Өмірдің мазмұны - жақсы ойлар тізбегінде!
Өмірдің мазмұны - жақсы ойлар тізбегінде!
3 жыл бұрын 4101
Меруерт Мұхамадиева

Хақ Тағала қасиетті Құранда: "Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар,  Елшісіне иман келтіріңдер! Сендерге мархаметінен екі есе береді. Әрі сендерге сонымен  жүретін нұр жаратады. Сендерді жарылқайды. Алла тым жарылқаушы, ерекше мейірімді"-деп мүміндерге деген шексіз мейірімділігі мен жарылқаушылығын  көрсетеді /Хадид, 28/. Адамзат баласы кішігірім көшпелі керуендей ғұмыр-сында әртүрлі халде, түрліше сипатта өмір кешеді. Біреулер керуен-күндердің күймесімен белгілі  бір мерзімге дейін жүріп, аққан жұлдыздай өмірден өтіп жатса, бәзбіреулер болашаққа жарқын жоспар құрып, осыны іске асыруға талпыныс жасайды. Күзгі жапырақтай сарғайып солған әрбір күн өзінің таңғы парағын бірде ақ күйде, бірде күнәмен боялған қап-қара күйде жауып, ақырет дүниесіне апарады. Нұрланған амалдарыңды періштелер оқып, ізгілігіңе тамсанса, пендешілігіңнен туындаған тас-түнектей қараңғылығыңнан қабір әлемі қақырап, азап періштелеріне хабар жеткізіледі. Задында, әрбір күн, уақыт, жылдар сенің қабіріңді нұрландыратын немесе қайғының тұманына тұншықтыратын амалдарының жемісі, нәтижесі емес пе? Сондықтан пенденің жасаған әрбір әрекеті, ішкі ниеті, ой әлемі-өмірінің ең маңызды бөлшегі іспеттес. Ойлаған ой тізбегі атқарар ісіне, әрекетіне айналса, әрекеті өзіне пайдалы яки пайдасыз амалына айналары хақ. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Бұхари, имам Муслим, имам Ахмад, имам Әбу Дауд және имам Тирмизи риуаят еткен сахих хадисінде: «Жаман ойдан сақтаныңдар. Өйткені, сөздің ең жаманы-жаман ой»-деп көрсетілген. Басқа бір хадисте Алла  Елшісі (с.а.у.) : «Жақсы ой-иманның талабы (Әбу Дауд, Жанайыз 13, Әдеп 81). «Біз мүмін жайлы тек қана жақсы ой ойлаймыз»-деген (Ибн Мәжә, Фите, 2).

Осыған байланысты төмендегі хикаяға көңіл бөлейік.

Хазіреті Юсуф Хамадани жылда бір айға Бағдат қаласына келіп уағыз-насихат айтады екен. Бір күні уағыз тыңдауға осы жерге үш дос бірге келеді. Үшеуі үш түрлі ниеттегі адамдар еді. Бірінші адам былай деп ойлайды: «Я,  Раббым! Бұл не деген қуаныш, бұл не деген бақыт! Бұл өлкеге сонау алыстан  бір Алланың пендесі келіпті, бізге насихат айтуда. Біздің жолымыз болған екен, иманымыз қуаттанатын болды».

Екінші пенденің жүрегінде мынадай күмәнді ой болады: «Ақыры келген екен достарыммен отырып тыңдап көрейін, бәлкім пайдасын көрерміз. Бірақ онсыз да мұнда молдалар аз емес еді, бұл жердегі молдалар жетпей қалды ма екен халыққа? Қазір мен оған бір сұрақ қоямын. Көрейік жауап бере алар ма екен?»

Үшіншісінің  көңіліне арамдық ой ұя салады: «Бұл молдалар ақша, абырой табу үшін сонау ұзақ өлкелерден осында келіп жатады. Оған қазір бір сұрақ қоямын мүлдем жауап бере алмайды».

Үшеуінің бірі толығымен Аллаға  бойсұнып, екіншісі ортада, ал үшіншісі қарсы шығуда болады. Олар сұрақтарын қоймай тұрып, хазіреті Юсуф Хамадани оларға назар салып, біріншісіне қарата айтады:

«Ей, Абдулқадир! Бұл ниетіңнің пәктігімен және әдебіңнің көркемдігімен Алла Тағаланы және Елшісін разы еттің. Мен сенің болашақта үлкен әулие, ғұлама болатыныңды, сенің ғасырыңда сенен асқан әулие болмайтынын көріп тұрмын. Бағдатта мінберде отырғаныңды және өте жоғарғы ғылымдарды түсіндіріп жатқаныңды көріп тұрмын...

Екіншісіне қарап былай дейді:

«Сенің сұрайын деп ойлаған сұрағың мынау еді, оның жауабы мынау. Бірақ сен өзіңше сынамақ болып әдепсіздік танытқаның үшін ниетіңнің терістігіне қарай өмірің өкінішпен өтеді»

Үшіншісіне былай дейді:

«Обалың жоқ сенің, ей, Ибн-ус-Саққа! Сенің сұрамақшы болған сұрағың мынау, жауабы мынадай. Сенен күпір мен астамшылықтың иісін сезіп тұрмын, сен үлкен ғалым боласың, бірақ дінсіз боласың»,-дейді. Кейіннен аталмыш адамдардың ойлаған ішкі ойлары, ниеттері өмірінің мазмұнына айналып  та үлгереді.

Кейіннен Ибн-ус-Саққа үлкен ғалым болады. Тигр өзенінің жағасында Алланың бар және бір екеніне 300 дәлел келтіріп береді. Константинопольге барып ол жақта жаман адамдарға қосылып, исламнан шығып, христиан болады. Тіпті бұл жолы Тигрдың жағасына келіп, 3 құдайдың барына 300 дәлел келтіруге тырысады. Ең соңында тәкаппарлығы мен әдепсіздігінің, ықылассыздығының кесірінен  ғұмыры құрдымға кетеді.

Бірінші адам хазіреті Абдулқадир Гәйлани кейіннен өз дәуірінің атақты ғұламасы болып, “қуддиса сиррух” захири және батини ілімдерде әулиелердің ең үстемі болады. Юсуф Хамадани хазіреттің  хикметі  осылайша  айқын болады.

Кей сәттерде ойлаған түрліше ойымыз бен ниетіміз күнделікті амалымыз бен өміріміздің мазмұнына айналып, ізгі ниет қашанда ізгілік пен жақсылыққа жол ашса, күпірлік пен жауыздық шыңырау құдыққа құлатары анық. Сондықтан ғұмырдың қысқа жолдарында күпірлік пен күнәға апаратын барлық қараңғы қапастарды жауып, рухын таза ұстап, жан дүниесін жақсы оймен жаңарту-мұсылман үшін ең негізгі қарулардың бірі екендігін ұмытпайық! 

0 пікір