Неге арабтар түйені құмға көмеді?
Неге арабтар түйені құмға көмеді?
2 жыл бұрын 14729

Түйе малы өте төзімді жануар. Сахараның шыжғырған ыстығына былқ етпей, сусыз, қорексіз бес аптаға дейін шөл даланы кезіп жүре береді. Сондықтан да, сахараның қатаң климатында тіршілік ететін көшпенді араб бәдәуилері үшін түйе малы - ең абзал, әрі ең қасиетті жануар.

Түйе малымен қоян-қолтық өмір кешкеннен кейін болар, араб тілінде бір түйенің өзінің мыңға жуық атауы бар. Түйенің қыр-сырына қанық шөл арабтарының түйеге қатысты бізге түсініксіз, бірақ олар үшін әдеттегі жағдай саналатын кейбір үрдістер кездесіп жатады. Сондай үрдістің бірі түйені құмға көму әдеті.

Бәдәуи арабтары түйелерін құмға көміп тастайды екен. Бәдәуи араб салтында түйені құмға көму көне заманнан бері келе жатқан әдет. Оның өзіндік себебі де жоқ емес.

Неге олай істейтіні қазіргі арабтардың көбіне белгісіз болғанымен, білетіндердің айтуларына қарағанда, бұл - түйені емдеу амалының бір түрі болып есептеледі.

Арабтар түйені құмға көму арқылы, түйе малында кездесіп тұратын тері ауруларын емдейді. Мысалы, түйелердің қотыр сияқты тері ауруына шалдығып жататын кездері болады. Түйені мұндай аурудан арылту мақсатында құмға көмеді.

Ол үшін олар күннің қатты ысыған сәтінде түйені шөктіріп, мойнынан төменгі жеріне дейін түгел құммен көміп тастайды. Ал ыстық құм түйенің қалың терісінен өтпегенімен, терісіндегі тері ауруларын тудырған түрлі микробтар мен бактерияларды күйдіріп, өлтіреді. Осылайша түйені тері аруларынан тазалаған болады.

Ғасырлар бойы тәжірибеден өтіп, өзінің тиімділігін дәлелдеген бұл әдіс, расында да түйелердің денесіндегі қотыр, қышыма секілді тері ауруларынан арылуға үлкен септігін тигізетінге ұқсайды.

Бүгінде мұндай ауру түрлерін емдейтін арнайы медициналық жақпа майлары бар. Қазіргі таңда көбі дәрі жағу арқылы емдеу әдісіне көшкен. Дейтұрғанымен, шалғайдағы түйе ұстайтын біраз бәдәуилер әлі күнге дейін аталмыш тәсілді тиімді көреді.

Мұндайда қазақтың «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген аталы сөзі ойға оралады. Расында да, әлемде біз білмейтін, көзіміз көрмеген қаншама амал-тәсілдер мен әдет-ғұрыптар баршылық.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


 Дайындаған Абдусамат Қасым

 

0 пікір