"Өлікті өртейтін" болдық па...
"Өлікті өртейтін" болдық па...
10 жыл бұрын 4911 alashainasy.kz/
Ләззат Билан

КСРО кезінде түрлі себептерді келтіріп, Д. Қонаев биліктің біздің елде крематорий салу туралы бұйрығын бұра тартқан еді, бүгінгінің «өлікті өртеу керек» деушілері ақырында дегендеріне жетіпті, яғни Алматы қаласында крематорий құрылысы басталмақ.

Жоба дайын. Ал жобы құны – 3 млн. АҚШ долларына бағаланып отырса керек. Қаржыландырушы - Алматы қаласының әкімдігі. Тіпті жұмсалған қаражаттың қашан қайтаралытатынын есептеп қойғандардың болжамынша, крематорий құрылысына кеткен шығын 600 жылдан кейін ғана қайтатын көрінеді. Мекен-жайы ЖЭО-2 немесе батыс зираты болуы мүмкін.

Қоғамда үлкен пікірталас тудырған крематорий құрылысын қолдаушылар өлген адамды жерлейтін жер қалмады деп алаңдаса, кәсіпкер Уалихан Сабилов тіпті мәйіттен қалған күлден жасанды алмаз жасауға ниетті... Жаны түршігеді екен мұны естіген адамның. 

Айта кетейік, Алматы қаласында 41 зират жұмыс істесе, оның 14-де ғана адам жерлеуге орын бар екен. Ал қалған 27-інде орын жоқ. Жергілікті әкімшілік те дәл осы проблеманы алға тартуда. 

Аз-маз өзге елдердегі салт-дәстүрге тоқтала кетейік. Атап айтсақ, мәйітті өртеу дәстүрі ежелден бар елдер Жапония мен Үндістан. Мұндай рәсімді жақтаушылар, яғни буддизм, иудизм діндері. Айтпақшы, халқы 3 миллиардтан асатын Қытай, Жапония, Швеция сияқты елдер, амал жоқ мүрдені өртеуге мәжбүр. Ресейде крематорий 1918 жылы пайда болып, оның саны бүгінгі күнге дейін 15-ке жеткен. Крематорий көп елдердің бірі саналатын Жапонияда 11 мың нысан бар. «Әр елдің салты басқа...» демекші, қалай дегенде де өлікті өртеу біздің шариғатымызға жат.

Отандық БАҚ-тарға берген мәліметінде Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібаев:

- Тұрғылықты халықтың басым бөлігі ислам дінін ұстанғандар екендігін ескерсек, крематорий біз үшін ерсі дүние. Бұл таза коммерциялық жоба. Соған жұмсаған 3 миллионмен қанша адамды өлімнен құтқарып қалуға болар еді. Тірі адамға жұмсауға сараңдық танытып, сонша қомақты қаржыны өлгендерге шашу - ақылға қонбайтын нәрсе. Егер бұл құрылысқа инвесторлар тартса әңгіме бір басқа. Крематорий салудың дәл қазір қажеті жоқ. Жер жетеді бәріне, өліге де, тіріге де. Жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орында тұрып жер жетпейді дегендері қай сасқандары? Ақыры құрылысты бастайын деген екен, мейлі. Алайда қазірден бастап оның заңдық нормаларын бекітіп алған дұрыс, яғни мәйітті өртеуге міндеттеуге заңмен тыйым салып тастау керек. Өлген адамды жер қойнына бере ме, әлде өртей ме, оны туысқандары өздері шешулері тиіс, - десе, ҚР Дін істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Ерлан Абдақасов пікірі төмендегідей:

- Біздің бұған еш қатысымыз жоқ. Рас, крематорий салуды қолға алған екен, қоғамға қажет болғаны да... Жалпы, дәстүрлі ислам дінінде мәйітті өртемейді. Бірақ Қазақстанда діндерінде мәйітті өртеу дәстүрі бар конфессия өкілдерінің де тұратынын ескерсек, крематорий керек шығар деп те ойлаймын. Егер қайтыс болар алдында сол адам өзінің денесін өртеуге рұқсат берсе, біз кремацияға қарсы болмас едік. 

Ал «Аспандау» ғылыми-білім беру қоры Батыс аймақтық филиалының атқарушы директоры Еркін Ерғалиев былай дейді: 

- Бұл өте шетін мәселе. Мысалы Түркия елін алайық, олардың жер көлемі біздікінен айтарлықтай аз. Соған қарамастан ол елде бір ғана крематорий бар. Оның өзінде де ол еуропа елдерінен келген туристерге арналған. Менің ойымша, крематорий салуға асықпаған абзал. Өйткені, туысқанын өрттеуге онша ешкім келісе қоймас.

Негізі, пешенесіне салыну жазылып қойған «пешті» іске қоспас бұрын мұндай түйінді мәселені қоғам талқысына салып барып, шешкен дұрыс па дейміз. Шынымен де, ертеңгі күні оның қызметін ешкім қажет етпей, сонша ақша төгіп салынған крематорий бос тұрса, оның керегі не? Атадан қалған құнды дәстүрімізге берік қауым үшін бұл аруақты қорлаған болып саналатынын ұмытпайық. 

Әңгімемізді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, исламтанушы, PhD докторы Ершат Оңғаровтың сөзімен қорытындылсақ:

- Біздің дініміз бен кремация ұғымдары бір-бірімен мүлде қабыбыспайды. Кремация мұсылман үшін үлкен күнә. Адамның денесі жер қойнына берілуі тиіс. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде «Таһа» сүресінің 55-аятында: «Сендерді де содан (топырақтан) жаратқанбыз, кейін оған (топыраққа) қайтарамыз және содан екінші рет қайта (тірілтіп) шығарамыз» дей келе, адамзат баласының топырақтан жаралып, көз жұмғаннан соң, сол топыраққа қайта қойылуымыздың міндетті екені жазылған, – дейді ол арнайы хабарласқанымызда.

 

0 пікір