Тап қазір осыны оқып отырғанда, деміңіз тоқтап, күтпеген жерден өліп кетуіңіз мүмкін екенін ойлаңыз. Ал есеп беруге дайынсыз ба? Жасаған жақсылықты істеріңіз қара басыңызды азаптан құтқаруға жарай ма? Шала шарпы соңғы минутта жанталасып оқыған намаздар сізге жақсы куә бола қояр ма екен? Күнделікті қым-қуыт шаруалардың арасында өйтіп-бүйтіп атқарған құлшылық міндет жарамды ма? Өзіңіз көрген өлім-жітімдер сізге осыларды есіңізге салды ма?
Күтпеген әр өлімнен кейін «Бұл қалай?» деп қарсылық білдіреді адам баласы. Бір түрлі сенгісі келмейді, жасы қаншаға келсе де өлім өзіне жақындамайтындай көреді. Өзіне тән өмір салты бар. Мейлі ащы-тұщысы болсын адам әйтеуір бар болғысы келеді. Ал анығында өлім рас шындық, ол әлмисақтан бері адам баласымен бірге жалғасып келе жатыр. Таңғаламыз, бірақ сене алмаймыз, күтпеген қайғылы қазаға сенгіміз келмейді. Өкініштісі сол, қазіргі адамдарның өлімге көзқарасы да тым үстірт. Бір күні бір жақыны не досының қайтыс болғанын естиді. Бір мезет өз өзінен «Бұл қалай?» деп сұрайды. Алғаш өлім туралы естігенде бойын қорқыныш билейді. Көзінен бір-екі тамшы жас шығып, «Жақсы кісі еді» дейді. Ажал келген кезде бәрін адыра қалдырады. Бірақ, өкініштісі сол, қазіргі адам өлімді естіп абыржуы басылған соң, өлген кісінің денесі суымай жатып, қу тіршілігін қайта жалғастырады. Кейбірі әлі қабірдің басынан кетпей жатып, бітпей қалған ісі туралы ойлайды. Бір байқалатыны, адам баласының ақиқатты іштей таразылауы мәйітті жерлеп, сол жақынын мәңгілікке шығарып салғанға дейін ғана.
Әрине, айлап, жылдап қайғырып отыруды дініміз құптамайды. Ешкімнен осы дүниедегі өмірді ұмытып, тек өлімді ойлау талап етілмейді. Алайда өлімнің артынан ғибрат түю және іштей таразылау адамға бәлкім бір сәт есін жидыруы мүмкін. Өмірін ретке келтіруі мүмкін. «Бізге насихат айтыңызшы, уа, Алланың елшісі?» деген хазірет Омарға (р.а.) Адамзаттың асылы пайғамбарымыз «Насихат ретінде саған өлім жеткілікті. Егер адам баласы өлімнен қандай да бір ғибрат не насихат алмаса, басқа неден сабақ алады дейсің?!» деген сөзі осы жағдайды тұжырымдап ұсынуда.
Өлім жайлы ұғыну қажет мәселені «Адам баласы өлу үшін туылады, тірілу үшін өледі және мәңгілікті сезініп өмір сүру үшін тірілтіледі» деген сөз толықтай түйіндейді.
Мынандай бір әңгіме бар. Халифа Харұн Рашид Бәхлүл хазіреттің үйіне келеді. Іштей әділеттілік туралы осы дүниеге жарарлық кеңес алғысы келеді. Тақуа кісі оны қабірлерге ертіп апарып аралатады. Халифа алғашқыда ештеңе түсінбейді, алайда артынша мына сөзді естиді: «Өлім – ең үлкен насихат. Бұны түсінбеген жанға басқа насихаттың пайдасы болмайды». Иә, өлім жүректі қозғайды, санаға ой салады, көкжиекті кеңейтеді, терең күрсіндіреді. Әр келген сайын зор ақиқатты күркіреп айтып кетеді.
Өлмей тұрып не істеу керек?
Өлімді терең түсіну, одан насихат алып, өмірімізді реттеу үшін не істеу керек? Шындықтан алыстап, көз жұмылып, жүректі ғапылдық басқанда өлімді жиі ойлау арқылы оянуға болады. Өйткені Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) «Дәмді қашыратын, сауық-сайранға нүкте қоятын өлімді көп еске алыңдар» деп бұйырған. Сол сияқты ғалымдардың «Дос қаласаң, Алла жеткілікті. Насихат қаласаң, өлім жеткілікті» деген сөздері де бізге осы пікірді үстемелеуде. Құран мұсылманды «Дүние тіршілігі тек ойын, сауық қуу, сәндену, алдамшы ғана нәрсе» деп тәрбиелейді. «Әр тіршілік иесі өлімнің дәмін татуда» (Али имран сүресі, 185 аят) деуде. Қысқаша айтқанда, мұсылман мен дүние ешқашан біріге алмайды.
Расулалланың Абдулла ибн Омарға айтқан мына кеңесі бізге дүниеде қалай болу керектігін ұқтыруда: «Дүниеде ғаріп немесе жолаушы секілді ғұмыр кеш. Кешке жеткенде таңды күтпе. Таңға жетсең, кешті күтпе. Ауырмай тұрып саулығыңды күт. Ажал келмей тұрып өмірдің қадірін біл. Уақытыңды бекерге өткізбе» (Бұһари, Риқақ, 3)
Пайғамбарымыздың «Шын өлмей тұрып бір өліп көр» деген мағынада бір хадисі бар. Әрине, шын өлмей тұрып өліп көру, физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Алайда бұны рухани тұрғыдан жасап көруге болады. Әр адам не істегенін біледі, сол себепті іштей өзін есепке тарта алады. Шын өлмей тұрып өлу ол өлімді есте ұстап күнәлардан сақтану және нәпсіге берілмеу. Өлімнің жансыздандыратын суықтығын денеде сезіну, қабірдің ішін әлгі қараңғы бөлмені, тек ұзыннан бойымыз ғана сиятын тар жерге таңылатынымызды ойлау. Ол жерде тек амалдарымызбен ғана оңаша қалатынымызды ескеріп, ешкімнің бізге көмекке келмейтінін, тек дүниеде жүргенде жасаған жақсы істердің көмегі болатынын ұғынып, өлім үшін дайындық жасау. Маңыздысы, әлі өмірде болған кезде өлімді өзімізге жақын көріп, қиялда оны тәжірибеге салып көру. Айталық, «Дәл қазір өліп кетсем, есеп беруге дайынмын ба? Амалдарым кәдеге аса ма? Намаздарым толық па? Құл болу міндетімді орындай алдым ба?» деген секілді сұрақтарды өмірде жүрген тірі кезде өзімізге қойып, соған жауап табуға тырысудың берері мол.
Өлім мүминге дүниеге салынып кетіп, ақыретке дайындықты ұмытпауға көмектеседі. Ол ақыретке сенетін адамдарға оң әсер етеді. Адамның ашкөздігін тежейді, жалған дүние үшін жасалатын істерді мөлшерлеуге көмек береді. Ол айналып келгенде өмірдің ең үлкен шындығы. Өлімнен де, ажал туралы үрейден де қашу мүмкін емес. Оны ұмытып өмір сүру шындықты еш өзгертпейді.