Ол - білімді, бірақ...
Ол - білімді, бірақ...
7 жыл бұрын 2176
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

Білімі бар адам Аллаға өте көп шүкір етуі керек. Өйткені ол - пендеге берілген ең ұлық нығметтердің бірі. Кезінде Дәуіт (а.с.) пайғамбар мен оның ұлы Сүлеймен (а.с.) пайғамбарға ілім нығметі берілгенде олар: «Бізді мүмин құлдарыңның көбінен артық қылған Аллаға мадақ болсын!» - деп шүкіршілік білдіргені Құранда баян етіледі («Нәміл» сүресі, 15-аят.).

Әрине, мұнда әңгіме Алланың шариғатына қатысты білім туралы болып отыр. Әйтпесе, білімі Құдайды тануға да көмектесе алмаған, бірақ өздерін білімді санайтын көптеген адамдар бар. Шын білім адамды мына дүниеде де, ақиретте де бақытты етуі керек. Егер біреу әйелімен күнде ұрысып жатса, қызы үйінде отырып жүкті болып жатса, баласы ішкен-жегеніне ғана мәз болып, дінін, тілін, салт-дәстүрін, тарихын білмек түгіл, маңына жоламай жүрсе, ондай адам өмір бойы кітап оқып өткен болса да, шын білімге ие бола алмағаны. Өйткені оның білімі мына дүниенің өзіне пайда бере алмай жатыр. Арғы өмірге қайдан пайда келтірсін?!

Сондай-ақ өсек, өтірік, мақтаннан, тәкаппарлықтан, көрсеқызарлықтан, жалқаулықтан, дүниеқұмарлықтан, зинақорлықтан, көре алмаушылық кесапатынан сақтай алмаған, өзге де кесірлі мінездерге тосқауыл бола алмаған білім шын білімге жатпайды. Өйткені ол білім өзге былай тұрсын, өз иесіне де пайда бермеген.

Шын ілім деп Жаратушы Иемізді танытатын, жүректі жібітетін, иманды күшейтетін, сау ақылға қозғау салатын білімді айтамыз. Алладан алыстататын, Алланы ұмыттыратын білім шын білім емес.

Өз иесін азғындықтан, арсыздықтан, бүкіл жаманшылық атаулыдан қорғай алмайтын білімнің өзге адамдарға да пайдасы жоқ. Өйткені ондай білімдер қоғамды тек қана бүлдіреді.

Қазір университеттерде қыздарға қырындағанын ашық мақтанатын «ұстаздар» пайда бола бастады. Өз қызындай қызды төсекке тартып жүрген оқытушысымақ кімге қандай білім бере алмақ? Ондай адамды бір күні Құдай атады. Айықпас бәлеге, Алланың қарғысына ұшыратады. Өйткені ол Құдайдың құлдарына жіберген ұстаздық деген ұлы қызметті кірлетіп, ластатып, бүлдіріп жатыр.

Бір танысым мұғалім болып жұмыс істейді. Содан ауыл мектептеріндегі еркек мұғалімдердің қандай азғындық жасап жүргенін естігенде, шаш ағаруға шақ қалады. Осының бәрі бір кездері берілген пайдасыз білімдердің бүгінгі нәтижелері болса керек.

Одан да кеңірек ой жүгіртсек, Алланы еске алмайтын, Одан қорықпайтын, Оған ешқашан шүкір етпейтін адамдардың ғылыми-зерттеулерінен «Хиросима-Нагасакидің» атом бомбасы жасалып шыққанын көреміз. Онда 250 мыңға жуық халық қырылған. Демек, бұл да шын білім емес.

Шығыс пен Батыс арасындағы тоқтаусыз жанжалдарға жетелейтін, Жер картасындағы қаншама елдерді жермен жексен еткен білімді шын білім деп кім айта алады?

Мұсылмандардың білімі мұндай болмайды. Алла мен Оның елшісіне (с.а.у.) барып тірелетін шын ілімнің нәтижелері қоғамға тек қана жақсылық пен ізгілік әкеледі. Алла баршамызға осындай пайдалы ілім нәсіп етсін!
Қысқасын айтқанда, білім адамның өзіне және өзге адамдарға пайда келтірсе ғана ілім болады. Ал кімге осындай шын ілім бұйырса, ол Аллаға шексіз шүкіршілік етуге тиіс.

0 пікір