Нұркен ӨТЕУІЛОВ: Өмірімдегі ең қуанған кезім - алғаш намазға тұрған сәтім шығар
Нұркен ӨТЕУІЛОВ: Өмірімдегі ең қуанған кезім - алғаш намазға тұрған сәтім шығар
9 жыл бұрын 8920 Нұркен ӨТЕУІЛОВ, актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері
Сұхбаттасқан Марфуға Шапиян
Өмірімнің мәні – ұрпағыма ізгі тәрбие беру

– Аға, он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Оразаның алғашқы күндері қалай өтіп жатыр? Жұмыстарыңыз оңай емес. Қиындық туып жатқан жоқ па?

Бұл айды үлкен сағынышпен күттім. Рамазанға төрт көзіміз түгел, аман-есен жеткізген Аллаға шүкірліктер болсын. Рамазан – өзім үшін де, отбасым үшін де жақсы жаққа өзгеру айы. Бір жолдасым «Рамазан айы бітпесе екен» деуші еді. Өйткені, оразада адамдардың бәрі өзгеше күйге түседі. Айналамыздан сабырлы, жүздері жарқын, құлшылығына берік, ізгі істерге ұмтылған жандарды жиі көре бастаймыз. Аллаға шүкір, оразаның алғашқы күндерін ерекше ықыласпен өткізіп жатырмыз. Сағынып қалыппыз. Жоқ, жұмыста да ешқандай қиындық тумайды. Биыл оразаны алғаш ұстағалы жатқан кей достарымыз: «Қиын болмай ма? Біздің жұмысқа кедергісі келмей ме?» – деп біздерден сұрап жүрді. Олардың бәріне «керісінше, осы кезде жұмыс істеу керек» деп жауап беремін. Кейбіреулер оразада таңнан кешке дейін үйінен шықпай жатады. Уақыт өткізу үшін теледидардан ананы, мынаны көреді. Ал біз таңнан ауызашарға дейін жүгіріспен, яғни дайындықта, спектакльде  өткіземіз. Алла Тағаланың көмектесіп тұрғаны ғой, ешқандай күш түспейді. Бастысы ниет дұрыс болса болғаны, қалғанын Алла Тағаланың өзі реттейді екен.

– Ең алғаш ораза ұстаған уақытыңыз есіңізде ме?

Алғаш ұстаған кезімде «Түкірігіңді жұтпау керек, ананы-мынаны істемеу керек» дегеннің бәріне сеніп, артық әрекет жасауға қорқып өткізгенім есімде. «Түкірікті жұтпау керек» дегенді ойлай берсең, сол ойлағаннан-ақ аузыңнан сөл бөліне береді екен. Осылай көп нәрсені түсінбей сәл қиналған тұстарым да болды.

С.Потаповтың "Шие" спектаклінде Балташ рөлінде

– Дүниедегі ең үлкен бақыт – нұрланған жүректе болса керек. Имандылыққа бет бұруыңыз, әрине, алдымен Алланың қалауы десек те, кейде әлдебір оқиға әсер етіп, бір адамдар себепші болып жатады ғой. Ал сіз Хақты қалай таныдыңыз?

– Әрине, бірінші Алланың қалауымен деймін. Бала кезімде атам марқұм ішінен күбірлеп бірдеңе оқып, қолын жайып дұға етіп отыратын. Біз Кеңес одағының соңын көріп қалған адамдармыз ғой. Ол кезді білесіз, адамдар намазын да жасырын оқитын, дұғасын да ешкімге көрсетпей жасайтын. Біздің ауылда бір ғана кемпір, кластасымның апасы ораза ұстайтын. Ең кереметі, ол кісінің көзі тірі, ауылда тұрады, әлі күнге дейін ауыз бекітеді екен. Сол кісіні ауыл адамдары кезек-кезек ауызашарға шақырып жататын. Ол кезде баламыз, оразаның да, ауызашардың да не екенін онша түсінбейміз.   Кейін 90-жылдары Алматыға келіп, институтта оқып жүргенде жұма сайын жеті нан пісіріп, Құран оқыту студенттердің арасында үрдіс болып кетті. Шелпектерін АГУ, КазГУ-дың студенттеріне апарып береді, олар бізге өз шелпектерін әкеледі. Солай тәуелсіздіктен кейінгі жылдары өшкеніміз жанып, дініміз қайтып келе бастады. Мен де ақырын-ақырын мешітке барып, ата-бабамызға Құран бағыштап жүрдім. Бір күні мешіттің имамы Құранды өзгеге оқытқаннан, өзімнің оқығанымның қайырлы екенін айтып, бірер сүрені жаттауға берді. Жаттап алып, оқып жүрдім. Мешітке тағы бір барғанымда басқа амалдарымнан екі рәкағат намаздың қайырлы екенін айтып, сәлем намазын оқуға шақырды. Осылай әсте-әсте бес уақыт намазға да келдім. Достарым да Аллаға шүкір, жүректеріне иман ұялаған жігіттер. Әрине, бірінші Алланың қалауы болса, екіншіден, олардың да әсері көп болды. Құлшылық жасағаныма, маңдайымның сәждеге тигеніне мың мәрте шүкір етемін. Өмірімдегі ең бір қуанған кезім – алғаш намазға тұрған сәтім шығар. Өзім намазға жығылмай тұрғанда жеңгем қатты сырқаттанып, жаман аурумен (рак) ауырды. Осы Астанаға әкеліп қараттым. Қиналып кетті, ауруының беті жаман екенін өзі де естіді. Өзім намаз оқымасам да жеңгеме: «Намазға жығылшы. Сені Алла ғана құтқарады, үмітіңді үзбе», – деп, сүрелер жаттап жүрген шағын кітапшамды қолына ұстаттым. Жеңгем жаңағыны естіді де, бір күн, бір түнде намазға жығылды. Кейін ота жасалып, бәрі сәтті өтті. Өзі содан кейін: «Осы уақытқа дейін не ойлап жүргенімді білмеймін, маңдайым сәждеге тиген кезде Алладан туғаным мен балаларым, жан-жағымдағы туысқандарымның амандығын тілейді екенмін. Намаз маған кәдімгідей күш берді. Мына аурудан жазылуыма көмектесті. Нұркен, саған мың да бір рахмет!» – деді. Мен оған: «Мен емес, бәрі де Алланың қалауы», – деп жауап беремін. Расымен солай ғой, әйтпесе, мұндай дертке адам психологиялық тұрғыдан шыдамауы мүмкін. Қазір Аллаға шүкір, бәрі жақсы. Жазылды. Тексеріліп тұрады. Осы оқиғадан көп өтпей, өзім де намаз бастадым. 

– Көп адам намаз оқысам, бұрынғы әдеттерімнің бәрінен бас тартуыма тура келеді деп ойлайды. Сізді намаз өзгертті ме?

Алғаш намаз оқуды бастағанда маңайымдағы достарым: “Нұркен, тақуа болып кеттің бе?” – деп қалжыңдаушы еді. Шын ықылас-пейілмен кіріскеннен кейін бе, басында қатты кетіп қалсам керек. Мұндай жағдай алғаш намаз бастағандардың бәрінде болады-ау. Намаз бастамай тұрып менде де: «Енді ана ісім қалады, мынау қалады. Ертең анда бара алмай қалам, мында бара алмаймын ғой” – деген ойлар болды. Жоқ, бәрі өз ретімен, ыңғайымен келеді екен. Өмірде жіберіп алатын қателіктеріміз көп қой. Көптеген дүниені тілімізден де табамыз. Эмоцияға беріліп, біреумен ренжісіп те жатамыз. Намаз арқылы осы дүниелердің көпшілігінен айналып өтеді екенсің. Ойын-сауық, басқа дегендер өз-өзінен қала береді. Кейде «Намазға неге ертерек келмедім екен?” деп,  осы уақытқа дейін жасаған істеріме өкінген де уақытым болды. Кейбіреулер өздерін алдаусыратып: “Жастық шақ қой, жастық шақта сөйтіп ал, бүйтіп ал” деп жатады. Бұл – қате түсінік. Намаздың нағыз ләззатын сезген кезде соған дейінгі уақыттарыңның бекер өткенін ойлайды екенсің.

– Біреу үшін өмірдің қызығы – байлықта, енді біреулер үшін – биік мансапта. Ал сіз үшін өмірдің мәні неде?

– Мені де осы сұрақтар мазалайды. Шәкәрімнің білімділерге қойған бес сауалы төңірегінде де жиі ойланамын. Театрда жүргеннен кейін айналамдағыдарға: «Адамның өмірге келгендегі миссиясы не?» деген сұраққа жауап бере алатын пьеса жазылса, соны сахнаға шығарсам» дегенді айтып жатамын. Мәулананың: “Дос керек болса, Алла жетеді, дұшпан керек болса нәпсі жетеді, насихат керек болса өлім жетеді” деген тамаша сөзі бар. Осы сөз үнемі көкейімде жүреді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): “Көбейіңдер. Ертең үмбетімнің көптігімен мақтанамын” деген сөзін басшылыққа алып, дұрыс ұрпақ өсірудің де маңызын түсінгендей боламын. Мен үшін өмірдің мәні – ұрпағымызды ізгі, тәрбиелі, иманды етіп өсіру. Дұғамда қалдырмайтыным да осы тілек. Ата-ананың балаларына берген ең үлкен сыйлығы – тәрбиесі.

– “Өмірімнің мәні – балаларыма дұрыс тәрбие беру” деген ойды айтып отырсыз. Бала тәрбиесінде не нәрсеге басты назар аударасыз?

– Өзім атаның тәрбиесін көрдім. “Бір әкенің берген тәрбиесін бір мектеп бере алмайды” деп жатады ғой. Атаның тәрбиесі өте терең дүние екен. Атам тауға шыққанда біздерді жанына ертіп алатын. Өзімізде машина жоқ, бірақ атам тауға жеткенше машина жолын тастардан тазалатады. Іштей ыза болып: “Өзімізде машина да жоқ, ендеше неге су кешіп бұл жолды мен тазалаймын?” деп бұрқылдап жүретінмін. Оған құлақ асатын атам ба? Тауға жеткенше қасынан безіп кететіндей болам. Ағаш арасымен жүргенде де, кейбірін кескізіп «Мына жермен адам өтеді, мынау соның көзіне тиеді» деп, ол жерді де тазалатып отыратын. Сол кезде ренжігеніммен, кейін ойласам тәрбиенің негізі сонда жатыр екен. Атам сөзбен емес, барлығын іспен көрсетіп жүріпті. Үйде Абайдың мұқабасы әбден тозған өлеңдер кітабы болатын. Мені жанына отырғызып: “Ана бетті аш, осындай өлең бар” деп оқытып отыратын. Өзі аңшы ғой, “Қансонарда бүркітші шығады аңға, Тастан түлкі табылар аңдығанға” деген секілді біраз өлеңін жатқа оқитын. “Енді мына бетті аш” дейді. Мен шаршаймын, ойнағым келеді. Ол кісі жібермейді. “Мынаны оқы, саған осының пайдасы болады” деген емес. Бәрін ісімен көрсетті. Оның бәрін кейін біліп жатырмын. Бірде үйге Алматыдан үлкен кісілер келді. Соларға Абайдың жаңағы кітабын табыстап, олар оны қайта түптетіп, жаңалап әкелді. Атамның сол кітабы қазір менде, ең құнды жәдігер ретінде үйімде тұр. Қазір балаларыма атамды ғибрат ретінде айтып отырамын. “Маған аталарың осылай істеген. Сендер де қарап жүрмеңдер. Оқу керек, адамға білім керек, мінез керек”, – деймін. Олар: “Мінез деген не?” – деп сұрайды. Әлихан атамыздың “Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден” деген сөзі бар ғой. Соны айтамын. Адамда рух болу керек. Осының бәрі тәрбиемен келеді. Атаның ақылымен, ананың сүтімен келетін тәрбиелер осылар. Мен балаларымды рухты, мінезді, еліне адал қызмет ететін ұрпақ етіп тәрбиелегім келеді. Кейде кешқұрым үшеуміз бірге оқып, Абайдың әр қарасөзін талдауға тырысамыз. Сол екі балаға түсіндіру арқылы өзім де көп нәрсе аламын, үйренемін. Мүмкін олар әлі де түсінбейтін шығар. Бірақ кейін есейгенде айтқандарымды естеріне түсіреді, саралайды деп ойлаймын. Марк Твеннің “Он екі жасымда әкем ақымақ көрінуші еді, жиырма бірге келгенімде әкемнің ақылды болғанына көзім жетті”, – дейтіні бар ғой. Яғни, 21-ге келгенде әкесінің сіңірген тәрбиесі мен айтқан сөздерін түсіне бастаған. Сол сияқты ұлдарымның құлағына “Отан”, “ана”, “жер”, “ел”, “ұлт”, “рух” деген дүниелерді, қазақы тәрбиені барынша сіңіруге тырысудамын. Балаларымның алдындағы басты міндетім – осы. Қалған несібесін өздері теріп-теріп алады, Алла Тағала береді. Балаларымызға бірінші кезекте осы тәрбиенің фундаментін құюымыз керек. Бес жасқа дейін адамның мінезі қалыптасады дейді. Одан кейінгі дүние тәрбиеге байланысты. “Баланы бес жасқа дейін патшаңдай сыйла, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бестен кейін досыңдай сырлас” деген ғой. Үлкен ұлым жақында 15-ке толды. Оған: “Сен маған доссың. Екеуіміз сырласайық. Менің ең жақын досым қазір сенсің”, – деп жақынырақ әңгімелесуге тырысып жүрмін.

Жұбайы Айнұр, ұлдары Бейбарыс, Ақарыспен

– Әлеуметтік желілерден жер, тіл мәселелеріне келгенде үндемей қалмайтыныңызды байқап қалып жүрміз. Тіпті театрдағы «Қараш-қараш» спектаклінің өзінде сіз сомдаған Жарасбай бейнесі арқылы азаматтық үніңіздің бірге жүретінін көргендей болдық. «Өнер адамдары өздерінің өнерлерінің айналасында жүру керек, соны ғана білу керек» деп айтатындар да жоқ емес. Екінші бір топ: “Олар неге үндемей жатыр?” деп сіздерге салмақ сала сөйлейді. Сіздіңше қалай? Өнер адамдарының мұндай мәселелерге араласуы қаншалықты дұрыс?

– Жер дегенде, ел дегенде өнер адамы, басқа деп бөлінбеу керек. Бұл жерде өнер адамдары немесе басқалар ғана тұрып жатқан жоқ қой. Бәрі тұрады, елдікке, жерлікке келген кезде бәрінің жан ауруы бір. Ел, жер мәселесіне келген кезде бөлінбеу керек. Жұдырықтай жұмылып, бірге болуымыз қажет. Бізге ынтымақ, бірлік керек. Бірлік болған жерде бәрі болады.

Әрине, өнер адамдары халықтың алдында жүргеннен кейін жұрт “Осылар неге бір ауыз сөз айтпайды?” деп күтетін шығар. Қазір бізде танымалдылыққа, мансапқорлыққа, арзан шоуларға құмарлық көп. Эфирден миымызды улайтын арзан, ортанқол нәрселер жиі көрсетіліп кетті. Мұның бәрі рухты жаншу деп ойлаймын. Маған қазақтың рухы өшіп бара жатқандай көрінеді. Қоғамда орны бар үлкен-үлкен тұлғалар азайып бара жатыр. Халықтың алдына шығып: “Айналайын, халқым! Сабыр сақтаңдар” дейтін бір ақсақал табыла ма, жоқ па? Мұның бәрі идеологиямыздың дұрыс болмауынан. Мұхтар Әуезовтің “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” деген сөзін бүгінде, “Ел боламын десең, экраныңды түзе” деп айтып жүрміз. Сол экранымыз түзу ме? Жөні түзу көретін дүние бар ма? Кезінде Әшірбек Сығай ағамыздың “Жансарай” деген бағдарламасы болды. Көңілге қонымды ойлар айтылатын сол бағдарламадан үлкен зиялы қауымды көретінбіз. Солардың ойларымен келісетінбіз. Қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақ “Зиялы қауым деген кім?” деген сұраққа жауап бере алмайды. Өйткені олар үшін зиялы қауым – танымал шоумендер. Мұның бәрі қазақтың рухының төмендеуінен болып отыр деп ойлаймын. Бізде Әлихан айтқан білімді жігіттер көп, бірақ мінезді жігіттер аз. Ақселеу ағаның: “Бізде білімді жігіттер көп. Экономикадан да, математикадан да, қай жағынан болсын білімдері жоғары, бірақ рухтары жоқ” деген бір ауыз сөзі бар. Расымен солай болып барады. Қоғамымыз дертті қоғамға айналуда. Өткенде театрда Махамбеттің образын сахнаға шығармақ болдық. “Спектакльді қалай шығарамыз?” деп біраз талдадық, талқыладық. Біз сахнадан жауырыны жалпақ, сақалы бар, шашы жоқ, бұлшық еттері бұлтылдап ойнап тұрған батыр Махамбетті көргіміз келеді. Ал өмірде оның бойы бар болғаны 1,67 см, яғни кішкентай ғана адам болыпты. Ал ол бізге алып адам болып елестейді ғой. Оны бізге солай елестетіп отырған қандай күш, қандай құдірет? Ол – рух, оның сөзі. Міне, бізде осы рух жағы кемшін түсіп жатыр. Шыңғыс Айтматовтың “Ғасырдан да ұзақ күн” деген шығармасын білесің ғой. Сонда Едігенің: “Мына Сарыөзекте тұру үшін адамға әманда рух керек. Дала – кенен, адам – ноқат. Ұлы даланың қатыгез тезіне шыдасаң жолың міне, шыдамасаң жолың әне, бара бер”, – деген керемет сөзі бар. Мұнда да бірінші рух айтылады. Қазіргі қазаққа да алдымен рух керек. Рухымызды оятуымыз қажет. Рух болмай, құр айғаймен көпшіліктің алдына шығып ұрандатудың бәрі бос нәрсе.

""Қараш-қараш" спектаклінде Жарасбай рөлінде

– Даналарымыз «Кәрілік келмей тұрып жастықтың қадірін біл» деген екен. Биыл қырықтың қырқасына қадам басқалы тұр екенсіз. Жастығыңыздың қадірін қаншалықты білдіңіз? Қырық қандай жас екен?

– Мұқағалидың:

Қырықта дәнеңе жоқ дара тұрған,

Сол баяғы бала мінез, бала тұлғам, – деген өлеңі бар ғой. Менде де сол күй. Әрине, әр жастың өз тамаша кездері бар. 25-30 жастың өз қызығы бар. Бірақ оның бәрі өтті екен деп, “жастық шағым-ай, осылай болып еді-ау” демеймін. Алланың берген әр жасына қуанамын. Әр жаңа жасқа қадам басқан сайын өзіме есеп беремін. «Осы жұмысым арқылы не жасадым? Не істеу керек? Маған не білу керек? Ары қарай үміт артарым не?» деген сұрақтарға жауап іздеймін. Қырық деген оңай жас емес. Абайдың “толық адамына” ұмтылу, жақсы адамды көріп, соған ұқсамаққа тырысу, жан-жағымыздан жақсы адам іздеп, толығуға тырысу – менің басты мақсатым.

 

“Абай” актерлік жолдағы үлкен белес болды

Аға, бүгінде Астанадағы Қаллеки театрының маңдайалды актері өзіңізсіз. Көптеген басты рөлдерді сахнаға алып шықтыңыз. Осыған дейін Әуезов театрының «Абайын» көрген едім. Бірақ сіз сомдаған Абай менің танымымдағы нағыз Абайға жақындағандай болды. Бұл рөлге қалай дайындалдыңыз? Ақынның бейнесін аша алдым деп ойлайсыз ба?

Абай рөліне мені бекіткен кезде «өзім де аң-таң, апам да аң-таң» дегендей күйде болдым. Ол кезде театрға Еркін Жуасбек ағамыз басшылық ететін. Қарағанды театрында істейтін талантты режиссер Әлімбек Оразбеков ағамызды шақыртып, ол кісі «Абайды» қоятын болды. Режиссер бізді, актерларды сырттай ғана біледі, театрымызға келіп тұрғаны сол. Содан Еркін Жуасбек мені шақырып алды да: «Нұркен, сен Абайды ойнайсың», – деді. «Жоқ, ойнамаймын» демесім анық, үндеген жоқпын. Іштей қорықтым. Ол кезде 33-те ғанамын. Ал 1962 жылы «Абайды» Әзірбайжан Мәмбетов қойғанда Абайды ойнаған КСРО Халық әртісі Ыдырыс Ноғайбаев ағамыз 31-ақ жаста болыпты. Жүрексінсем де, тәуекелге бел будым. Режиссер де Абайды менің алып шығатыныма толық сенбей: «Оның жақсы актер екенін білемін, бірақ...» дей берген екен. Оны режиссер әбден спектакль шығып,  болары болып, бояуы сіңген соң: «Нұркен, менде осындай күдік болып еді. Бірақ бекер күдіктеніппін» деп өзі айтып берді.

Абай мен үшін актерлік жолдағы үлкен белес болды. Абай арқылы көп нәрсені білдім. Абай маған сырлас болды. Абай менің ұстазыма айналды. Былай қарасаң, қазақта Абайды зерттеген де, Абай туралы жазған да адамдар көп. Абай туралы эпопея жазған Әуезовтің өзі «Абай деген – терең теңіз, алып  мұхит. Абайды таныған сайын, оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек, сүңги беруің керек. Ал мен оның бетін ғана қалқыдым», – дейді ғой. Сондай алып тұлғаны өз деңгейінде сахнаға шығару өте қиын еді. Абайды қай жағынан көрсетуіміз керек? Философ Абай ма? Күрескер Абай ма? Сахнаға осындай оймен келдім. Актер әр рөлге іздену, оқу арқылы келеді. Өзім Оралхан ағамыздың «Актер болу – ешқашан аяқталмайтын, күндіз-түні ұйықтамайтын оқу-тоқуды таңдап алу», – деген сөзін жиі қайталаймын. Сосын актерге рөлін ойдағыдай алып шығу үшін ішкі күш, мықты рух керек. Ішкі рухы мықты актер небір терең рөлдерді сәтті алып шығады. «Абай» болу үшін мен де ұзақ іздендім. Абайды өз жазғандарынан іздедім. Абайдың бір басында қаншама трагедия жатыр. Оны сахнаға алып шығу оңай емес. Әлі де толық Абай сахнаға шыққан жоқ деп ойлаймын. Менің ендігі арманым – Абайдың жанын, Абайдың жүрегін, Абайдың тұла бойында ағып жатқан қанын, соғып жатқан әр тамырын өз қарасөздері, өлеңдері, әндері арқылы саханға алып шығу. Оның жанының халық үшін қаншалықты ауырғанын, қаншама трагедияны басынан өткергендігін гримсіз жеткізгім келеді. Бұл менің алдыға қойған үлкен мақсатым, арманым. Қазір драматург, режиссерлермен сөйлесіп, кеңесіп жатырмын. Мұхтар ағамыздың: «Абайдың үні, Абайдың лебі – халықтың лебі, халықтың үні» деген жақсы сөзі бар ғой. Ол үн бізге де жетті, енді оны ары қарай ұрпаққа жеткізуіміз керек. Әр ұрпақ Абайды өзінше таниды. Біз Абаймен тәрбиеленуіміз керек.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ

Бес дұшпан іс білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рахым, ойлап қой.

Бес асыл іс көнсеңіз, – дейді ақын. Абайдың басқа философиясын, өлең, қарасөздерін былай қойып, ол айтқан бес жаманнан жиреніп, бес жақсыны бойымызға сіңірсек, адам боламыз. Абай елу нәрсе айтып тұрған жоқ қой, бес-ақ нәрсе. Адам болуымыз үшін сол жеткілікті. Абай – әлі де ашыла түсетін тұңғиық тұлға. “Гамлетке” дайындық кезінде Асанәлі ағаның: «Кезінде Қалибек Қуанышбаев Шекспирді ойнаған кезде Абайдан іздейтін», – дегені бар еді. Сонда мен «Абайдан не іздейді?» деп түсінбейтінмін. Сөйтсем, ол рас сөз екен. Өзім Гамлетті ойнаған кезде Абайдың: «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда, Көбінің сырты – бүтін, іші – түтін» деген сөзінің сырын түсінгендей болдым. «Гамлеттің» соңында бір сахна бар. Ол қабіршімен кездесіп: «Мынау кімнің басы?» деп сұрап жүріп, сонда қабіршіге: «Александр Македонскийдің де жер астындағы күйі осындай болды ма екен?» – деп сұрайды. Анау «иә» деп жауап береді. Сонда Гамлеттің: «Александр өлді. Александр жерленді. Александр өлексеге айналды. Ал өлексе топыраққа, топырақтан біз сылақ жасаймыз ғой» дейтін сөзі бар. Қандай сөз! Сонда Гамлет басты ұстап тұрып:

Шіріген Цезарь топырағымен үйінді,

Қалап қойсаң, тас болған да тиімді.

Әмірші еді бүкіл әлем жұртына,

Жамау болды жаман үйдің сыртына, дей келіп: «Бір-бірімізді қырдық, өлтірдік, таққа таластық, жамандадық, өсектедік. Бізге не жетпейді?», – деп түйіндейді. Абайдың айтатыны да – осы сөз. Ұлылардың барлығының ойы бір жерге келіп түйісіп жатады.

Абай - Нұркен Өтеуілов. "Абай" спектаклі

– Театрдағы сүбелі рөлдеріңіздің бірі – Гамлет. Бір сұхбатыңызда Гамлетті ойнауға қорқақтағаныңызды, оның күрделі образ екенін айтасыз. Гамлетті өзіңіз ойлағандай алып шыға алдыңыз ба? Әлемдік сахналардағы кімдердің Гамлетін көрдіңіз?

– Ғаламторда әлемдік театрлардың «Гамлеті» тұр дегенімізбен, мен өз Гамлетімді Абайдан іздедім. Абайдың жаңағы екі ауыз сөзі Гамлеттің бүкіл болмысын ашып тұр. Бұл – физикалық жағынан да, психологиялық жағынан да өте күрелі, терең рөл. Мұнда адам өз-өзімен алысады, түрлі сұрақтармен өзін-өзі мазалайды. Ең жиі қоятын сұрағы «Өлмек пе, жоқ қалмақ па?»

Өлмек пе, қалмақ па?

Ендігі сауал екіұдай.

Өмір, өлім арпалыс,

Татар дәмім таусылды деп,

Бас ием бе, тағдырға?

Әлде мынау қасіреттің селімен,

Жан шыққанша жағаласып бұлардың

Бітірсем бе істерін?

Өлмек, ұмыт болмақ,

Үзіп тастап ой-арманның арқауын,

Тәнге тәуел, азап-сордан арылмақ

 Өлмек пе, қалмақ па? – дейді Гамлет аласұра. Соңғы кездері бұл жолдарды Болу ма, бордай тозу ма?”деп те аударып жүр. Гамлет өз-өзімен арпалысады. Гамлетті ойдағыдай шығару үшін жанкештілік пен тынымсыз еңбек керек болды. Бұл рөл мені шыңдай түсті.

– Аға, біздер театр әлемінің ішкі кухнясын біле бермейміз. Сыртынан қарап «Қаңтардың суығында, шілденің аптабында далада жүрмейді, жер қазбайды, шөп шаппайды, егін жинамайды. Бұл актерлік өнер дегенің – той-думан, әзіл-күлкі, жұрттың алдындағы рахат өмір» деп ойлауымыз мүмкін. Ақиқатында солай ма? Актерлік мамандығының арқалаған жүгі қандай?

– Актерлікті кейде мамандық емес дер ем. Талант – ананың жатырында жатқан кезде қанмен құйылатын нәрсе. Сол сияқты актерлік те қанмен келетін нәрсе шығар. Актерлік үлкен жанкештілікті талап етеді. Актердің ыстығы да, суығы да, қаңтары да, бәрі-бәрі ішінде жатады. Ол өзінің жан дүниесімен арпалысады. Бір кейіпкерді ойнау үшін кәдімгідей кандидаттық немесе докторлық қорғаған сияқты үлкен зерттеу жұмыстары жүреді. Кейіпкеріңнің әр деміне, оның ойлау жүйесіне дейін салып, жасап шығу оңай дүние емес. Ол нағыз актерлерге ғана тән дүние. Қызығымен қатар, актерлік – қиын да мамандық. Денсаулығыңа салмақ түседі. Менің “Скапеннің айласы” спектаклінде сахнада артқа қарай сальто жасайтын жерім бар. Сондай кезекті ойындарымның бірінде аяғым тайып кетіп, оңбай құладым. Көзімнен от жарқ ете қалды. Белім тыз етті. Скапен – сахнадан түспейтін кейіпкер. Бір жарым сағат бойы бір жағынан шығып, қайта кіріп сахнада жүреді. Көзімнің қарауытқанына қарамастан, спектакльді соңына дейін ойнап шықтым. Грим бөлмесінде бетімді сүртіп болып, енді тұрайын десем, тұра алмаймын. Асанәлі ағаның «Скапеннің айласын» алғаш көрген кезі. Жігіттер спектакльден соң ол кісінің жоғарыға шақырып жатқанын айтты. Оларға: «Мені көтеріп апармасаңдар, жүре алмаймын», – дедім. Солай үшінші этажға әрең шығып, ертеңіне мүлде тұра алмай қалдым. Жігіттер ауруханаға алып барды, сөйтсем омыртқам шытынап кетіпті. Міне, содан бері белім ауыратын болды, кей кезде орнымнан тұра алмай қаламын. Енді мына қызықты қараңыз. Бірде «Гамлетті» ойнап жатып, бірінші монологымды айтып, сахнадан шыға берісте құладым. Спектакльдың басы ғана, ал мен белім ұстап, тұра алмай қалдым. «Гамлет» – анда-мұнда секіріп жүретін, күш көп түсетін спектакль. Айналып, баспалдақпен басқа жағынан шығуым керек. Ал мен тұра алмаймын. Зал көрермендерге лық толы. Екінші құрамда Сырым Қашқабаев ойнайтын. Сахна сыртындағыларға: «Спектакль ойнай алмаймын. Ары қарай жүрмейді. Сырымға телефон шалыңдар», –дедім. Ол ести сала қаланың басқа басынан аңыратып келе жатады. Дәл сол күні басшымыз Еркін Жуасбек спектакльді залдан көріп отырады. Ол да маған бірдеңе болғанын түсінеді. Өйткені, үстінен шығатын жерден, мен ақырын астынан еңкейіп шықтым. Оған дейін үш-төрт минуттық демалатын жерім бар еді. Соны пайдаланып, беліме арнап жастайтын жаттығуларымнан жасап, ақырын да болса аяғымды басуға келіп қалдым. Сосын темірді ұстап, сахнаға ілбіп әрең шықтым. Сахнадағы актерлардың барлығы маған бірдеңе болғанын сезді. Шошып кеткен. Маған қадалған жанарларынан сұрақ көремін. Ақырын бұрылып сөзімді айттым. Олар белімнің кеткенін ұқты. Бәрінің көзінде «Ары қарай не істейміз?» деген үрей тұр. Монологымды ақырын айтып шықтым да, сахнаның артына бардым. Сырым да жетіп, киініп, дайын тұр екен. Көрермендер арасынан Еркін Жуасбек те келіпті: “Не болды?” деп сұрап жатыр. «Мен ары қарай ойнай алмаймын, жүре алмаймын. Сырым ойнасын», – деймін ғой. Сөйтсем Еркін: “Нұркен, сен тарихта бір актер ойнап жатып, екінші актер ары қарай жалғастырып кетіпті дегенді естіп пе едің?» – дейді. «Естіген жоқпын. Бірақ тарихта қалсын да», – деп мен де қоймаймын. «Жоқ, Нұркен. Олай болмайды. Өлсең де, тірілсең де, сөзіңді жәй айтып шықсаң да спектакльді өткізуің керек», – деді. Жедел жәрдем шақырылып қойылған. Ол да келіп тұр екен. Амал жоқ, беліме қатарынан екі-үш укол салдырдым. Бойымды жаза алмаймын, жартылай иіліп қалдым. Сол күйімде сахнаға қайта шықтым. Гамлеттің жанын жеп тұрып айтатын сөздері бар еді. Соның бәрін айтқанда, өзімнің жаным сахнада шығып кетейін деп тұрды. Белім әкетіп, жаным көзіме көрініп тұрды. Гамлеттің сөздері аузымнан шығып жатты. Солай спектакль де бітті-ау. Көрерменнің жүрегіне жеткені сондай спектакль біткеннен кейін Еркін Жуасбек келіп: «Нұркен, осы уақытқа дейін ойнаған Гамлеттеріңнің ең шынайысы осы болды. Үнемі осылай ойнауың керек», – деп күледі. Спектакль біткен соң гримімді сүртіп, ақырын сыртқа шықсам, екі-үш көрермен келіп тұр. Маған: «Сіздің қолыңызды алып кетейік деп едік. Рахмет! Күшті ойнадыңыз! Шынымен-ақ Гамлетті көрдік», – деп жылы лебіздерін білдіріп жатты. «Рахмет, рахмет!» деп қоямын. Ішімнен ұялып тұрмын. Ары қарай ауруханаға алып кетті. Осындай ауыртпалықтарынан кейін, актерлікті оңай деп кім айтады?!

Нұркен - Гамлет

 – Актердің бағының жануына сахнадағы партнерінің де ойынының ықпалы болады екен. Сізді сахналық партнерлерден жолы болған деп айта аламыз ба?

– Театрда жалғыздың қолынан ештеңе келмейді. Актер ойынының сәтті шығуы шынында да, көп жағдайда партнерге байланысты. Бір-бірімізді сөзсіз түсінетін ондай партнерлер театрымызда баршылық. Тілектес Мейрамов, Гүлжан Әспетова, Қуандық Қыстықбаев, Сырым Қашқабаев, Алтынай Нөгербек секілді мықты партнерлермен мақтанамын.

– Белгілі актер Тілектес Мейрамов ағамыз «Қазіргі Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдағы орта буын актерларын өте қатты жақсы көремін. Сыйлаймын. Өте мықты буын. Кез келген рөлге дайын актерлар» деп сіздерді Әуезов театрының актерларынан да бір саты жоғары қойып, үлкен баға берген екен. Кез келген рөлге дайын дегеннен шығады, армандап, ойнасам деп жүрген рөліңіз бар ма?

– Ойнасам, сахнаға алып шықсам деп армандаған рөлдерімнің бірі – Қайрат Рысқұлбеков еді. Бірақ қазір оған менің жасым да, уақытым да өтіп кетті. Қайратқа бар болғаны 21 жасында:

 Еркек тоқты – құрбандық,

Атам десең, атыңдар! – дегізіп өлең жаздырған қандай күш, қандай рух?  Міне, маған осы қызық, осы жұмбақ. 21 жасымызда біздің бір ойымыз мына жақта, екінші ойымыз ана жақта жүр едік. Ал ол айтқан 21 жастағы сөз қандай?! Осы мені таңғалдырады. Мұндай рухты дүниелердің барлығы жазылу керек, сахнаға шығарылу керек. Бес арысымыз, үш бәйтерегіміз де сахналануы керек. Олар туралы жақсы фильмдер түсіру қажет. Әлихан, Ахмет, Міржақып туралы да спектакльдер бізде жоқтың қасы. Олардың сахнадағы образын жасауымыз керек. Менің адамшылық та, актерлік те борышым осы. Қазіргі арманымдағы рөлдер де осы.  

– Аға, біраз режиссерлермен жұмыс істестіңіз. Қай режиссердің сіздің талантыңызды ашу жолындағы мінез-құлқы есіңізде қалды? Қай рөліңізде?

Әр режиссердің беретін үлкен салмағы бар. Ешқайсысын «Менің талантымды ашқан жоқ» деп айыптауға болмайды. Әр режиссер актерлерінің мүмкіндігін толық көрсетуге тырысары анық. Дегенмен, режиссерлердің ішінен мені қатты қамшылағаны – Әзірбайжан Мәмбетов. 2007 жылы осы Конгрес-холлда Әзекеңнің 75 жылдығын өткізетін болып, мен Чеховтың «Ваня ағайындағы» Войницкийдің «Жиырма бес жыл өмірімді сарп еттім, әйтпесе менен Шопенгауэр шығар еді» деп келетін монологын оқуға дайындалдым. Кезінде “Ваня ағай” қойылып, ондағы Войницкийдің рөлін даңқты актер Әнуар Молдабеков ойнаған. Ал спектакль Мәскеуде қойылғанда, орыстар орындарынан тік тұрып: «Біздің орыстан мұндай Войницкий шыққан жоқ, ешкім бұлай ойнай алмаған» деп Молдабековке үлкен баға берген. Сол монологты сахнада өзімше оқып тұрмын. Дайындық жүріп жатыр. Бір кезде Әзірбайжан ағаның өзі келіп, менің оқығанымды жақтырмай: «Ой, идиот! Ме-ме-ме, жиырма бес жыл, жиырма бес жыл дейді ғой!» деп боқтай жөнелді. Жас кезіміз, ол кісінің алдында аяқ-қолым дірілдеп, көзге жас толды. «Театрдан кетем. Менен түк шықпайды екен» деген ойлар келді. «Уйди, отсюда!» деп жекіріп кетіп қалды. Жерге кіріп кетейін десем, тесік жоқ. Басым салбырап отырғанмын. Бір уақытта Әзекеңнің хатшысы келіп: «Сізді Мәмбетов шақырып жатыр», – деді. Үстіне шығып, кабинетіне кірсем, отыр. Мені «Иди, сюда!» деп жанына шақырды. Видеокасета қосты да, «қара!» деді. Видеода дәл сол монологтың репетициясы жүріп жатыр. Мәмбетовтың жас кезі. «Давай, давай, давай!» деп қояды. Сахнаға Әнуар Молдабеков атып шығып: «Жиырма бес жыл өмірімді сарп еттім...» деп зырылдатып оқи жөнелгенде қалт тұрып қалдым. Актер құдды автомат па дерсің. Бірақ сөзінен бір әріп түсіп қалмайды. Монолог Молдабековтың аузынан ақтарылып түсті. Экранның бер жағынан көріп отырғаныма қарамастан денем шымырлап кетті. Әзекең маған қарап: «Міне, осылай оқу керек!» – деді де: «Бар, жүгір!» – деп шығарып жіберді. Жаңағыны көрдім де, өзімді-өзім ұмытып: «Міне, актер деген осындай болу керек!» дей бердім. Жалпы Әнуар Молдабеков – үлгі тұтатын, сондай болсам деп армандайтын актерларымның бірі. Өзін көрмесем де ол кісінің өнері туралы әріптестерінің, бірге істеген аға-інілерінің, достарының аузынан естіп, Молдабековке ғашық болдым. Тілектес ағалар ол кісі туралы естеліктер айта бастаса, айта түссе екен деп тұрамын. Молдабековтың жаңағы кішкентай нәрсесі менің тағы бір тынысымды ашты.

Театрдағы әріптестерімен

 

Астанамен бірге өстік

– Аға, актерлікті таңдауыңызға атақты актер, өзіңізге туыс болып келетін Бекжан Тұрыстың ықпалы болғаны туралы оқыған едім. Тракторист болам деген бала Нұркеннің ықыласы өнерге қалай ауды?

– Дұрыс айтасыз, мені өнерге тартқан Бекжан ағам. Мұны бұрынғы сұхбаттарымда да қайталап айтудан жалыққан емеспін. Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесінде ән айтып жүрдім. Ол кісі ауылдағы концерттерде менің ән айтқанымды көреді. Алматыдан келгенін естісем, өзім де Бекжанның қасына барып алатынмын. Әнін, өлеңін үйренемін. Мені «Сен театральныйға түсуің керек. Бәріне өзім көмектесемін» деп оқуға дайындады. Ол маған Жүргеновке тапсырғанда оқитын монологтарын әкеп беріп, өлеңді қалай оқу, әнді қалай айтуды үйретті. Өзі ол кезде Әуезов тетарында істейтін. Үйдің іші: «Жоқ, театрға бармайды. Әртіс болғаны несі?» – деп қарсы болды. Сөйтіп жүргенде, біз бітіретін жылы мектебімізге екі балаға АЗВИ, қазіргі Қазақ Ұлттық Аграрлық университетіне жолдама келді. Жолдаманың бірі үздік оқитын маған, екіншісі Талғат деген кластасыма бұйырды. «Екі жолдама бар екен. Балам, болды, сен АЗВИ-ға түсесің», – деді әкем. Ол кезде ауылда мал дәрігерлерінің мәртебесі жоғары. Колхоз бастықтары мінетін УАЗ деген машинамен жүреді. Солай Жүргеновке дайындығым жайына қалды. Көңіл-күйім түсіп кеткен. Бекжан да «Сендер баланың бағын байладыңдар» деп ренжіді. Сөйтіп АЗВИ-ға барып, оқуға тапсырып құлап қалдым.  

Жолдама деген грант емес пе, сонда?

Жоқ, толықтай грант емес. Белгілі бір жеңілдіктері бар, бірақ бәрібір емтихан тапсыртады. Әлі есімде, есептен дискриминант келіп, соны шығара алмадым. Үйдегілерге ренішім себепті де қатты тырыспасам керек. Оқуға түспей қалғаныма Бекжан да қуанды.

Оқуға түспей қалған жылы немен айналыстыңыз?

Бекжан мені өзім қызмет етуді армандаған Әуезов театрына жұмысқа кіргізді. Бір жыл сонда істедім. Кім боп дейсіз ғой?! Театр қоймасын басқаратын кісінің жанына көмекші болып кірдім. Киімдер, сахна заттары сақталатын жер. Мейірман Нұрекеев, Уайс Сұлтанғазин секілді үлкен-үлкен әртістердің ойынын сонда көрдім. Жандарына отырып, әңгімелерін тыңдап,  солардай болсам деген арман пайда болды. Миымды «Қашан мен де сахнада өнер көрсетеді екенмін? Әртіс болу қолымнан келе ме?» деген сұрақтар торауылдады. Театр сахнасына деген құштарлық сол кезден басталған болар.  Әуезов театры сахнасының сол кездегі иісі мұрнымда қалған. Әлі күнге дейін әкемтеатрға кірсем, сол бір кездің лебі сезіліп тұрады. Әуезов театрында бір жылдай жұмыс істедім.

Оқу бітіргеннен кейін Әуезовте неге қалмадыңыз? Әдетте бәрі қалудың амалын жасайтын еді ғой. Әрі онда Бекжан ағаңыз бар. Неге Астанаға тартып кеттіңіздер?

Ол кезде институт бітіргендерге жолдама берілетін. Бірақ маған емтихан тапсырған кезімізде Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрынан жұмысқа ұсыныс түсті. Ал жолдама оқуды бітірген жеті курстасыммен Астанаға берілді. Алматыда болғым келсе де, бірге оқыған курстастарымнан қалғым келмеді. Солай Астанаға тартып кеттік. Ақмола 1997 жылы астана болып бекітілгенмен, 1998 жылы біз келгенде мұнда қазіргі қаланың елесі де жоқ еді. Сол жағалау деген атымен жоқ, батпақты, жаңбырлы, қысы суық қала еді. Қиындығына шыдай алмай қайтып кеткендер де көп болды. Біз «Әне, кетеміз, міне кетеміз. Болды, келесі жылы кетеміз», – деп жүріп, қалып қойдық. Пәтер жоқ. Театрдың шаруашылық үйінен үлкен бір бөлме берді. Театрда істеген 10 шақтымыз сол бөлмеде жататын едік. Төсегіміздің жанынан ғана шымылдық құрып алатынбыз. Алғашында кету деген ойымызға келмеді. Кейін қинала бастадық. Барлығымыздың көкейімізде «Ары қарай не істейміз?» деген сұрақ тұрды. Қалада өнер жағы дамымаған. Театрда жөндеу жұмыстары жүріп жатты. Спектакль аптасына бір рет қойылса, қойылды, болмаса ол да жоқ. Сенбі, жексенбі күндері ешқандай жер істемейді. Тамақ ішетін орындар жоқ. Сондай қиындықтардың бәрінен өттік. Былайша айтқанда, Астанамен бірге өстік. Осы қаланың әр кірпіші қалай қаланғаны көз алдымызда. Қазір әсем елордамызға айналып шыға келді. Осы жерде отбасын құрдық, осында балаларымыз дүниеге келді. Еңбегіміздің жемісін осы қаладан көріп, бағаланып жатырмыз. Сондықтан Астанаға келгеніме еш өкінбеймін, қайта қуанамын, Аллаға шүкіршілік айтамын.

Марио рөлінде - Нұркен Өтеуілов, Висенто - Сырым Қашқабаев. "Күн сәулесі түспеген" қойылымы

– Астанаға алғаш келген уақыттарыңызда көрермен залында шошайып  5-6 адамның отырған сәті болғанын бір сұхбатыңызда айтқан екенсіз. Ондайда сахнаға шыққан актерлер, сіздер қандай сезімде боласыздар? Астана көрермені қай кезден көбейе бастады? Өнеріңізді бағалайтын көрерменнің болмауы театрға деген құштарлықтарыңызды төмендетіп жіберген жоқ па?

Расымен, бір уақыттары залда отырған көрерменнен саханадағы актерлардың саны көп болатын кезі болды. Біз келген уақытта қалада орыстар көп еді. Автобусқа отырғанымызда орысша сөйлеуімізге тура келетін. Театрда орысша ертегі қойған кездеріміз де болды. Өзің ойлашы, қазақ театры орысша ертегілер қойды. Бірақ бізде үміт бар еді. 20-дан енді асқан жап-жас кезіміз. Жастықтың жалыны ма, әлде өнерге деген құштарлығымыз ба, мойымадық. Тек ел жақты қатты сағындық. Бала күнімізден алысқа шығып көрмеген басымыз «қайтып кетсек пе?» деген екіұдай ойда жиірек жүрдік. Бірақ шыдадық. Шыдамдылықтың, үміттің ақталғанын қазір көріп отырмыз. Ақырын-ақырын көрермендеріміз көбейе бастады. Өзіңіз де театрға барып, көріп жүрсіз ғой, қазір Қаллеки театры өз көрермендері қалыптасқан үлкен өнер ордасына айналды.

Жұбайыңыз Айнұр да талантты актриса. Екі өнер адамының үйде де, жұмыста да бірге болуы қиындық тудырмай ма?

Жұмысқа келгенде екеуміз әріптеспіз. Үйге келгенде мен – әке, ол – ана. Жұмыс театрда қалады. Артықшылығы сол, бір-біріміздің кем-кетігімізді толтырып, сынымызды айтып, жұмысымыз дұрыс жүруі үшін пікірімізді тыңдап, демеу болып жүреміз. Ешқандай қиыншылығын байқамадым. Керісінше, ерлі-зайыптылардың бір салада істегені дұрыс та шығар. Бір-бірін жақсы түсінеді. Кейде театрда марапаттау болып жатқанда: «Бір үйден ғой, екеуіне бірдей беріле ме?» деген сияқты әңгімелер шығып қалады. Сол кезде мен «Айнұрдың өз жолы бар. Оның өзінің еңбегі бар. Менің өз еңбегім бар. Сіздер шатастырмаңыздар. Біз жұмыста әріптеспіз. Сондықтан жұмыста бір отбасы деп қарамаңыздар», – деп айтып жатамын.

Сахнада да жиі партнерсіздер, иә?

Партнер болып жататын кезіміз көп. Мен Абайды ойнағанда, Айнұр Әйгерімді, «Штрауста» ол Розалинданы, мен күйеуі Генрихты ойнаймын. «Айман-Шолпанда» да ерлі-зайыптыларды ойнаймыз. Бір жағынан қызық, екінші жағынан дайындығымызға да жақсы.

– Ұлдарыңыз да өнерге жақын. Екеуі де дубляжға атсалысып жүр. Актер болғанын қалайсыз ба? Өздері не дейді?

– Бала болғаннан кейін олардың армандары да көп. Кіші ұлым Ақарыс «Бензинмен жүрмейтін, ауаны ластамайтын, сумен жүретін «Қазақ» деген машина шығарамын. Үлкен балалар үйін саламын», – дейді. Өнерге де талаптары, таланттары бар. Оны өзім де байқадым, көрдім. Балалардың беттерінен қақпаймын. Қай мамандықты таңдаса да қолдаймын. Бірақ қай нәрсеге ебі барын байқап жол көрсетуім керек деп есептеймін. Үлкен балам Бейбарысты «Сен әлемге танылатын, еліңді танытатын үлкен режиссер боласың. Тұлға боласың. Көресің әлі, Алла қаласа, соның бәріне жетесің», – деп кинорежиссерлікке дайындап жатырмын. Ол “Қалай жетемін?” деп сұрайды. Бұл жолда еңбек пен білімнің керектігін айтамын. Мықты-мықты адамдарды мысалға келтіремін. Екі қол, екі аяғы жоқ Вуйничтің видеосын көрдім де, көзіме жас келді. Ұлдарыма да көрсеттім. Біздің он екі мүшеміз сау, Алла тағала бәрін берді. Біз бар нәрсені пайдалана алмаймыз. Адамның қолынан келмейтін дүние жоқ. Онда бізге не кедергі? Әрине, жалқаулық. Өзімнің де жалқаулығым бар. Абайдың “Жалқаулық адамға бір жабысса, одан құтыла алмайсың” дегені бар. Соны жабыстырмау керек. Ары қарай таңдаған мамандықтарына белсенділіктерін арттыру керек. Ал кіші ұлым кейде өлең де шығарып, мақалды да құрап жібереді. Енді бірде ғылыми жұмыспен бір жерлерден орын алып жүреді. Аллаға шүкір, жан-жақты бала. Президент болам дейді. “Бірінші адам бол” деймін ондайда.

"Өнерлі отбасы" байқауында

Аға, дубляжға да біршама еңбек сіңіріп жүрсіз, сериалдардан да байқап қаламыз, дегенмен үлкен кинода рөлдеріңіз жоқ сияқты. Фильмдерге түсіп, бағыңызды сынап көру ойда жоқ па? Кинорежиссерлермен қарым-қатынасыңыз қалай?

– Бұрындары киноға қатты көңілім аумайтын. Бірақ «Неге киноға түспейсің?» деген сұрақтарға «Маған арналған сценарий әлі жазылған жоқ», – деп әзілмен жауап беретінмін. Әрине, фильмдерге түскім келеді. Төлегеннің «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» дегеніндей, жақсы бір киноға түсерім хақ. 

Islam.kz порталына тілегіңіз қандай?

– Өзім бұл порталдың тұрақты оқырманымын. Тұнған мейірімділік. Ниеттеріңіз адамның жүрегіне жетіп жатады. Шығармашылық табыс тілеймін! Жақсылық тілеймін! Жақсы күндерде кездесейік!

2 пікір
  • Пох шіркінай недеген сұхбат бір деммен оқып шықтым,барлық жаққа саяхат жасап тастадым .Абай да болдым ауылдың ақсақалыда болдым, йа кішкентай кезімізде қатты армандаушы едім театр əртісі болғым келеді деп ..өйткені теледидардан тамашаны көп көретінбіз қатты қызығушы едім.Нұркен бауырымызға үлкен рахмет мағыналы ,тарбиелі сұхбатына ойға көп нəрсе түйгендей болдым.Жалпы Марфуға қарындасымыздың мақалаларының шоқтығы əр қашанда бійік қой,рахмет жақсы əсер алдым
    9 жыл бұрын