Өкпе арқалағаннан кешірген жақсы
Өкпе арқалағаннан кешірген жақсы
9 жыл бұрын 10838
Бердібек Мәсенов
«Жамандықтың жазасы соған тең жамандық (жаза). Алайда кім кешірсе және бейбітшілікті жақтаса, оның сыйы Аллаға тән. Өйткені Алланың залымдарды жақсы көрмейтіні анық» ("Шура" сүресі, 40-аят).

Өмірде әркімдерге қанша рет ренжідік, өкпеледік десеңізші?! Тіпті әліге дейін небір өкпені арқалап жүрміз, кімге, неге екені өзімізге мәлім. Өйткені кешіре алмағанбыз. Бет көрмейтіндей ренжіп, танысымызбен араластықты үзіп, кек тұтып немесе «ешқашан кешірмеспін» деп, ат құйрығын шорт кескенбіз. Анығында, бұл әретімізбен тек өзімізге зиян тигізудеміз, ол өзі біз бекерге арқалап жүрген қажетсіз жүкке ұқсайды.  

Мына бір ғибратты оқиға осыған жақсы мысал бола алады. Ұстаз бір күні оқушыларға ертеңгі тақырып өмір сабағы екенін айтып, ертесі әрбірі мектепке бір келі картоп ала келуді тапсырады. Балалар картоп алып келеді. Ұстаз әр картопқа ұнатпаған, жек көрген немесе кешірмеген бір адамның атын жазып, артынан пакетке салуды ұсынады. Кейбірі картопқа бірнеше кісі аттарын жазады, енді біреулері бірнеше картопқа бірден жазады. Ұстаз оқушыларға осы картопты бір апта бойы қайда барса да өздерімен ала жүруді тапсырады. Оқушылар таңғалысады, дегенмен бәрі де айтқанды істейді. Бір аптадан кейін сабаққа келген оқушылар: «Ұстаз, мына картоптарды тастасақ бола ма, ауырлап кетті әрі иістене бастады. Автобусқа, басқа да қоғамдық көлікке отырайық десек, жұрттар тыжырына қарайды әрі шопыр бізді алғысы келмейтінді шығарды» дейді. Ұстаз сонда күлімдеп былай дейді: «Міне, балалар, сендер кешірмеген адамдар сендерге уақыт өте келе осындай жүк болады, сол жүкті барлық жерде алып жүрулерің қажет болады. Сендер бұл жерде таңдау жасай аласыңдар, не өкпе-ренішті жүк етіп осылай арқалап жүресіңдер, не оны лақтырып тастайсыңдар!»

Өкінішке қарай, бүгінгі күні де осындай жүрекке түскен қажетсіз салмақты өздерімен бірге көтеріп жүргендердің саны аз емес. Кейбіріміз тәкаппарлығымызды жеңе алмаймыз, кейбіріміз кешірумен бізге жамандық жасаған адамға жақсылық жасадық деп ойлаймыз. Немесе кешіруді бір «тұқыру» секілді қабылдаймыз. Анығында, кешіру бізде әрі физикалық, әрі рухани тазалыққа себеп болады. Зерттеулер де осыны көрсетуде. Кешірмеу күйзеліс тудырып, ағзада зиянды заттардың пайда болуына себеп болады. Дене қысымының жоғарылауы, гормондық теңсіздіктердің болуы, жүрек аурулары, неврологиялық ауытқушылықтарға жол ашады. Алайда кешіргенде, бұлардың деңгейі барынша төмендейді. Бұдан бөлек, кешіріп, әрі өз бойымыздағы жақсы қасиеттерді анықтаймыз, әрі қарсы алдымыздағы кісінің одан да жақсы болуына деген үмітімізді жоғалтпаймыз.

Кешіру тек психологиялық әрі физикалық тұрғыдан пайда келтірмейді, бұған қоса, Жаратушы иенің марапатына да кенелтеді. Құран Кәрімде бұған қатысты: «Жамандықтың жазасы соған сай жамандық (жаза). Алайда кім кешіріп, бейбіт бітім жағын ұстанса, оның сыйы Аллаға тән. Өйткені Алла әрине залымдарды жақсы көрмейді» ("Шура" сүресі, 40-аят), - деп бұйырған.

 

Шын кешірдік пе?

Кешіру әрдайым пайда тигізсе де тек «кешірдім» деумен ол адамды кешіре алмаймыз. Осы сөзді айтқанымызға қарамастан, әлі де ол адамға ашуланып, жынымыз ұстап, өкпелеп, өш алсақ, шын мәнінде оны кешірмегендігіміз. Кешіруді әлі іштей меңгермегендігіміз. Негізінде кешіру деген сөз осындай жағымсыз сезімдерден толықтай арылуды білдіреді.

 

Қалай кешіруге болады?

Кешіру оңай психологиялық үрдіс емес. Уақыт алуы мүмкін, баршаға бірдей аз уақытта жүзеге аспауы мүмкін. Осы себепті кешіру жаттығуларын жасауға болады. Aлайда алғашқы жасалуы керек нәрсе сезімдерді сол мезет кешіп, дереу басып тастау. Айталық, күндіз біреумен ренжіскен болсақ, оны ішке сақтағаннан гөрі лайықты түрде өзіне айта білген дұрыс. Кінә тағып, жазғырушы ретінде емес, өзімізге сенімді түрде ұнамаған нәрсені айта білуіміз қажет. Әрине, бұрын өтіп кеткен реніштерге бұл әдіс жарамауы мүмкін. Ол кісіні табу мүмкін болмаса, ойша хат жазып әлгі нәрсені іштен кетіруге болады. Тура сол кісі жанымызда бар секілді сезімімізді хатқа түсірсек болады. Психологтар айтатын мына бір әдіс те қызықты. Екі орындықты бір-біріне қарама қарсы қойыңыз. Біріне өзіңіз отырыңыз, қолыңызға бір жастық алыңыз. Екінші орындықта сізді ашуландырған кісі отыр деп біліңіз. Oған деген ашуыңызды дауыстап айтып, қатты айғайлаңыз. Сыпайы болуға тырыспаңыз. Физикалық тұрғыдан ұрғыңыз келсе, жастықты пайдаланыңыз. Бұдан кәдімгідей іштегілерді сыртқа шығарып, босап қалғаныңызды сезінесіз. Айтарыңыз біткенде, екінші тараптың уәжін тыңдаңыз. Сіздің кінәлауыңызға не деуде? Іштей оған да бір жауап келетін болады. Жауап сіздің кешіруіңізге жеткілікті ме? Жеткілікті болса, оны кешіруге дайынсыз деген сөз. Соған беріліңіз. Жауап қанағаттандырмаса, жиі-жиі осы әдіске жүгініңіз. Мынаны ұмытпаңыз, сезімдеріңіз кеткен сайын ол болған жайтқа деген ашуыңыз тарқайды, сөйтіп кешіруді қажет ететіндей де жағдай қалмайды. Бұл әдісті де ойша жасап көрсеңіз болады.

0 пікір