Ақиық ақын Мұқағали «Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан» деген өлеңінде:
"Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға! – деп толғаған.
Расында да, мына жалған өмірдің өзі өтпелі болған соң, өмірдегі барлық жаратылыс та бір күні аяқталатын пәни екендігі сөзсіз. Абай атамыз «Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек» деп осы шындықты бір ауыз сөзбен түйіп берген. Қоғамда өмірді өтпейтіндей көретін адамдардың кезігетіні айқын. Әрине, әркімнің бұл өмірде мәңгі қалуды қалайтыны бір қарағанда табиғи болып та көрінуі ықтимал. Себебі адамда жақсы көру, көңіл бай-лану, сүйген нәрседен ажырағысы келмеу деген секілді сезімдер бар. Бұл сезімдерден оны ажырату мүмкін емес.
Алайда бір нәрсені жақсы көру қаншалықты тәтті болса, уақыт-сәті келгенде одан ажырау сезімі одан да ащы. Мұны ең қымбатын жоғалтқан жандар жақсы түсінеді. Мұсылман үшін бұдан құтылудың бір ғана шарасы бар. Ол әуелден бар, еш уақытта жоқ болмайтын, мәңгі тірі Алла тағаланы жақсы көру. Бұл дүниеде Абайдың «мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін» дегеніндей Алланың разылығы бар нәрселерді жақсы көрумен тіршіліктің бір мәнділігін сезіне аламыз. Сүйіктілерімізден бұл дүниеде ажырағанмен, арғы өмірде қайта қауышамыз.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Әркім сүйгенімен бірге» деген уәделі хадисі көңілге қуаныш ұялатады. Яғни, мұсылман «Алланың сүйікті елшісі» деп пайғамбарымызды жақсы көрсе, «Алланың бұйрығы» деп ата-анасын құрметтесе, «Ием Алланың жаратқандары» деп өзге жаратылыстарды сүйсе, онда ақыретте сол сүйгендерімен бірге болады. Жалған өмірде жалған нәрсені жақсы көрген ақиқат нұрдан жүрегі мақұрым қалғандар ажырап қалудың ащы дәмін өте қиналыспен сезінеді. Ендеше, қайтыс болуды бір шұңқырға барып көмілу, шіріп жоқ болу деп тар түсінікпен қабылдау қандай әбес. Өлімді жаңа өмірдің бастамасы, ақыретке есік деп түсінген жөн. Қасиетті Құран кәрімде бұл ақиқат:
«Сендерді топырақтан жараттық, сол топыраққа қайтарамыз. Содан соң қайта бір рет сол топырақтан тірілтіп шығарамыз» («Таһа» сүресі, 55-аят) деп анық көрсетілген.
Өлімді ойлау – арғы дүниені қап-қараңғы түнек әрі қорқынышты етіп көрсететін шайтанның азғыруы болса, екінші жағынан хикмет іздегендер үшін күнәлардан арылуға көмектесетін әсерлі құрал. Мәселен, «ақыр мәңгі өмір сүрмейді екенбіз, әрбір ісіміз ол жақта есепке тартылады екен, онда болмашы нәрсеге бола күнәға батып қайтейін?» деген секілді жиі туындаған ойлар адамды жақсылық жасауға үндейді.
Адам – мәңгіліктің сапарына шыққан жолаушы. Ана құрсағынан фәни өмірге, фәни өмірден бақи дүниеге қарай көш түзеп бет алуда. Бұл ұзақ сапар сәбиліктен жастық шаққа, жастықтан кәрілікке, кәріліктен қабір әлеміне, қабірден махшарға өтіп, махшардан мәңгілік тұраққа дейін жалғасады. Біз мінген аттың сүрлеуі сол тұраққа барып бір-ақ тоқтайды. Егер шынымен бұл өмір жалған болса, онда адамға осыншалықты мол нығмет, қисапсыз қазына, жастық шақ, мықты денсаулық, он екі мүше не үшін берілген деген сауал туындауы мүмкін. Әрине, бұлар жалған дүниені жалпағынан басу үшін емес, сынақ алаңында жүріп мәңгілік өмірдің қажетті талаптарын әзірлеп қою үшін берілген. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріптерінің бірінде:
«Бұл дүние – ақырет әлемінің егістік алқабы» деп осы ақиқатты білдірген. Демек, бұл өмірде егілген жақсылық дәндері арғы шын дүниеде жайқалып шығып, құлақ естімеген, көз көрмеген, қиялымыз жетпейтін мол жеміс беретін болады. Аллаға құлшылық жасау, ата-ананы қадірлеу, жетімдердің басынан сипау, ауру жанның көңілін сұрау, қонақ сыйлау, тіпті жүргіншілерге кедергі келтірмесін деп жолда жатқан тасты алып тастаудың өзі арғы дүние үшін егілген дәндер іспеттес.
«Оралыңның барында ойна да күл» дейтін кей жандардың бұл тәтті өмірді өтпейтіндей көріп, араққа мас болып, ұрлық жасап, жұрттың ақысын жеп, параны табыс көзі етіп, жеңіл жүріске салынып, жазықсыз жандарды жылатып-сықтатып, өзінше арғы өмірге қасірет дәнін егіп жететіндердің күйі, сөзсіз, аянышты. Мәңгілік өмір базарына әркім ізгі ісінің сауабын арқалап келіп жатқанда, жұрттың ақысы мен көз жасын, жетімнің малы мен ата-ананың қарғысын, басқа да таудай-таудай күнәларды арқалап жеткендердің жайы расында да ауыр. Өкініштісі сол, ол жақта олқылықтың орнын толтыруға, қателікті түзетуге мүмкіндік жоқ. Әли (р.а.) айтқандай «фәниде амал бар – есеп жоқ, бақиде есеп бар – амал жоқ». Сонымен үндес ойды Мұқағали ақын «Менің жаным ашиды мына өмірді, Өтпейтіндей көретін адамдарға!» деген сөзі арқылы: «Уа, адамдар, өмірді өтпейді деп қалмаңдар, ертерек қамдарыңды жасаңдар» деп ұран тастап тұрғандай.
Мәңгі өмірге қамдану жайы да өз алдына қызық тақырып. Әрбір ұлтжанды ел азаматы жақсылықта бір-бірімен жарысып, мектеп салдырып, медресе ашып, көпір тұрғызып, ағаш егіп, жастарға қамқор болып, қисайғанды тұрғызып, бұзылғанды түзетіп, жыртылғанды бүтіндеп, елдің жүгін жұмыла көтеретін ізгі ниетте болса, бұл өмірде де, арғы өмірде де жеміс беретін мәуелі ағаш өсіргенмен парапар. Соңғы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзі тірі шағында мұсылман әлемі осындай еді. Сахабалар бір-бірлерінің көз-құлағы, қол-аяғындай сезінетін. Бірінің табанына тікен кірсе, екіншісінің жаны сыздайтын. Бірінің қуанышына екіншісі шаттанатын. Өзінде болмаса болмасын, өзгелердің тамағы тоқ, киімі бүтін болса екен деп тілейтін. Ата-ана перзентіне, перзенті әке-шешесіне ерекше мейіріммен қарайтын. Ешкім туралы жамандық ойламай, жұмаққа менен бұрын өзгелер жетсе екен деп армандайтын. Өйткені олар бір күнін емес, мәңгілік дүниедегі бақытты ғұмырды тілейтін. Өз ұжданыңызға мұқият құлақ салып көріңізші, сіздің жүрегіңіз қай өмірдің ағысына бейімделіп соғуда?
"Даналық ойдан дән ізде"