Мұсылманның махаббаты
Мұсылманның махаббаты
10 жыл бұрын 4404
Абай ХАМЗА

Адам бойындағы көп сезімдердің ішінде сүю сезімінің орны бөлекше. Барлық сезім сәбидің бойында тумысында бар. Бейне көктеуін күтіп жатқан дәнек секілді. Бірақ сезім  атаулы өз ерекшелігімен құлпырады. Қуаныш, қызғаныш, таңданыс, сағыныш... ен даладағы алуан гүл секілді көз тартады. Қай сезім басым түссе адамның мінезінен сол көбірек көрініс бермек.

Сонда адамның мінезі дегеніміз сезімдердің жиынтығы болып шығады. Тәрбие дегеніміз сезімдердің өзара симпатиялы қалыптасуы екен. Осылардың ішінде сүю сезімі басқа сезімдердің діңіне ұқсайды. Сондықтан мұсылманшылықта сүйіспеншілік сезімнің бәрінен үстем болуын қалайды. Себебі сүю сезімі болмаса басқа сезімдердің де болуы мүмкін емес. Сүю — адамға Ұлы жаратушының берген үлкен сыйы. Алла Тағаланың сансыз есім сипаттарының адам рухындағы бір көрінісі.

Хакім Абай атамыздың: “Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті” деуінің терең мағынасы осында. Сүю сезімі жай ұнатудан басталып, ғашықтық махаббатқа дейінгі аралықтағы ғажайып рухани әлем.

Мысалы, мінсіз сұлуды жас жігіт бір көргенде-ақ ұнатты дейік. Оның көңілінде сүю деген керемет сезім болмаса, ол қыздың сұлулығын танымас та еді. Әуелі осындай сұлулықты жаратқан кім? Суретті ұнатқан адам оның суретшісін құрметтейтіні секілді, ақылы бар адам сұлулықты жаратқан түп Иесін сүюі парыз. Нағыз махаббат осы. Мұсылмандық тәрбиеде “Барлығын да Алла ризалығы үшін жақсы көрсең адаспайсың” дейді.

Адам көңілі қалаған нәрсесін Құдай атымен ұнатса ол ескірмейді, тозбайды. Өз атынан ғана ұнатса оның ғұмыры қысқа. Бүгінгі елжірей сүйген сүйкімді бикеш біраз жылда  ақ шашты, әжім жүзді қарияға айналады. Бірақ көңіл айнаңда оның жайнаған жастық шағы қалады. Көңілдің мәңгі болатыны — ол рухани дүние. Ұлы Жаратушы адамға өз рухын үрлеп, басқа тіршілік иелерінен ерекшелеуінің де мәні осында. Адамның бұл пәниге келудегі мақсатының өзі — Жаратушысын өз ақылымен танып, көңілімен сүю. Мәңгілік махаббатқа жеткен адам, бұл дүниедегі басқа сүйіспеншілікке де берік болары сөзсіз.

3 пікір
  • Машшаллаһ Аллаһ тағала даналығыңды арттырсын
    10 жыл бұрын
  • Оте тамаша айтылга
    10 жыл бұрын
  • Адам көңілі қалаған нәрсесін Құдай атымен ұнатса ол ескірмейді, тозбайды. Өз атынан ғана ұнатса оның ғұмыры қысқа. Бүгінгі елжірей сүйген сүйкімді бикеш біраз жылда ақ шашты, әжім жүзді қарияға айналады. Бірақ көңіл айнаңда оның жайнаған жастық шағы қалады.

    10 жыл бұрын