"Ол жақта бәрібір тірі қалмас едім". Сирияда болған жігіттің хикаясы
"Ол жақта бәрібір тірі қалмас едім". Сирияда болған жігіттің хикаясы
5 жыл бұрын 2070 azattyq.org/ azattyq.org/

Қазақстанның арнаулы қызметі Таяу Шығыстан елге жеткізгеннен кейін "террористік қылмыс жасады" деген айыппен тоғыз жылға сотталған Теміртау тұрғыны Азаттыққа Сириядағы өмірі, "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының идеологиясынан неге көңілі қалғаны және елге қалай оралғаны туралы айтып берді.

Көзге тік қарап, сенімді және сауатты сөйлейтін, өзін салмақты ұстайтын 26 жастағы Теміртау тұрғыны Диас Рахметов ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын жекеменшік мектепті, одан кейін заңгер мамандығы бойынша колледж бітірген. Бұдан соң Қарағандыдағы жоғарғы оқу орнында "халықаралық қатынастар" мамандығы бойынша білім алған. Бірақ Диастың 2015 жылы шетелге кетуіне өзі алып үлгермеген мамандықтың мүлде қатысы жоқ.

СИРИЯҒА САПАР

Қазақстанның арнаулы қызметі ондаған отандасымен бірге Таяу Шығыстан елге жеткізген жас жігітпен Азаттық тілшісі Қарағанды облысы, Қарабас ауылындағы АК-159/18 түзеу мекемесінде кездесті. Шашы тақырлап алынған, түрме киімін киген тұтқынды жалпы режимдегі колонияның әкімшілік бөлігіндегі бөлмеге әкелді. Ол Сирияға қалай тап болғаны, ол жақта не істегені және Қазақстанға оралу үшін қалай қолға түскені туралы әңгімесін бастады.

Диас Рахметовтің сөзінше, 17 жасында ислам дініне аңсары ауған. Интернеттен ақпарат іздеп, діни мазмұндағы дәрістер тыңдап, видеолар қараған. Бірнеше жыл бұрын ол "халифат" құру мақсатын жариялап, Сирия аумағының бір бөлігін бақылауға алғаннан кейін Иракқа қарай жылжи бастаған "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының идеологтары дайындаған видеоны көрген. Видеода айтылған идеяның жетегіне ерген жас жігіт оқуын тастап, Таяу Шығысқа кетуге бел буған.

Ол 2015 жылы мамырдың соңында "Таяу Шығысқа асыратын" адаммен байланыс орнатып, Сирияға қалай жетуді келіскен. Рахметов көздеген жеріне Қырғызстан (олар мұнда ресми өткізу орындарын айналып өтіп, шекараны заңсыз кесіп өткен) мен Түркия арқылы барған. Қазақстаннан кеткеніне бір жыл болғанда Сирияға жеткен.

Миын улайды. Өзін жаратын арнаулы операцияға өте көп адам жазылды. Күдіктене бастаған адамды көрсе түрмеге жабады немесе өлтіреді.

- Осы видеоға алданған өзім сияқты басқа адамдар Сирияға кетті. Олар – күш-қуаты бар, дене жағынан мықты болғанымен, эмоционалды тұрғыда әлсіз адамдар. Олар шын мәнінде ол жақта не болып жатқанын білмейді, сондықтан террористік ұйымның қақпанына түседі. Ол жаққа шақырушылар егер ұнамаса, кейін қатуға болады деп уәде берген. Алайда іс жүзінде Сирияға барған адамды кейін қайтармайды. Оларды әскери жаттығу лагеріне, одан кейін міндетті түрде арнаулы операцияға жібереді. Миын улайды. Өзін жаратын арнаулы операцияға өте көп адам жазылды. Күдіктене бастаған адамды көрсе түрмеге жабады немесе өлтіреді, - дейді Диас Рахметов.

"Сирияға барған жихадшы қазақстандықтар" туралы YouTube видеосынан скриншот. Қазан, 2013 жыл. Көрнекі сурет.
"Сирияға барған жихадшы қазақстандықтар" туралы YouTube видеосынан скриншот. Қазан, 2013 жыл. Көрнекі сурет.
 

Рахметовтің айтуынша, ата-анасы оның Сирияға кететінін білмеген. Жігіт ата-анасынан жоспарын жасырғанына өкінеді. "Білсе, мүмкін, жолдан қалуға көндіріп, өмірім басқаша жалғасар ма еді" дейді ол. Диаспен бірге Сирияға оның ағасы да барған. Кеткен бойда оларға іздеу салынғаны туралы жергілікті ақпарат құралдары жазған. Диас ағасы жайлы айтқысы келмеді. Таяу Шығыста жүрген кезінде ағасы жайлы "өлтірілді" деген хабар алғанын ғана айтты. Диас бұған сенгісі келмейді және "ол тұтқында жатқан болар" деп үміттенеді.

СИРИЯДАН "КӨҢІЛІ ҚАЛУ" ЖӘНЕ ЕЛГЕ ОРАЛУ

Диас Рахметов Сирияда әскери дайыындықтан өтіп, қолына қару алған. Ол адам өлтірмегенін айтады. Өз сөзінше, әскери операцияға баратын күні әуе шабуылынан құлаған ғимараттың астында қалған. Миы шайқалып, оң қолы мен самай тұсында әйнек сынықтары қалып қойған. Сондықтан ол әскери операцияларға қатыспаған. Бұл ақпараттың шынайылығын тексеріп, көз жеткізу мүмкін емес. Қазақстанда жүргізілген сараптама Диас Рахметовтің денесінде әлгіндей жарақаттар бар екенін растаған.

Рахметов жарақатынан кейін "Ислам мемлекеті" экстремистік тобынан көңілі қалғанын айтады.

- Біреудің идеясы үшін жат жерде өлгім келген жоқ. "ДАИШ" ("Ислам мемлекеті" экстремистік тобының араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы - ред.) идеологиясынан мүлде көңілім қалды. Қазақстанға депортацияласа, террористік қылмыс үшін түрмеге отыратынымды біліп, Түркияға барып тұрғым келді. Көбі ол жақтан кеткісі келетін. Ол үшін сені алып шығатын, жол көрсететін адам керек. Жол бастаушы адам сатып кетсе, кетуге тырысқандарды өлтіретін. Сириядағы өмірден көңілі қалғандармен бірігіп, жолға аттандыратын адамға еріп, "ДАИШ" басқаратын аумақтан шықтық. 2018 жылдың мамырында күрд әскерінің қолына тұтқынға түстім. Онда сегіз ай жатқаннан кейін, бірнеше адаммен бірге мені Қазақстанға берді. Сотқа тартатынын білдім. Бірақ ол жақта бәрібір тірі қалмас едім, - дейді Диас Рахметов.

Сириядағы күрд және араб күштері альянсы "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының мүшелері деген күдікпен тұтқындаған адамдар. Манбидж маңы, Сирия, 31 мамыр 2016 жыл. Көрнекі сурет.
Сириядағы күрд және араб күштері альянсы "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының мүшелері деген күдікпен тұтқындалған адамдар. Манбидж маңы, Сирия, 31 мамыр 2016 жыл. Көрнекі сурет.

 

Рахметовті басқа ондаған қазақстандықпен бірге Сириядан 2019 жылдың қаңтарында "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы бақылауындағы аумақтың басым бөлігінен айырылған кезде алып келген. Арнаулы қызметтің Таяу Шығыстан қазақстандықтарды эвакуациялау шарасы "Жусан" гуманитарлық операциясы деп аталды...

"Жусан" операциясының бірінші кезеңі аяқталған соң, бірнеше күннен кейін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент бастығы Бақытбек Рахымбердиев Сириядан әкелінген 47 азаматтың ішінде алты ер және бір әйелдің үстінен терроризм айыбы бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Тергеуге ілінгендердің арасында Диас Рахметов те болған.

Мамыр айында Қарағанды соты Диас Рахметовті "террористік топ қызметіне қатысқан", "террористік әрекет ұйымдастыру мақсатымен адамдарды үгіттеген", "Қазақстанның мемлекеттік шекарасын өткізу орнынан басқа тұсынан қасақана заңсыз кесіп өткен" деген айыптар бойынша тоғыз жылға бас бостандығынан айырды. 

СОТ ҮКІМІНЕН…

Сот үкімінде Диас Рахметовтің қарулы жихадты мақсат еткен радикалды діни идеологияның жақтасы болғаны айтылады. Іс материалдарында "Рахметовте Сирия мен Ирак аумағында террорлық қылмыс жасап жүрген топтардың іс-әрекеті дұрыс деген орнықты пікір қалыптасқан" деп жазылған. Сот үкіміне сәйкес, ол Сирия жеріндегі жанкештілер қатарына қосылып, Қазақстан азаматтарын "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы құрамында террорлық іс-әрекетке қатысуға үгіттеген. Аталған топты Қазақстан астанасының соты 2015 жылдың қазан айында "террористік ұйым" деп танып, Қазақстан аумағында оның қызметіне тыйым салған.

Қылмыстық іс материалдарында Диас Рахметов үгіттеген бірнеше азамат анықталып, ұсталғаны айтылған. Олардың бірі 2015 жылы Сирияға жету үшін Түркияға кетіп, бірақ жолда ойынан айнып, Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне барып көмек сұраған. Сол жерден елге қайтарылып, 2017 жылы сотқа тартылған.

Сот үкімінде 2016 жылдың жазында Сирияға барған Диас Рахметов "діни және әскери дайындық" курстарына жіберіліп, жанкештілер қатарына қосылған деп көрсетілген. Осыдан кейін Рахметов пен тағы бірнеше жаңадан қосылған азаматты "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының "шекарасын" күзетуге жіберген. Сот үкімінде Рахметовтің кінәсін АҚШ федералды тергеу бюросы ұсынған материалдар да растайтыны жазылған. Жазаны өтеу мерзімі ұсталған күннен - 2019 жылғы қаңтардың 6-сынан бастап есептеледі. Сотта Рахметов жазаны өтеу мерзіміне тұтқында болған кезін қосуды сұраған. Бірақ сот Рахметовтің халықаралық іздеуде жүріп, тергеуден қашқанын алға тартып, бұл өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Айыпталушының кінәсін мойындауы және бұған дейін жауапкершілікке тартылмауы оның жазасын жеңілдететін жайт ретінде қарастырылған. Бұған қоса сот Рахметовтің кәмелеттік жасқа толмаған ұлы барын да ескерген. Диас Рахметов Сирияға кеткенге дейін үйленіп, Қазақстаннан кетпей тұрып, әйелімен араласуын тоқтатқан.

"ӘЗІРГЕ КЕСІП АЙТУ ҚИЫН"

Диас Рахметов колонияда ондаған басқа тұтқындармен бірге баракта тұрады. Айтуынша, Сириядан кейін колониядағы жағдай мен тамақ оған жақсы көрінеді.

АК-159/18 түзеу мекемесінің қақпасы. Қарабас ауылы, Қарағанды облысы, 23 қыркүйек 2019 жыл.
АК-159/18 түзеу мекемесінің қақпасы. Қарабас ауылы, Қарағанды облысы, 23 қыркүйек 2019 жыл.

 

- Теологтар мен психологтар мұндай тұтқындармен қалай жұмыс істеу керектігі, не нәрсеге бейім болатыны, қандай жайттарға көбірек назар аудару қажеттігі жайлы бізге кеңес беріп отырады. Ол (Рахметов - ред.) ақымақ емес, тілге шешен. Соғыс пен өлімді көріп келді. Өзінше психолог деуге болады. Дұрыс жолға түскенін көрсету үшін жұмсақтық танытады. Аз ғана уақыт өткендіктен, әзірге ол туралы кесіп айту қиын, - деді Азаттық тілшісіне АК-159/18 түзеу мекемесінің өкілдері.

Диас Рахметов жақсы тәртібі үшін мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығарар деп үміттенеді. Болашаққа құрған жоспары да бар: Теміртауда тіл курстарын ашқысы келеді – Сирияда болған бірнеше жылда ол араб пен түрік тілдерін аздап меңгерген, мектепте және университетте оқыған ағылшын тілін де ұмытпаған.

Қарабас ауылындағы түрмеде Сирияға барғаны үшін сотталған тағы бірнеше азамат жазасын өтеп жатыр. Өткен жылы Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Таяу Шығыста соғыс басталғалы Сирия мен Иракқа Қазақстанның 800 азаматы кеткенін мәлімдеген. "Жусан" операциясы аясында 2019 жылы Сириядан 516 қазақстандық қайтарылған. Олардың басым бөлігі - балалар.

0 пікір