Намазда қандай сезімде тұру керек?
Намазда қандай сезімде тұру керек?
6 жыл бұрын 5695
Ерсін ӘМІРЕ

Намаздың бізді жамандықтан тыюының бір шарты ол - ұлы құлшылықтың шынайы оқылуында болса керек. Намазды дұрыс, әрі ұқыпты оқу жүрегіміздің тазалануына және арсыздықтан арылуға көмектеседі. Сондықтан да намазға берік болу, уақытылы орындау өзімізге байланысты. Өйткені сіздің иманыңызды күшейтіп, түрлі арсыздықтан арылтып, ақылыңызға сәуле түсіреді, мінезіңіздің мәуеленіп, оның көркемделуіне өлшеусіз үлес қосады. Ал керісінше, намазыңызға салғырт қарап, тиісті деңгейде орындауға құлықты болмасаңыз зор өкінішке қаласыз.

Намаз несімен басқа құлшылықтардан  жоғары етілді?

Намаздың асыл мұраты - Алланы зікір ету болып табылады. Оның айқын мысалы, Құран Кәрімде Алланы еске алу үшін намаз оқуымызды міндеттейді, парыз етеді.  Араб тілінде «зикр» еске алу және оған қарама-қарсы «ғофлә», яғни бейқамдықта болу деген сөз бар. Алланың бізге әмір еткені - Өзін еске алумен намазға тұру. Ойымыз басқа бір жақта болып, сөзіміз шіркін төгіліп тұрса, яки жаттанды Фатиханың артынан жадымызда жатталып қалған кейбір сүрелерді оқумен  ғана аяқталған намаз - ол бейқамдықта тұрған адамның жағдайымен тепе-тең. Осыған байланысты Құран тарихына үңілейік.

Ислам алғаш келген кезде Араб өлкесінде арақ ішу белең алып, олардың сүйікті сусындарына айналған еді. Арақ толық харам болғанға дейін адамдарды одан қайтару мақсатында бірнеше тыйым салынған аяттар түсті. Ол бір сахабаның намазға мас күйінде тұрып, аяттардан жаңылысқан сәтінде: «Ей, иман келтіргендер! Мас күйінде (өздерің не айтып жатқандарыңды білмейтін күйде) намазға жақындамаңдар» деген аят түскен болатын. Арақ ішкен адам өзінің не істеп жатқанына есеп бере алмайды. Өйткені, ақылы жұмыс істеуден кеткен соң не шара? Мас адамды намаздан қайтаруының себебі, мас адам өзінің не айтып жатқанына жауап бере алмайтындығында. Ал, біздің мас адамнан айырмашылығымыз бар ма? Біз не айтып жатқанымызды білмей, ойымыз сан-саққа шашыраған күйде намазға тұрсақ мас адамның хәлі іспетті болмай ма?

Мен оқыған елдегі бір оқиғаға тоқталайын. Бірде намазда имам Фатиханы бітіргенде көптеген адамдар дауыстап «әмин» деді. Одан кейін «Әнъәм» сүресіндегі Ибраһим (ғ.с)  Пайғамбар жайлы аяттар оқылды. Бұл аяттың соңында да «даалин»деген сөз келген еді. Имам аятты бітіргенде біраз адамдар екінші рет  дауыстап «әмин» деп айтты. Кейде денеміз мешітте тұрғаныменен ойымыз басқа жақта жүреді. Әз Елшіміз (с.а.у.) түндерін ықылассыз намаз оқумен өткізген кісіге тек ұйқысыздық пен шаршап шалдығу ғана қалатындығын ескерткен.

Намаз мінәжаттылығымен абзал етілді. Сөз қашан жүректен шықса, сол кезде шынайы сөз болады. Сөз - жүрек емес, тек тілден шықса өтімсіз болып, қадірін жоғалтады. Құлшылықтағы мақсат тілімізбен айтып, қимыл-қозғалыс жасау емес. Маңыздысы - ықыласты сезімде тұрып, құлшыныспен, Алланы көріп тұрғандай оқуымыз. Расында немқұрайлы оқылған намаз босқа шаршағанмен тең. Ондайдан Алла сақтасын. Алланың қабыл ететін намазы - ықыласпен оқылғаны ғой.

Имам Хасан әл-Басри: «Намазды шын ниетпен оқымау, сауап алудан қарағанда жазаға жақынырақ» - дейді. Ал саңлақ сахаба Муғаз ибн Жәбәлдің (р.а): «Намазда әдейілеп оң және сол жағындағыларды біліп тұрған адамға намаз жоқ" деген сөзі намазды аса жоғары құлшылық деп қарау керектігін аңғартса керек.

«Аллаһу акбар» деп намазға кірудің хикметі «Алла бар және Ол барлық нәрселерден, бала-шаға, мал–мүліктен де ұлық» деген мағынаға саяды. Егер намазға кірмей тұрып, ойымыз шашыраңқы болса, ол басталғаннан-ақ қабыл болмаса керек.

Намазда қандай сезімде тұру керек?

Намазды ықыласпен оқу үшін мына алты сезімді сезіну керек:

  1. "Худурул қалб" - намазды жүрекпен сезініп оқу. Намаз бен ақиреттен басқасын жүректен шығару. Жүректі дүниелік нәрселерден босату.
  2. "Әт-Тәфәһум"- оқып жатқан Құранды түсіну. Құран оқуда негізгі мақсат - оны ұғыну. Тозақ аяттарын оқығанда қорқу, жұмақ аяттарына келгенде үміт ету, Фатиханы оқығанда, «сүбхана рабил ъазим» дегенде Алланың ұлылығын сезіну.
  3. "Әт-Таъзим" - ұлықтау. Алланың ұлық әрі барлық нәрсеге құдіретінің жететіндігін сезіну. Бұл сезім жүрек бірге болып, айтып тұрған нәрсесін түсінгенде пайда болады.
  4. "Һәйба" - сескену. Алланың ұлылығынан туындайтын қорқу сезімі.
  5. "Әр-Ражә" - үміттену. Бұл өмірде жауыз адамдар бар. Адамдар олардан қорқады, оларды ұлықтайды. Бірақ, ешқандай жақсылық үміт етпейді. Біз Алла Тағаланың ұлылығын сезінеміз, қорқамыз. Алладан қорқу арқылы үміт етеміз.
  6. "Әл-Хайә" - ұялу. Алла Тағаланың ұлылығына сай, құрмет көрсете алмағанымыздан, жанымыздың таза болмағанынан, Алла Тағала бұйырғандай намаз оқымағандығымыз үшін ұялу. 

Жоғарыда келтірілген сезімдердің сатылы түрде келуінің өзінде үлкен даналық жатыр. Адам жүрегімен бірге болғанда ғана айтып тұрған сөзіне мән бере бастайды. Құранды терең түсініп, Алланың ұлықтығын сезінген сайын оның адам біткеннің қорқынышы арта түседі. Сол оқып тұрған Құран аяттарында Алладан үміт үзбеңдер деген қатарды оқып қорқумен үміттенеді. Алла қанша күнәсі болса да, кешіремін деп тұрғанын біліп, өзінің лайықты түрде құлшылық жасай алмай жатқандығын сезінген пенде Жаратушысынан ұялған түрде намазын тәмамдайды. Міне, бұл шынайы оқылған намаздардың қатарында болып, Құранда мақталған "ықыласпен намаз оқушылар" деген ардақты топқа кіре алады.

Бір ғұлама былай деп мысалға алады: «Тышқан түйеге ғашық болыпты. Содан түйеге арнап хат жазып, өлең арнап, қызыл тілімен түйенің жүрегіне жол табады. Оны оқыған түйе де, тышқанға көңіл қояды. Содан тышқан түйені үйіне алып келеді. Баршамызға мәлім тышқанның үйі қандай екені. Қанша әрекет етсе де, түйені үйіне сыйдыра алмайды. Сонда түйе тышқанға:

- Сен махаббатыңа лайықты үй сал немесе үйіңе сай махаббат тап, - дейді.

Ғұламаның айтпағы "Алланың ұлылығына лайықты құлшылық жаса немесе құлшылық ететін басқа нәрсе тап" дегісі келген екендігі емеурінге ойысады.

Жоғарыда айтылған сезімдердің орындалуы ең алдымен, қызығушылық пен ынтаны керек етеді. Яғни, сол амалда пайда бар екендігіне кәміл сену. Адам не нәрсеге қызықса, сол туралы көп ойлайды. Адамның ойы қызығуға, махаббат қоюына байланысты. Адам не нәрсеге махаббат қойса, сол нәрсеге жетуге асығады. Егер біз намаз оқыған кезде ойымыз басқа жақта жүретін болса, өзіміз үшін маңызды болған заттарды ойлаумен боламыз. Егер адам нені маңызды десе, ойы сол жақта жүреді. Намаз оқыған кезде, бұл дүниедегілерден ақыретті маңызды деп білгенде ғана намаз өз дәрежесінде деп есептелінеді. Біз ақыреттің мәңгі екенін түсінгенде ғана біздің жүрегіміз сол жайында ойлайтын болады.

0 пікір