Ұят - иманнан
Атам қазақ «Өлімнен ұят күшті» деген. Жалпақ тілмен ұят жайлы бұдан артық айту қиын. Әрине, ұятты барлығынан жоғары қойған ата-бабаларымыз ұят иманның бір тармағы, ажырамас бөлігі екеніне кәміл сенген. Сондықтан, шыбын жанын ұят жолында құрбан етуге даяр тұрған. Құран Кәрімде: «Негізінен Алланың көріп тұрғанын білмей ме?[1]», - деген аят бар. Ал, енді «Құдай көріп тұр» деген сөз қазақта үлкен тәрбиелік мәнге ие болған. Әдетте, бір оғаш іс жасап қойған кісі, пәленше сені көріп қойыпты десе, жанып тұрған шам сияқты ұяттан өртеніп кете жаздайды.
Расымен де, жоқтан бар етіп жаратқан Құдай сенің әрбір қимылыңды көріп тұрады. Жатсаң да, тұрсаң да, оңаша қалсаң да, көпшілікпен бірге болсаң да Сен оның назарынан тасада қала алмайсың. Міне, бұл – ұяттың негізі. «Ниса» сүресінде: «Шәксіз Алла Тағала сендерді бақылаушы[2]», - деген аят бар. Әрбір адам бақылануда. Мәселен, көлікте кетіп бара жатырсыз. Алдыңызда бақылау камерасы тұр деген белгі көрінгенде жылдамдықты асыра аласыз ба? Немесе біреу сізді бақылап тұрғанын сезіп қойсаңыз не істейсіз? Беделді әрі сіздің қызметтік мансабыңызға ықпал ете алатын кісі бақылап тұрса ше? Еркінси аласыз ба? Беталды сөздер айтуға немесе ерсі тірлік істеуге батылыңыз бара ма? Бақылаудағы адам әрбір сөзіне, қала берді, дауыс ырғағына да мән береді. Ендеше мына аятқа құлақ түріңіз: «Алла көздердің қиянатын және көкіректердегі құпияны біледі[3]».
Демек, кісі баласына байқатпай көз қиығымен болса да қиянат етсеңіз, оны Құдайдан жасыра алмайсыз. Осы аяттарды тиләуат етіп, амал жасай білсек арсыз, тірліктер азаяр еді.
Ұят - иманның бір тармағы
Сахаба Нұғман бин Хусайын (р.а.): «Ұят тек жақсылық алып келеді[4]», - деген Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сөзін риуаят еткен. Табиғин Бушайр бин Кағб былай дейді: «Даналық кітабында жазылғандай: ұяттан салмақтылық туады, ұяттан байсалдылық туады». Расында, ұят қалай болғанда да кісіге жақсылығын ұсынады. Алла Тағала бақылап тұр деп адам күнәдан аулақ жүреді. Құдай көріп тұр деп адам баласына зиян тигізуден қорқатын һәм ұялатын болады.
Көпшілік жақсы білетін мына хадисте: «Иман жетпіс бірнеше (алпыс бірнеше) тармақ. Ең абзалы – «Алладан басқа құдай жоқ» деп айту, ең төмені – жолдағы кедергіні алып тастау. Ұят – иманның бір тармағы[5]». Міне, иманның қуаттылығы мен әлсіздігі жетпіс тармақпен өлшенсе, ұят ерекшеленіп иманның бір бейнесі ретінде айтылуда. Себебі, иман – сенім. Иман – адамның жүріс-тұрысы, өмірлік ұстанымы. Иман – мұсылманның мінез-құлығы.
"Түйе етін жегендер дәрет алып келсін"
Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларымен бірге той дастарқанына барады. Бесін намазын оқып болып, дастарқан басына отырады. (Дастарханға тарту етілген ас) түйе еті екен. Кенет, көпшілік арасынан жағымсыз иіс шығады. Ешкім үндемейді. Екінті уақыты келіп, азан шақырылады. Әлгі дәреті бұзылған кісі дәрет алып келуі керек. Бірақ, әлі ешкім оның кім екенін білмейді. Алайда, дәл қазір оның масқарасы шығайын деп тұр. Сахабалар «сен бе едің?», - демесе де, өзі ұяттан жер болары анық. Бірақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Түйе етін жеген баршаң дәрет алыңдар», - деді. Сонда адамдар: «Уа, Алла елшісі! Барлығымыз бұл етті жедік қой», - деген еді, пайғамбар: «Барлығың дәрет алыңдар», - деді (әлгі сөзін қайталап). Міне, осылайша пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ыңғайсыз жағдайға тап болған сахабаны ұятқа қалдырмай аман алып қалды. Демек, адам өз ұятын сақтаумен бірге, қажетті жағдайда кісінің де ұятын қорғауы керек.
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақиқатында, пайғамбарлар сөзінен адамдарға жеткені: «Ұялмайтын болсаң, қалағаныңды істе[6]», - деген екен. Фудайл бин Ғияд бақытсыздықтың бес белгісінің бірі ретінде «ұяттың аздығын» айтса, Сирру Сақафи: «Ұят пен адамгершілік жүрек есігін қағады. Жүрек ішінен тақуалық пен діндарлықты көрсе, сонда қалады. Әйтпесе, жөніне кетеді», - деген екен.
[1] Алақ сүресі, 14-аят
[2] Ниса сүресі, 1-аят
[3] Ғафир сүресі, 19-аят
[4] Бұхари
[5] Муслим
[6] Бұхари
Передают со слов Джабира ибн Самуры, что некий человек спросил Пророка, мир ему и благословение Аллаха: «Должен ли я совершать омовение после баранины?» Он сказал: «Если захочешь». Человек еще раз спросил: «А должен ли я совершать омовение после верблюжатины?» Он ответил: «Да». Этот хадис передал Муслим.