленді. Мен үшін тек халал тамақ жеп, ішімдіктен бас тарту, намаз оқып, орамал тағу аса қорқынышты бола қоймады. Мен үшін отбасымның қарсылығы ғана ауыр еді.

Ақырында достарымның кейбірі менімен араласпай кетті. Олар мендегі өзгерісті еш қабылдай алмады. Бірақ көпшілігі қарсы бола қоймады. Жұмыс іздеген кезде орамалға ешкім ештеңе демеді. Колледжде жүргенде де ешкім көңіл бөлмеді. Дегенмен, ұстаздар қадалып тұрып қарайтын, әріптестеріммен тек жұмыс бабы туралы ғана сөйлесуге тырыстым. Өзім сенген дүнием үшін өзгелерден көбірек құрмет сезінем. Қиындықтың бәрі менің отбасымда ғана екен. Өйткені, мен - олардың қызымын. Ер адамның қолын қысудан бас тартсам, олар таңғалғаннан не дерлерін білмей қалатын.  

Ислам бізді өзгертіп, өмірімізді жақсарта алады

Өз сезіміңді өзгеге тели алмайсың. Әр адам өзі сезінбейінше солай. Ислам өмірді өзгертіп, оны жақсарта алады. Ислам мені толықтай өзгертті. Бұл фәнидегі адамның миссиясы туралы еш күмәнім жоқ. Өзімнің тура жолға түскенімді сеземін. Аллаға деген сенімім мен тәубам бар. Бұрын мұндайды сезінбеген едім. Алланың жоспары мен үшін зор мағынаға ие, өзімді сол идеяның бөлшегі сезінемін. Оған қоса Исламда күмән тудыратын дүние жоқ. Менің христиан достарым үнемі “мынаны дұрыс жасадым ба, жоқ па” деп күмәнданып жүреді. Ал, Ислам толық сенім береді.   

Өмірімнің  мәнін таптым

Шын мәнінде мағынасы зор дүниемен бетпе-бет кеп тұрмын. Исламға келген соң көп жылдан бері іздеген жоғымды тапқандай күй кештім. «Әлхамдуилла», мен тура жолды таптым. 

Ислам менің әйел ретіндегі тағдырымды да өзгертті. Мұсылман жігіттер әйел затына өзгелерге қарағанда зор құрметпен қарайды. Мен өскен америкалық қоғамда ондай құрмет жоқ еді. Әйел болғандықтан өзімді ерекше сезінемін. Бұрын ондай сезім жоқ еді. Ескі өмірде еркек боп тусам өмір жеңілдеу болар ма еді деген ой мазалайтын. Өйткені, әйел ретінде көптеген жауапкершілікті сезінетінмін – күні бойы жұмыс істеу, бала бағу, үй жинау, тамақ әзірлеу, әрі осының бәрін толыққанды үдесінен шығарып орындай алмау деген қиындық бар еді.  Мұсылман әйел ретінде өзімді әлдеқайда еркін сезінемін. Өзімді танып, өзіме лайықты тура жолымды таңдап, өзімді нәзік жан ретінде сезініп, сол сезінгенім үшін қуанып, өзімді үйге қайтып келген адамдай сезіндім.  Солай... Исламға оралу, үйге оралумен бірдей.   

 Салих Сайдиев

 

0 пікір