Намазды ықыласпен оқуға көмектесетін 4 амал
Намазды ықыласпен оқуға көмектесетін 4 амал
6 жыл бұрын 8869
Нұрлан САЙЛАУҰЛЫ, Еркебұлан ЫБРАЙЫМҰЛЫ

Алла елшісі (с.а.у.) «Парыз болған намаздар таразы секілді. Кімде-кім парыз намаздарын толық орындаса, таразы басы тең. Ал толық орындамағандар оны кеміткен болады. Таразысының басын тең етпегендер Алла тағала таразыдан кеміткендер жайлы нендей жаман хабар айтқанын (намаздан) білсін», – деп парыз намазды толық оқыса, ақыретте Алла тағала сауапты молынан жазатынын, ал оқымаған жағдайда өкінішті халде болатынын ескерткен. Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Менің үмбетімнен екі адам тұрып намаз оқиды. Екеуінің рүкүғтары мен сәжделері бірдей, бірақ екеуінің намазында жер мен көктей айырмашылық бар», – деп намазды тек қимыл-қозғалыспен емес, шынайы ықыласпен орындау керектігін тілге тиек еткен.

Намазды ықыласпен оқу жайында Баһауддин Нақшибәндиден бір кісі: «Мүмін намазды қалай ықыласпен оқи алады?» – деп сұрағанда, ол мына төрт нәрсені өсиет еткен екен:

1. Адал ас. Адал ас бойымызға сіңіп, жанымыз бен рухымызға күш-қуат береді. Өйткені, көптеген ғалымдарға ата-анасы адал ас бергендіктен олардан көрнекті тұлғалар қалыптасқаны тарихтан мәлім. Мысалы, бізге фиқһ ғылымында танымал ұлы ғалым Әбу Ханифаның әкесі біреудің бір алмасын байқамай жеп, соның құнын өтеу үшін бір қарияның бақшасында үш жыл бойы қалтқысыз қызмет қылғаны тарихтан белгілі. Демек Әбу Ханифа секілді ұлы тұлғаның дүниеге келуіне әкесінің асқан тақуалығы себепкер болса керек. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ең жақын досы Әбу Бәкір (р.а.) өз қызметшісінің әкеліп берген сүтін ішеді. Сосын, сүттің бал ашып, біреуді алдап түсіріп тапқан табыспен келгенін естіген кезде, құсып тастайды. Тіпті, Әбу Бәкір (р.а.) сол мезетте құсу үшін өзін қинағаны сонша, жанындағылар ол кісіге аяушылықпен қараған. Әбу Бәкір (р.а.) артынан: «Уа, Алла тағалам! Менің тамырларым мен ішектеріме харам ас сіңген болса, кешіре гөр», – деп дұға қылады. Ішкен асына харам араласпауына осыншалықты көңіл бөлетін сахабалар намаздарын да ықыласпен оқи алған еді.

2. Дәретті не үшін алып жатқанын сезіне білу. Намаз үшін дәрет алу жанымыз бен тәнімізді тазартады. Ал тазалық болмаса намаз қабыл болмайды. Бұл жайында хадисте «Намаздың кілті - тазалық» делінген. Дәрет тек тәнімізді ғана емес, сонымен қатар жан дүниемізді, яғни, күнәларымыздан да тазартады. Бірде Алла елшісі (с.а.у.): «Аллаға иман келтірген пенде дәрет алған кезде аузын шайса, сол шайған сумен тазарады. Мұрнын шайғанда ауызбен келген күнәлары мұрнындағы, бетін жуғанда, бетіндегі, тіпті көзінің шетіндегі қателіктеріне дейін шайылып кетеді. Ал егер қолын жуса, онда қолындағы, тіпті тырнақтарының астындағы қателіктеріне дейін, басына мәсих тартса, басындағы, тіпті құлақтарындағы қателіктеріне дейін шығады. Ал егер аяқтарын жуса, аяқтарындағы, тіпті аяқтарының тырнақтарындағы қателіктеріне дейін шығып кетеді» – деп айтқан. Демек, дәрет алу дененің түрлі мүшелерін кірден тазартса, екіншіден сол дене мүшелерімен істеген күнәлары мен қателіктерінен тазарып отырады.

Сонымен қатар, намазхан мүмін тәкаппарлық секілді түрлі жаман мінездерден арылып, Алланың разылығы үшін кішіпейілділікті жанына жолдас етеді. Жүрегімен шынайы иман келтіріп, маңдайын сәждеге тигізеді. Осылайша жүрегіндегі дақтарды өшіріп, арам пиғылдан арылып, жанын сауықтыруға ұмтылады. Тіпті, күніне бес мәрте дәрет алып намазға тұру – рухты тазартып, жүректі нұрландырып, адамды Алланың құзырына жетелейтін қасиетті ғибадат.

3. Алғашқы тәкбір алғанда, өзін Алланың құзырында тұрғандай сезіну. Алланы ұлықтау, тәкбір. Мұсылман тәкбір алғанда, Алланың құзырындағы есеп-қисап таразысына тартылардай, ақыреттегі күнәсінің көп болуынан үрейленіп, бір жағынан Алланың мейірімінен үміт етіп, күллі алдамшы дүниені ұмытқандай сезімге бой ұрады. Мұндай мүмін алғашқы тәкбірден бастап, намаз біткенде де, тіпті одан кейін де сол күйінде қалады.

4. Намаздан тыс уақытта да намазда тұрғандай Алланы естен шығармау. Иә, Рамазан айында бір ай бойы тамақтан тыйылуға әдеттенгеніміз сонша, ораза біткеннен кейін де күндіз тамақ жесең күмәнданып, санамызда «ораза емеспін бе?» деген сауал тұратыны бар. Тап солай намазға дағдыланған мүмін де, намаздан тыс уақыттарда намазда тұрғандай сезіммен сөзіне, іс-әрекетіне мән беріп жүреді. Олай болса намаз үшін ішіп-жеген асымыз, киген киіміміз, рухани әрі сыртқы тазалығымыз өте маңызды.

Намазда жүректегі сезімді Аллаға бағыттап, Оған деген шексіз сый-құрметті сезініп, шынайы ықыласпен тұру әркімнің-ақ қолынан келері хақ. Хақты еске алып, Оның құзырында тұрғандай лүпілдеген жүрекпен намаз оқу – шынайы тақуалықтың бастауы. Алла тағала құлдарының иманы мен ғибадаттарына еш мұқтаж емес. Кіріптарлықтан оларға ғибадат жасаңдар деп бұйырмайды. Керісінше, біз Хақтың нұрына мұқтажбыз. Алла тағала пенделерге, яғни бізге ізгілік жолын нұсқап, екі дүниеде де бақытты болуымызды, ар-ожданы мен жүрегі таза, достық пен бауырмашылықты жан-тәнімен сүйетін, игі мінез-құлықты құл болуымызды қалайды. Көзімізбен көріп жүрген барша жаратылысты Алла тағала адам баласы үшін жаратты. Осындай қисапсыз нығметтің қарымын өтеу үшін Аллаға шынайы құл болу, тек тілмен емес, шынайы амалмен жүзеге асады.

0 пікір