Не үшін ғибадат жасауымыз керек?
Не үшін ғибадат жасауымыз керек?
6 жыл бұрын 2693
Орынбасар ДӘУРЕНБЕКОВ

Барлық мақтау бүкіл әлемнің иесі Алла Тағалаға тән. Әлемге рахым етіліп, әрі ескертуші ретінде жіберілген соңғы Пайғамбар Мұхаммедке (с.а.у.) сансыз салауаттар болғай!

Жаббар Иеміз Алла Тағала біздер адамдарға сана мен ақыл беріп осынау шеберлікпен жаратқан әлеміне тамсанып Өзін танып білу үшін ілім нәсіп еткен. Сонымен қатар, қамшының сабындай қысқа ғұмырымызда, мардымсыз ғибадаттарымызбен айтып жеткізу мүмкін емес көркем жәннатты нәсіп ететініне уәде берген. Адам баласы шын ықыласымен: «Ләә иләһә иллә Алла» яғни, «Алладан басқа табынуға лайықты Тәңір жоқ» деп айтса, оған разы болатынын, осылайша оны қияметте Өз мейіріміне бөлеп жәннаттан жай беретінін Жаббар Хақ өзінің Құран Кәрімінде айтып өтеді. Оған қоса Алла Тағаланың осынау рақым мейірімі оның рақым көмбесінің бір түйірі арқылы жүзеге асуда. Алла Тағаланың бізге берген  нығметтерін есептесеңіз сан жетпейді, санасаңыз күн жетпейді. Ал, бірақ сол нығметтерді бергенде Алланың қазынасына ешқандай да нұқсан келмейді. Осы жерде әрбір адамда «олай болса, Аллаға біз не үшін ғибадат жасаймыз?», «егер Алла Тағала біздің жасаған құлшылықтарымызға мұқтаж болмаса, Өзіне не үшін ғибадат жасап, табынуымызды әмір еткен?»  деген сұрақ туындауы мүмкін. Иә, Алла Тағала Өзіне құлшылық жасауымызды бұйырған және оны жасамаған жағдайда күнәлі болатынымызды да ескерткен. Ол әрине біздің құлшылық жасауымызға мұқтаж емес. Керісінше, біз Алла Тағалаға құлшылық жасауға мұқтажбыз десек болады. Себебі, адам баласы Аллаға құлшылық жасау арқылы жүрегі тыныштық тауып, бес күндік жалғанда Жаратушысымен бірге болып жаны жай табады. Сол үшін де Жаратушы Жаббар Иеміз біздің пайдамыз үшін, бізге жақсы болуы үшін өзіне құлдық етуді әмір еткен.

Жалпы, ғибадат төңірегінде сөз қозғар болсақ «ғибадат» Алла Тағалаға тағзым жасап, құрмет көрсету, Оның бізге берген нығметтеріне Өзі қалағанындай шүкірлік етіп рақмет айту болып табылады. Бізді Алла Тағала жоқтан бар етті, күллі мақлұқтардың ішінде адам қылып сана мен ақыл берді. Біздің ішіп жеуіміз, қажетіміз үшін пайдалануға түрлі нығметтер берді. Жердегілер мен көктегілерді, тіпті судағы барлық жаратылысты бізге қызметші етіп қойды. Сонымен қатар, ең ұлы нығмет пайғамбарлар жіберіп тура жол көрсетті. Өзін еске алып, атын ұлықтату үшін иман берді. Айрықша пайғамбарлардың ішіндегі ең құрметтісі Хәзіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың үмметі қылды. Онымен қоса жәннатта мәңгі қалып Өзінің дидарын көрсетіп, ғажайып ғұмыр кешетінімізге уәде берді. Ал осы нығметтердің өтеуі үшін біз Алла Тағалаға Өзі қалағанындай рақмет айтуымыз керек. Қарапайым мысал: егер бір адам сіздің бір қажеттілігіңізді орындап, қол ұшын созса, сіз ол адамға рақметіңізді жаудырып, кездескен сайын ілтипат білдіріп, асты-үстіне түсер едіңіз. Сіздің өмірдегі болар болмас бір қажетеңізді өтегені үшін бір әлсіз адамға сонша рақмет айтасыз. Ал, оның милиондаған есесін сізге сұраусыз беріп жатқан Алла Тағалаға қалайша алғыс білдірмеске. Міне, Жаратушы Жаббар Хаққа сіздің айтқан рақметіңіз бен жасаған шүкірлігіңіз асылында оған жасап жатқан ғибадаттарыңыз. Алла Тағала қасиетті Құранында былай дейді:

«Уа, адамдар! Сендерді және сендерге дейінгілерді жаратқан Раббыларыңа құлшылық етіңдер..!»[1] - деген. Мінеки, адам баласының мына дүниеге жіберілуінің басты мақсаты өзін жаратқан Жаратушысын танып, оған құлшылық ету.

Ислам ғалымдары ғибадатты сала салаға бөліп қарастырған. Ғұламалардың еңбектерінде көрсетілгеніндей ғибадаттың үш түрі болады. Олар:

  1. Дене мүшелеріміз арқылы жасайтын ғибадаттар. Мысалы: намаз оқу, ораза ұстау т.б.
  2. Мал дүние арқылы жасалынатын ғибадаттар. Мысалы: зекет беру, садақа беру, жетім жесірлерге қол ұшын созу т.б.
  3. Мал дүние және дене мүшелеріміз арқылы жасалынатын ғибадаттар. Оған мысал ретінде қажылықты айтсақ болады. Себебі, қажылыққа жағдайы жеткен адам егер денсаулығы жараса мал мүлкінің бір бөлігін сарп етіп, өзі барып құлшылығын жасауы тиіс.

Адам баласының тәнінің қажеттіліктері бар екені баршаға аян. Адам ашыққанда азық іздейді, шөлдегенде суға мұқтаж болады. Сол секілді мұсылман адамның тәнімен қоса рухының да қажеттілігі бар. Тәннің ашыққаны, сусағаны секілді рухымызда шөлдейді, ашығады. Адам мен жануардың айырмасы да осы жерде болса керек. Себебі, адам жанының азығын ойламай тек қу құлқынның артынан жүрсе хайуаннан аса алмай қалады. Сол үшін де дана бабаларымыз аузынан пәтуасы кеткен, тек қарнының қамын ойлайтын адамға «оттап жүр екен» деп айтады. Иә, тәнімізді баптағанымыз секілді бізде рухымыздың да күтімін жасауымыз керек. Ал, сол рухымыздың күтімі, жанымыздың азығы ғибадат болып есептеледі. Ғибадаттар адам рухының деңгейін жоғарылатып, жамандықтардан аулақ қылады, жақсылыққа бейім болып, әрқашан адам баласына пайдалы іс-әркетпен шұғылдануларына себеп болады.

Ислам ғалымдарының пікірлерінше адам иман етіп, бірақ ғиибадат жасамай жүрсе кәпір болып есептелмейді. Дегенмен адамдағы сол иманның күшті болуына, оған кір жұқпасына үнемі қуатты күйін сақтап тұруына ғибадат ықпал етеді. Ғибадат жасамай тек иманына арқа сүйеген адам күндердің күні иманы әлсіреп, Алланы еске алуды қойып, күнәнің батпағынан шыға алмай қалуы мүмкін. Ғибадаттың қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ аңғарсақ болады.

Асылында адам баласының «не үшін ғибадат жасауымыз керек?» деп сұрауының өзі белгілі бір жағдайда әбестік болып саналады. Себебі, мұсылман адам Алла құлшылық қыл!, – деген соң ешқандай себебін сұрамастан құлшылық қылулары тиіс. Алла Тағала Құранда:

«Мен адам баласы мен жындарды өзіме тек құлшылық жасаулары үшін ғана жараттым»[2], – дейді. Осы аяттан кейін адам баласы ешқандай сөзге келмей құлшылық жасаулары керек. Мысалы, патша қарамағындағыларға бір істі бұйырса, бағынушылары ешқандай ләм-мим деместен әмірін орындайтыны секілді патшалардың патшасы, күллі әлемнің Әміршісі, Жаратушы Жаббар Иеміз бір істі бұйырса, себебін сұрап жатпай дереу әмірін орындауға көшуіміз керек. Дегенмен, Алла Тағаланың бізге не үшін ғибадат етулерімізді бұйырғанын және ғибадаттың адам баласына тигізер мол пайдаларын білу адам баласының ғибадаттарын одан да жақсы атқаруларына, имандарының күшейіп, құлшылықты сүйсіне жасауларына себеп болады. Осы орайда Ислам білгірлерінің ғибадаттың қандай пайдалары бар екенін айтқан сөздерін келтіре кеткенді жөн санап отырмыз.

1. Үнемі ғибадат жасап жүрген адам Алланың назары өзінде екенін ұмытпайды. Сондықтан, ондай адамның Жаратушының ашуын туғызатын іс-әрекеттерді жасауы әсте мүмкін емес. Нәтижесінде, Аллаға күніне бес рет құлшылық қылған адам өзі-өзінен күнәлі істен алшақтап, тек жақсылық жасап Аллланың алдында мақтаулы құл болуға тырысады.

2. Тек қана Аллаға құлшылық қылу бізді басқа дүниелік нәрселердің соңынан қуып, қолдан құдай жасап алуларымыздың алдын алады.  Дүниеде адамның көзінің жауын алып қызығатын нәрселері өте көп. Байлық, мансап және өзге де түрлі тәтті нәрселер адамды өзіне баурап алмай қоймайды. Адам баласы соларға жету жолында барын сарп етіп ақыр аяғында есіл дерті соларға қол жеткізу болып жатса тұрса, есіл дерті сол болып сол ізіне түскен әсем нәрселердің құлы болып кетулері ғажап емес. Бұл сөзімізді тарихтағы қаншама оқиғалар дәлелдей түседі. Жаратушы Хақ Тағала тек Өзіне ғана құлышылық жасауды бұйырумен бізді жаратылыстарға құлшылық жасаудан тыяды. Бар жан тәнімен Алланың ризалығына жетуді көздеген адам дүниедегі түрлі көркем нәрселерді тек Алланың ризалығына апарар көпір іспетті пайдаланады.

3. Ғибадат ету бізді адамдар арасында сыйлы болуымызға, қиындықтардан мүдірмей өтуімізге септігін тигізеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір хадисінде Аллаға ғибадат етіп, сол арқылы оның өзіне деген махаббатына қол жеткізген адамды Алла періштелеріне және де жер бетіндегі барша адамға сүйікті етіп қоятыны айтылады. Сондықтан, үнемі аузынан Алла түспейтін адам адамдар арасында да сыйлы болатының құпиясы осында болуы керек. Онымен қоса, тек Өзіне ғана құлшылық ететін пендесіне Алла Тағала түрлі дүнияуи қиындықтардан шығатын жол көрсетіп қояды. Бұл жайлы Құранда: «...Кімде кім Алладан қорықса (тақуалық қылса), оған (қиындықтардан) шығатын жол көрсетеді», – деген. («Талақ» сүресі, 2-аят) 

4. Адамдар Аллаға ғибадат етсе, қоғамда түрлі азғындықтарға жол берілмей, әділет орнайды. Иә, адамдары Аллаға ғибадат ететін әлеумет бақытты да баянды құмыр кешеді. Аллаға шын берілген басшы бағыныштыларымен бір сапта намаз оқып елге бар жақсылығын аямайды. Аллаға құлшылық қылатын сот әрқашан тек әділетке жүгінеді. Аллаға ғибадатын арнаған бай әрдайым жетім жесір, пақыр міскінге қарайласады. Аллаға сәжде еткен кедейде өзіне берілген садақа үшін байларға рақыметін айтып, Алладан олардың денінің саулығын тілеп жақсы дұғаларын арнайды. Аллаға әрдайым табынатын ата-анада балаларына жақсы қарайды. Аллаға шын берілген бала да ата-анасына жақсылық жасап, оң батасын алуға тырысады. Осылайша қоғам шат-шадыман күн кешіп, жер бетінде жәннат орнайды.

Дана қазақ халқы әрқашан Аллаға сәждесін қалдырмаған, тілінде де іс-әрекетінде де тек қана Жаратушының разылығын іздеген халық. Сондықтан, данагөй бабаларымыз: «Аллаға сенген құстай ұшар, адамға сенген мұрттай ұшар», – дейді. Әбу Бәкір Кердері бабамыз да ғибадаттың мұсылман өміріндегі маңыздылығын былайша жырға қосқан:

«Пайдасын өзің көресің,
Ғибадат қылып Аллаға.
Бір жаныңды нұрласаң,
Жаныңа ғазап хақ болар.
Ораза, намаз, зекет, хаж
Атқарып уақыт тұрмасаң».

Расында қазіргі заман адамзаттың басынан кешіріп жатқан ең аумалы төкпелі кезең. Жастарымыздың мештіке барып, Аллаға құлшылық қылып жатқандарына қатты қуанамыз. Дегенмен әлі де діннен алыс жүрген адамдар да жоқ емес екені айқын. Сондықтан, жаман жақсы болып, жақсы жаман болып көрінген қазіргі қоғамда халқымыз ғибадатқа бұрынғыдан да қатты мұқтаж деп айтсақ артық болмас. Ағайын туыс жекжатты, замандастарымызды Хаққа Тағалаға бойұсынуға, үнемі Аллаға құлшылық қылып жүруді насихаттау мойнымызға түскен жауапкершілік деп білеміз. Иманы бекем, аузында Алласы бар қоғам қандай да бір аласапыран заман болса да, Алланың Хақ жолынан адаспасы анық. Алла Тағала баршамызға екі дүниеде де Өзіне сүйікті құл, ғаламның рақым нұры пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у.) лайықты үммет болуды нәсіп еткей! Әмин!

0 пікір