Мұсылманшылық қағидатынсыз өмір
Мұсылманшылық қағидатынсыз өмір
10 ай бұрын 1906
Имам Шағрауидің (1911-1998 ж) кітабынан үзінді

Қандай жағдайда адам «ең жаман адамның» деңгейіне түсуі мүмкін? - деген сұраққа Имам Шағрауидің (рахимаһуллаһ) жауабы:

«Адам баласы мұсылманшылық қағидатынсыз, тәртіпсіз өмір кешер болса, одан жамандықтан басқа ештеңе келмейді. Жаратушы Құдай Тағаланың мына сөзіне назар аударайықшы: «...Расында адамзатты көркем бейнеде жараттық. Сосын оны төмендердің төменіне қайтардық. Бірақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер басқа...». («Тин» 4-6 аяттар). Демек, адам баласы Құдайдың жаратқанын қолдап зақымдап, сиқын бұзады екен.

Алла Тағала оны ең көркем бейнеде жараттым деп отыр. Оған жүруі үшін - тура жол берді. Алайда, адам баласы өзінің нәпсісіне, ЭГО-сына еріп, Алланың берген жолынан бас тартты. Сөйтті де, аятта айтылғандай «төмендердің төменіндегілерден» болады. Оны «төмендердің төменіндегілерден» болудан не құтқарады? Оны құтқаратын нәрсе – иман етіп,  мүмін болу.  

Жоғарыдағы аятта (тин сүресінде) түрлі кемшіліктерден пәк болған Алла Тағала біздерге айтқысы келетіні: «Егер, адам баласы мұсылманшылық қағидатынсыз, белгілі ұстанымсыз жаратылып, сол күйінше қоя берілгенде, ол - адамзат үшін жамандықтың қайнаркөзі болар еді. Өйткені, адам баласы мұсылманшылық заңынсыз жүріп, жалғыз ғана өзінің нәпсісіне және іштегі ЭГО-сына ерсе, ол жер бетін жамандыққа, қайғыға, бақытсыздыққа, қасыретке толтырады.

Осыны білгендіктен Жаратушы Иеміз адам баласына жақсылық ойлап, оған Пайғамбарлар арқылы мұсылманшылық заңдарын, тәртібін үйреткен. Құранды үйретті. Алладан жәрдем тілеуді үйретті. Пендеге: «Алладан жәрдем тілемей, бір іс бастама!» деді...»[1] - дейді Имам Шағрауи (рахимаһуллаһ), Құдайдың дініне қайтпай жақсылық жоқ екендігін айта келе. 

Қазіргі жер планетасында болып жатқан әділетсіздіктер мен қырып-жоюлар, күшті елдің әлсіз елді езуі, өздерінің мүдделері үшін әйел, бала-шаға демей жайпауы, нәпсілеріне еріп, жер бетінде қайғы, қасырет шашуы т.б. осы сияқты жағдайларға қарап, Имам Шағрауидің (с.а.у.) ондаған жыл бұрын айтып кеткен бұл сөзі, расында да ойға қонымды.

Расында да, қазіргі әлемде болып жатқан қайғы-қасыреттің бәрі Алланың пенделеріне жіберген дінінен ұзақтағандығының нәтижесі. Соңғы ғасырларда әлем жұртшылығының назарында дінді құбыжық қылып көрсетіп, елді бездіру жолында қарқынды жұмыс жасап, енді соның салдарынан «төмендердің төмендеріне» түсті, осылайша адами қасиеттерінен арылып, жыртқыш хайуани сипаттары басымдыққа ие болды. Соның нәтижесінде жер бетін «қоғам емес», күштінің әлсізді жаншитын бейнебір жунглидегі жыртқыш хайуандар әлеміне айналдырып жіберген сияқты. Мұның бәрі Имам Шағрауидің «мұсылманшылық қағидансыз жүрген адамнан, тек жамандық күте бер» деген сөз саптауының қаншалықты шындыққа жанасатындығын көрсетеді.

А. Қасым.


[1] Имам Шағрауи: «әл-Қодоя». 1/103 бет.

0 пікір