Наурыз мерекесі дінге қайшы ма?
Наурыз мерекесі дінге қайшы ма?
9 жыл бұрын 6094
Қанат Жұмағұлов

Наурыз – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша 22 наурыз күн мен түннің теңесу кезіне тап келеді. Парсы тілінен түркі тілдес халықтарға өткен наурыз «но» – жаңа, «роуз» – күн деген сөзден шығады. Мағынасы – «жаңа күн». Наурыз мерекесін ирандықтар мұсылман болмай тұрып та тойлайтын болған. Оны байырғы түркілер де атап өткен. Ал, кейінірек парсылар мен түркілер Ислам дінін қабылдаған соң біраз мұсылман ғалымдар наурыз мерекесін атап өтуге болатынын алға тартқан. Тарихшылар арасында наурыз мерекесін Мұса (ғ.с.) пайғамбар және Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбармен байланыстырғандар да бар. Енді бір топ Ислам ғалымдары наурыз мерекесінің мәжусилерден (отқа табынушылар) бастау алғанына және ондағы отты айналу, оттың үстінен секіру сынды әрекеттер үшін оны тойлау харам деп үкім кескен. Бірақ, бұл кездері наурыз мерекесін көпшілік мұсылмандар тойламаған еді. Ал қазір әлемнің көп мұсылман елдері наурыз мерекесін атап өтетіні белгілі.

Наурыз мерекесіне хазірет Әли (р.а.) және Муғауия (р.а) сынды сахабалардың қарсы болмағандығы тарих кітаптарынан мәлім. Тарихшы әл-Хатыб әл-Бағдадидің атуынша имам Әбу Ханифаның атасы Нұғман ибн Марзубан сахаба Әли ибн Әби Талибке (р.а.) наурыз күні «фәлузаж» деп аталатын бір тәтті тағам ұсынған. Хазірет Әли (р.а.): «Бұл не?» – деп сұрағанда, Нұғман ибн Мәрзубан: «Наурыз күніне орай пісірілген тәтті тағам», – деп жауап берген. Сонда сахаба Әли (р.а.): «Бізге күніге осындай наурыз тағамын әкеліп тұрыңдар», – деген екен. Сахаба Әлиге (р.а.) наурыз тағамын бірнеше адам ұсынған. Бұл оқиғаларды Имам әл-Миззи, әл-Ғуззи, әл-Қасим, әл-Файрузабади, әз-Зәбиди және т.б. ғалымдар өз кітаптарында жазып қалдырған. Әбу Ханифаның атасының мұсылман бола тұра наурыз мерекесіне орай хазірет Әлиге арнайы тәтті тағам ұсынғаны көп нәрсені аңғартады.

Әл-Яқуби өзінің тарих кітабында: «Сахаба Муғауия (халифа болып тұрған тұста) Басраның әкімі Абдуррахман ибн Әби Бәкраға хат жолдап, өзіне наурыз сыйлықтарын әкелуге бұйрық берген», – деген дерек келтіреді.

Әбу Бәкір ибн Әби Шәйбанның «әл-Муссаннаф» кітабындағы мынадай мәлімет айтылады. Сахаба Әбу Барза әл-Әсләми (р.а.) өз жанұясына: «Наурыз мерекесіне орай мәжусилер (отқа табынушылар) жеміс-жидек әкеп берген болса, алып жеңдер, ал ет әкелсе жемеңдер», – деген. Бұл – сахих хадис. 

Егер наурыз мерекесі өз алдына харам болса, онда оған орай жасалған сыйлық та харам болуы керек еді. Ал, отқа табынушылардың сойған малдарын жеуге шариғатта рұқсат жоқ.

Бір қызығы, наурыз мерекесін атап өтуге Кеңестер Одағы кезінде тыйым салынған екен. 1926-жылы «Наурыз мерекесі тойланбасын» деп Кеңес Одағы арнайы қаулы шығарған. Себебі, ол кездері наурыз Ислам дінінің қалдығы деп қаралды. Қазақтың ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов Түркияның «ТРТ аваз» телеарнасында сөйлеген сөзінде наурыз мерекесін қайта тойлау тарихын былай түсіндіреді: «1988-жылы Қазақстан Компартиясының орталық комитетінің 1-хатшысы Геннадий Васильевич Колбинге наурыз мерекесін тойлауға рұқсат беру жөнінде хат жолдадым. Ұсынысқа политбюро мүшелерінің арасынан тек 2 кісі ғана қолдаймыз деп дауыс беріп, басқалары қарсылық білдірді. Ол екі кісінің бірі – сол кезеңдегі министрлер кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев, ал екіншісі – Қазақстан Компартиясының орталық комитетінің идеология бойынша хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков. Осы мәселемен Колбиннің алдына кіргенімде, ол «Екі адамнан басқалар қолдап тұрған жоқ, рұқсат бере алмаймыз», – деді. Сонда оған: «Геннадий Васильевич, кешегі Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ халқы мен орыс халқы арасына сына қағылды. Халық екіге жарылды. Сіз наурыз мейрамын тойлауға рұқсат етсеңіз, қазақ халқы сізге басқаша қарайтын болады, сізді әрдайым қолдайды, екі ұлт бірігеді», – деп көндірмекке тырыстым. Колбин күрт өзгеріп сала берді де: «Бұл жақсы нәрсе екен. Олай болса мен Горбачевті көндірейін», – деп келісім бергендей ыңғай танытты. Міне, осылайша наурыз мерекесін тойлауға салынған тыйым 1988-жылы тоқтатылып, 62 жыл тойланбаған әз наурыз қайта жаңғырған болатын».

Наурыз мерекесін атап өту еліміз егемендік алғаннан кейін де өз жалғасын тапты. Өздеріңіз байқағандай, Кеңес Одағы наурыз мерекесін мұсылманшылық мейрам деп танып, оны тойлауға тоқтау салған екен. Тіпті, бүгінге дейін халқымыз наурызды мұсылмандардың жаңа жылы деп келді. Әрине, негізі олай емес, наурыз парсы, түркі халықтарының тойлайтын төл мерекесі болып табылады. Ол Ислам діні келмей тұрып та тойланған.

Елімізде наурыз қалай тойланады? Киіз үй тігіледі, бауырсақ пісіріп, айран пісіп, наурыз көже әзірленеді, көкпар беріледі, арқан тартылады, асық ойнатылады тағысын тағы – өзіміздің төл дәстүріміз насихатталады. Аллаға шүкір, бізде кейбір елдердегідей наурыз мерекесін отпен байланыстырмайды. Отты айналып, одан секіріп жүрген ешкім жоқ. Наурызды олай тойлау дінге қайшы екенін келешек ұрпақ біліп жүрсін! Бізде, керісінше, наурыз дастархандарында Құран оқылып, қария ақсақалдар бата беріп, қақаған қыстан елімізді аман шығарғанына Аллаға шүкір айтып, ел амандығын тілейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – еліміздегі наурыз мерекесі шариғатқа қайшы емес. Наурыз Ислам дінінен бастау алған мереке де емес. Мұсылман жұртшылығы бұл айтулы мерекені атап өткенде отты айналу, оттың үстінен аттау т.б. мәжусилерге тән әрекеттерден аулақ болуға тиіс.

Наурыз құтты болсын, ақ мол болсын, ағайын!

4 пікір
  • "Әбу Бәкір ибн Әби Шәйбанның «әл-Муссаннаф» кітабындағы мынадай мәлімет айтылады. Сахаба Әбу Барза әл-Әсләми (р.а.) өз жанұясына: «Наурыз мерекесіне орай мәжусилер (отқа табынушылар) жеміс-жидек әкеп берген болса, алып жеңдер, ал ет әкелсе жемеңдер», – деген. Бұл – сахих хадис. " бунын кай жери хадис? Аллах Елшисинен басканын айтканы хадис бола ма екен.
    9 жыл бұрын
  • Пайғамбарымыздың(оған Аллаһтың салауаты мен сəлемі болсын!) айтқан: "Сіздерге,Аллаһу уа Та'аля мейрамдарыңды екі мейраммен ауыстырды,ол екі Айт-күні!"-деген сөзінің өзі жеткілікті емес пе? Түсінген адамға жеткілікті болар!!!
    9 жыл бұрын
  • Осы төңіректе көп пікір айтылып жатыр. Мен өзім көзіммен көрген, ауылдағы Наурыз тойының есімде қалған бір оқиғасын айтып берейінші. Кеңес кезінде Наурыз тойланбайтын. Дегенмен, әке-шешеміздің бір жалғыз қара сиыры болатын. Сол сиыр жылда ылғи Наурыздың қақ ортасында, біз жақта қақаған суықта төлдейтін. Әкем марқұм, Алла оны рахметіне алсын, жұмысымен қатарластырып, сол сиырмен алысып жататын. Сол сиыр төлдеді бітті, көрші-қолаңды март айының /біздіңше наурыз/ 22-23-теріне қарай "уыз көже береміз" деп атап, Құранға шақыратын. Ол күні біздің үй абыр-сабыр. Мамам марқұм бауырсақ пісіріп, бір күн бұрын уыз көжеден басқа, жібітіп қойған дәндерін бөлек пісіріп әуре болып жататын. Сол күні кештетіп ауылдың ақсақал-қарасақалдары, әжелер-апалар жиналып, уыз көже ішетін. Алыстан келгендері амандық-саулық сұрасатын, қазақ мал-жанға жақын халық қой. Мал-жанның жағдайын сұрастырып жататын. Жалпы отбастарының, тіршілік көздерінің, ауылдың жағдайы айтылып жататын. Сосын артыннан міндетті түрде Құран оқылатын. Ол - міндетті түрде. Сол үйдің / яғни, біздің бәрімізді дастарқан жайылған бөлмеге шақырып, сыртта жүрсек, бала-шаға, келін-кепшік демей, түгел арнайы шақыртатын, енді ойлап отырсам, Құран сөздері құлақтарына сіңе берсін дегені екен де дана әке-шешелеріміздің/ адамдары, бала-шаға, келін-кепшік түгел жиналып, Құран оқылатын да, артынан бата берілетін. Сонда мен баламын. Алғаш рет Құран сөздерін естіп, таң қалғам. Қандай қиын тіл деп ойлайтынмын. Бірақ, қазір ойлап отырсам, соны шала-пұла сауатты, орыс мектебін көрмеген, қарапайым қатардағы шал-кемпір нәшіне келтіріп тұрып, жан-тәнімен беріліп оқиды екен. Соңынан, ұзақ-сонар бата беріледі. Баламын ғой, мен түсінбейтін Ұлы бір Құдіретті Күштен кешірім сұралады, содан ризық-несібе сұралады. Мен түсінбейтін бір Ұлы Күштен "ақырет" күні жарылқа деп сұрайды. Ол кезде өзім әлі түсінбейтін "Пайғамбар деп "Мұхаммед" (с.а.у.) деген кісіге салауат болсын" дейді. Сосын о дүниеге өткен марқұмдарға дұға етеміз дейді. Артынан еліміз аман болсын, бала-шаға, мал-жан аман болсын дейді. Сөйтіп, жайылған қолдарымен бетін сипап "Аллаһу Акбар" делінеді. Сосын бәрі қайтадан бірін-бірімен амандасып, құшақтасып, "қабыл болсын" дейтін. Сөйтіп, жастар жағы "ертең жұмыс" деп кетіп қалады. Үлкендер сыртқа шығып, аз-кем әңгіме айтып барып тарқайтын. Міне, "уыз көже" осымен тарқайтын. Енді бұл менің беріде, Кеңес кезінде көргендерім ғой. Бірақ, сол кезде мен от жағып, оның үстінен секіріп, немене отты айналып жатқан адам көрген емеспін. Мен өзім қаймағы бұзылмаған нағыз қазақы ауылда туып, өскем. Ол жерде басқа ұлт өкілдері дегенді емге іздеп таба алмайтынсыз. Кейін өзіміз қызметке араласқан кезде, Наурыз тойланатын. Өз басым жалпы тойшыл адам емеспін. Дегенмен, алғаш кездері, қызметке байланысты, жұмыс бабымен жұргенде Наурызды тойладық. Түнімен көже пісіріп, киіз үйлер тігіп, ән айтып, би билеп, алтыбақан құрып, ақсүйек ойнап жататынбыз. Дегенмен, қай кезде болмасын, тіптен отқа табынып, шектен шығып кеткендерді көрген емеспін. Керісінше, үлкен-кіші үйді-үйге кіріп, міндетті түрде Құран сүрелері оқылып, дұға жасалып, бата берілетін. Менің көріп-білгенім осылар еді.
    9 жыл бұрын