Францияның тарихи ескерткіші Нотр-Дам де Пари шіркеуінің өрт салдарынан зиянға ұшырауы мұсылман елдерінде соғыс салдарынан әдейілеп жойылған көптеген тарихи мешіттерді еске салды.
XIII ғасырда тұрғызылған Нотр-Дамның өртке орануы әлеуметтік желілерде адамзаттың ортақ құндылығы саналған Сирия, Ирак және Ауғанстан сияқты мұсылман елдеріндегі көптеген сәулет өнерінің жермен-жексен болғанын еске салып, қызу әңгімелер өрбітті. Осы орайда біз мұсылман елдерінде соғыс салдарынан зардап көрген тарихи жәдігерлердің тізімін дайындадық.
Қираған тарихи ескерткіштердің көш басында Пальмира қаласы тұр. Сирияның астанасы Шам қаласының солтүстік-шығысында орналасқан бұл қала ЮНЕСКО-ның «Әлемнің мәдени мұрасы» тізіміне енген. Көне мәдениеттердің бесігіндей болған бұл аймақтың тарихы б.з.б. ХІХ ғасырдан бастау алады. Ассирия, парсы және Рим империясының құрамында болған ежелгі қалада ықылым дәуірден сыр шертетін ашық аспан мұражайы бар еді. Өкінішке қарай, 2015 жылы ДАИШ лаңкестік ұйымы қаланы басып алып, ондағы көптеген тарихи жәдігерлердің көзін жойды. Сириядағы азаматтық соғыстан да үлкен зардап көрген Пальмира қаласы күрделі қайта жөндеу жұмыстарынан кейін осы жазда саяхатшыларды қабылдауға ашылады деп күтілуде.
Мемлекет ішіндегі қақтығыстардан зиян көрген келесі бір тарихи ғимарат – Халеп қаласындағы ең үлкен әрі ең көне Халеп Әмәуи мешіті. Халеп Әмәуи мешітінің негізі б.з.б. VIII ғасырда қаланған. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл ғибадатхананы кезінде Зәкәрия пайғамбар (а.с.) мекен еткен. Бірақ мешіттің қазіргі заманға жеткен ғимараты XI-XIV ғасырларда Селжұқ мемлекеті кезеңінде көтерілді. «Әлемдік мәдени мұра» тізімінен орын алған ғибадатхана сол себепті «Селжұқ мәдениетінің маржаны» аталып кеткен еді. Мешіттің 1090 жылы салынған, биіктігі 45 метр болатын тас мұнарасы 2013 жылы Сирия режимінің Халепке шабуылы барысында құлады. 2017 жылдан бері діни ғимаратта қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Басып кірген АҚШ әскері мен ДАИШ лаңкестік ұйымының шабуылынан Иракта да бірнеше тарихи орындар жойылған болатын. АҚШ шабуылы барысында Неджеф қаласындағы Хазірет Әлидің мазары бомбаның астында қалған еді. 977 жылы көтерілген мазардың айналасындағы қарсыласушы шииттерді жоямыз деген сылтаумен тарихи құрылыс тікұшақтар мен танкілердің межесіне айналды. 2004 жылы түні бойы тоқтаусыз жалғасқан шабуылдың салдарынан Хазірет Әли мазарының қабырғалары мен есіктері қирады.
Сондай-ақ, ДАИШ террорлық ұйымы Пайғамбар мешітін жойды. Б.з.б. 681-669 жылы Ассирия патшасы Есархаддон Жүніс пайғамбардың (а.с.) атына салған мешіті 2014 жылдың маусым айында, өкіншке орай, жермен-жексен болды. Бомбаның астында қалған тағы бір діни мекен – Ұлы Нұри мешіті. Бұл сәулет өнері крест жорықшыларына қарсы төтеп беруімен танымал болған Селжұқ қолбасшысы Нұреддин Махмұт Зеңгі тарапынан ХІІ ғасырда Мосулда салынған еді. Қаланың символына айналған 850 жылдық тарихы бар мешіттің қиғаш тұрған мұнарасы көздің жауын алатын. Ұлы Нұри Мешітінің мұнарасы 2017 жылы шілде айында бомбалау нәтижесінде қирады. Биіктігі 45 метр болған Хадба мұнарасының қайта жөндеу жұмыстары әлі жалғасуда.