Нашақорлық өлімге апарады
Нашақорлық өлімге апарады
9 жыл бұрын 10455
Нұрбек Қайырмұхаммед

Есірткі немесе психотроптық заттар ағзадағы зат алмасу процесіне еніп, ең бірінші серотин өндіріп шығаратын ми жасушаларын өлтіреді. Серотин мидағы көңіл-күй өзгерісін айқындайтын элемент. Сонымен қатар есірткі қолдану нәтижесінде иммундық жүйе оңбай зардап шегеді. Адам ағзасы әртүрлі инфекцияларға қауқарсыз болып қалады. Тамырға есірткі жіберу ең қауіптісі. Өйткені, психика, жүрек-қан тамырлары және жүйке жүйесі ғана емес, сонымен қатар бауыр, бүйрек аурулары пайда болады. Иммунитет төмендейді, тістер бұзылады, тамырлар ауырады, ақыл-ой, есте сақтау қабілеті күрт төмендейді және ең қауіптісі СПИД дертіне шалдығу қаупі өте жоғары.

Есірткіні артық мөлшерде қолданған адамның кенеттен өліп кету қаупі жоғары.  Дегенмен, бәрінен қауіптісі – адамның есірткіге тәуелді болып қалуы немесе абстиненттік синдромға ұшырауы. Мұндай аянышты күйге тап болған адам (көбіне жастар) есірткіні тастағысы келсе де тастай алмай адам төзгісіз тән мен жан азабын қатар тартады. Осының нәтижесінде психикасы бұзылып, бойын үмітсіздік билейді. Мұндай жандардың көбісі есірткі деген құрдымның түбіне кетіп тынады. Ондайлардың басым көпшілігі артық «дозадан» немесе өз-өзіне қол жұмсау арқылы өледі. Аңғалдықпен, албырттықпен осынау кеселдің құрығына бір рет іліккен жас жеткіншектердің қайта құтылуы тіптен қиын. Сондықтан есірткі деген «тажалға» мүлдем жоламау ең абзалы.   

 

ЕЛІМІЗДЕ НАШАҚОРЛЫҚ ІНДЕТІНІҢ ЖАЙ-КҮЙІ

Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-тәжірибелік орталығының мәліметтеріне сүйенсек, соңғы жылдары Орталық Азия елдерінде, оның ішінде Қазақстанда есірткіге тәуелділер қатары күрт өскен. 2005 жылы әлем бойынша үздіксіз есірткі пайдаланатын 52 миллион адам тіркелген. Бұл ғаламшар тұрғындарының бір пайызын құрайды. Ал 2008 жылғы мәліметке сүйенсек, олардың саны жүз миллионға жетіп үлгеріпті. Біздің еліміз жайлы айтар болсақ, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелділер 3,5 есеге көбейіп отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда ресми тіркелген нашақорлар саны 57 мың адамға жеткен. Нашақорлық дертіне шалдыққандардың 42,5 пайызы – 17-26 жас аралығындағы жастар, ал әрбір төртінші нашақор – 12-16 жас аралығындағы өрімдей  жас өскіндер. Қазақстанда нашақорлардың орташа жас мөлшері 17 жасты құрайтын көрінеді.

Нашақорлықтың медициналық-әлеуметтік мәселелері жөніндегі республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Александр Катков тәуелсіз жүргізілген зерттеулер қорытындысы ресми көрсеткіштен шамамен 5 есеге көп екенін алға тартады. Яғни, қазіргі таңда Қазақстанда героинға тәуелді кемінде 100 мың инъекциялық есірткі тұтынушысы бар. Бұған өзге есірткі түрлерін пайдаланатын 120-130 мың тұтынушыны қосыңыз. Барлығын қосқанда 230-250 мың адамға жететінін алға тартады.

Бұл дерттің ушығуына геосаяси және жағрапиялық факторлар кешені ықпал етуде. Біріншіден, Ресей мен Еуропаға тасымалданатын ауғандық және пәкістандық есірткі біздің мемлекет арқылы өтетінін білеміз. Сол есірткі заттарының 30 пайызы елімізде қалып қояды. Екіншіден, Шу алқабын жайлап жатқан анаша алқаптары да қауіпті дертті дендете түсуде. Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан мәліметтерге сүйенсек, 1996 жылмен салыстырғанда қазіргі уақытта «қара базарда» героин бағасы мүлде төмендеп кеткен. Сарапшылардың мәлімдеуіне қарағанда, елімізде бүгіндері есірткіге тәуелділердің саны күрт өсуі салдарынан «героиноманиямен» ауыратындар көбейіп отыр. Ал СПИД ауруына шалдыққандардың 83 пайызы нашақорлар.

Есірткі заттарын заңсыз тасымалдау мен қолдану ауқымы кеңейген сайын тұтынушылар саны да артады емес пе?! Бүгінгі таңда осы қатерлі дерт ұлт денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіріп тұр. 

0 пікір