«Намаз оқиын десем жұмыс бабымен жолда көп жүремін...»
«Намаз оқиын десем жұмыс бабымен жолда көп жүремін...»
13 сағат бұрын 224

Жолаушылықтың да өзіндік ерекшеліктері бар. Егер көлік өзіңіздікі болса, намаз уақытында тоқтап оқып алуға мүмкіндік бар. Ал қоғамдық көлікте болса, алдын-ала дайындалу керек. Ол үшін: 

Жолда неше сағат боласыз? Қай уақыттарда жолға шығу керек? Намаз уақытында жолда болмау үшін сағат нешеде шығу керек? Осыларды алдын ала ескеріп, намазыңызға да уақыт тауып, баратын жеріңізге де оңай жетіп алуыңызға болады. Алғашқы мұсылмандар күнделікті істерін намаз уақыттарымен белгілейтін. Жолығатын болса «бесін намазынан кейін», «таң намазына дейін» деп шаруаларын намаз уақыттарына қарай белгілейтін. Сондықтан қазір де намаз уақыттарымен белгілесек, намаздарымыз қаза болмасы анық.

Кейде жол жүру уақыты бірнеше сағатқа немесе бірнеше күнге созылуы мүмкін. Ондай кездері де намазды қаза етпей, шама келсе құбылаға қарай, көлікте оқу керек. Әрине, мұндай кездері дініміз жеңілдіктерді де қарастырған. Мысалы, автобуста болсаңыз, көлік тоқтағанша намаз уақытында өз орныңызда отыры ишаратпен оқи бересіз. Яғни рүкүғта сәл иіліп, сәждеде одан да төменірек иілесіз. Өйткені мына бір аят осыны меңзеуде: 

«Намаздарға сондай-ақ ортаңғы намазға сақтықпен қараңдар. Аллаһқа бой ұсынған түрде  тұрыңдар. Ал егер қауіп-қатерде болсаңдар, жаяу немесе көлікте (намаздарыңды ишарамен оқыңдар). Қашан бейбіт болсаңдар, сендерге білмегендеріңді үйреткеніндей Аллаһ тағаланы зікір етіңдер». ("Бақара", 238).

Парыз және уәжіп намаздарыңызды мынадай жағдайда көлікте оқи аласыздар: 

Көліктен түскенде мал мен жаныңызға қауіп төнетін болса; 

Көліктен түсе алмасаңыз немесе түскеннен кейін қайта міне алмай қалатын болсаңыз. Поезд, ұшақ, кеме сияқты мүмкіндік бар жерлерде тұрып, құбылаға қарап, рүкүғ пен қиямды толығымен орындап оқығаныңыз абзал.

Бес уақыт намаз адамды бір жүйемен, әрбір уақытын есептеп жүруге тәрбиелейді. Жолға шығатын кісі уақыттарын намаз уақытына қарай есептеп шыққаны дұрыс. Мысалы, ақшам намазын оқып шыққан кісі, құптан мен таң намазын автобустың тоқтаған жерінде дәретін алып орындай алады. Асығыс болған жағдайда тек парыздары оқылады және сапарда 4 рәкаттық парыз намаздары қысқартылып 2 рәкаты ғана оқылады.

Жалпы автобустар 4-5 сағат сайын жолда тоқтайды, намазына қатты көңіл бөлген адам автобустан қалып қоймайтындай әрбір уақытын алдын-ала есептеп тиімді пайдалануға болады. Намазымызды тіршілігімізге қарай емес, тіршілігімізді намазға қарай икемдейік. Өйткені Аллаһ құлына көтере алмас жүкті бермейтінін Құранда айтқан. 

"Намаз - діннің тірегі":
Нұрлан Сайлауұлы, 
Еркебұлан Ыбырайымұлы

0 пікір