Әнәс Пайғамбарымыздың мына хадисін бізге жеткізеді: «Үш қасиет бар. Осы үшеуі кімде болса, онда ол иманның дәмін сезеді: Алла мен елшісін өзгенің бәрінен артық сүю, бір адамды Алла ризалығы үшін ғана жақсы көру және Алла күпірліктен құтқарып, Исламды нәсіп еткеннен кейін қайтадан имансыздыққа оралудан отқа құлап кететіндей деңгейде қорқу» .
Нағыз тақуалық Алла мен Оның елшісін бәрінен де артық сүю арқылы болады. Хақ Тағала мен Оның пайғамбарын өзгеден артық сүйе алмаған адам нағыз мұсылман бола алмайды. Ендеше шынайы иманның белгісі – сол екеуі үшін қажет жерінде сүйіне де күйіне де білу. Бірақ адам жүрегіндегі осы сүйіспеншіліктің барлығын яки қаншалықты деңгейде екенін қалай біледі?
Сіз кешке үйіңізге дүние деген базар әлемінен көп сауда жасап, одан қыруар пайда тауып оралсаңыз қандай көңіл-күйде боласыз? Міне, сол сияқты әлемде Ислам дініне қатысты бір жағымды жаңалық естігенде яки бір адамның "ақырғы Пайғамбар туралы жақсы бір кітап оқып оған деген сүйіспеншілігім арта түсті" деген кезде көңіл-күйіңіз тым болмаса әлгіндей көтіреліп жатса онда сіздің жүрегіңізде Хақ Тағалаға және Оның елшісіне деген сүйіспеншілік бар деген сөз.
Сондай-ақ сіз кешке үйіңізге қырық жылдық бар тапқаныңыздан айырылып, тақыр кедей болып оралсаңыз қандай күйде боласыз? Міне, сол сияқты әлемде Ислам дініне қандай бір күйе жағылғанын естігенде яки бір адамның дінсіздік танытып, Алла Тағала мен Оның елшісіне тіл тигізген кезде тым құрыса дәл әлгіндей күйіне білсеңіз онда сіздің жүрегіңізде ол екеуіне деген сүйіспеншілік пен махаббат бар деген сөз.
Осыдан бірнеше жыл бұрын бір мұсылман елінің телеарнасында тікелей Пайғамбарымызға қатысты діни сұқбат жүргізіледі. Соған әдейілеп сол елдің атақты дінтанушы профессорын шақырады. Әлгі профессор Пайғамбарымыз жайлы «Ол - да біз сияқты қарапайым адам. Пенде болып қателік жасайды. Мысалы, оның пәлен тақырыпқа қатысты мынадай хадисі бар. Бірақ мен оның пікіріне қосыла алмаймын» тағысын-тағы деп ақырғы Пайғамбарды жай адам етіп сынап отырады. Осы кезде тікелей эфирге христиан елінде өмір сүрген мұсылмандардың бір тарихатының шейхы телефон соғып, әлгі профессорға: «Сіз неге менің Пайғамбарыма жай адам ретінде қарап, тіл тигізесіз. Сіздің Пайғамбарымызды сынап, оның хадистеріне қадаған әрбір тікен сөзіңіз менің жүрегіме найза болып қадалуда. Алла Тағаланың сүйіктісі һәм ғаламзаттың рақым пайғамбарын сынайтындай сіз кім едіңіз?» дейді. Бірақ әлгі дінтанушы «сіз дінге қарапайым көзбен қарайсыз, ал біздер (дінтанушылар) дінге сын көзбен қараймыз» деп бой бермеген соң әлгі шейх телефонды қоя салады.
Бірнеше күннен соң әлгі христиан елінен бір топ адам ұшақпен әлгі мұсылман елге келіп, профессорды іздеп табады. Олар оған: «Сіздің Пайғамбарымызды сынағаныңыз үлкен қателік еді. Ұстазымыз сіздің сондағы сын сөздеріңізге шыдай алмай телефонды тастай салды. Сол түні ол түні бойы қатты күйініп, үй ішінде әрі-бері жүре берді. «Менің Пайғамбарыма тіл тигізуге қандай қақысы бар, кім ол сонша?» деп өзегі өртенген ол осындай сөздерді қайталай берді. Қатты күйзелген ол іштей от болып, жанып таңғы жуық жүрекпен құлады. Қанша жанталасқанмен құтқара алмадық. Сол күйінген күйі ақырет әлеміне жүріп кетті» дейді. Осы сөздерді естіген кезде әлгі профессор кенеттен шошып жүрегі дір ете қалады да, жас кезіндегі жолғалтқан иманын қайта табады. Бейне бір қырық жыл жынданып, есін жиған адамдай жан-жағына қарап, істеген қылығынан қатты ұялап тәубеге келеді.
Міне, бұл шейхтың Пайғамбар үшін күйініп өліп кетуі оны жаратылыстың ішінде бәрінен артық сүйгендігінің белгісі. Күйіне алмаған сүйіне алмайды.
Иә, сүйікті Пайғамбарымыз ата-анамыздан да, бала шағамыздан да, бәрінен де артық. Сахабалардың «Пайғамбарым! Жолыңа ата-анам құрбан!» деулері осының айғағы. Сол себепті Құранда Алла Тағала:
قُلْ إِن كَانَ آبَاؤُكُمْ وَأَبْنَآؤُكُمْ وَإِخْوَانُكُمْ وَأَزْوَاجُكُمْ وَعَشِيرَتُكُمْ وَأَمْوَالٌ اقْتَرَفْتُمُوهَا وَتِجَارَةٌ تَخْشَوْنَ كَسَادَهَا وَمَسَاكِنُ تَرْضَوْنَهَا أَحَبَّ إِلَيْكُم مِّنَ اللّهِ وَرَسُولِهِ وَجِهَادٍ فِي سَبِيلِهِ فَتَرَبَّصُواْ حَتَّى يَأْتِيَ اللّهُ بِأَمْرِهِ وَاللّهُ لاَ يَهْدِي الْقَوْمَ الْفَاسِقِينَ
«Ей, Мұхаммед оларға: «Егер әкелеріңді, балаларыңды, туыстарыңды, әйелдеріңді, ағайындарыңды, тапқан малдарыңды, тоқтап қалуынан қорыққан саудаларыңды, жақсы көріп рақат қызығын көрген үйлеріңді Алла Тағаладан, Оның елшісінен әрі Оның жолында күш-қайрат жұмсаудан әлдеқайда артық санап, аса жақсы көретін болсаңдар онда Хақ Тағаланың әмірі келгенге дейін күтіңдер. Алла пасық адамдарды тура жолға салмайды» де» деп айтады .
Хақ Тағала пендесін сүйіп жаратты. Жаратқанмен қоймай халифа етіп күллі ғаламды оған қаратты. Жүрегіне иман беріп, пайғамбары арқылы Ислам дінін таратты. Ендеше сүйіп жаратқан Жаратушысын пендесі неге жақсы көрмеске?!
Һәм Аллаһ елшісі де «шыр» етіп дүниеге келген шақтан бастап «үмбетім» деп безек қақты. Өмір бақи үмбетінің екі дүниелік бақытын ойлап көз жасын көл етумен өтті. Көз жұмар алдында да «үмбетім, үмбетім» деп көз жұмды. Күн ертең мақшар да осылай Хақ Тағаланың құзырында үмбетіне шапағатшы болмақ. Ендеше осындай Пайғамбарды оның үмбеті неге сүймеске!?
Абдуллаһ ибн Хишамнан мынадай хабар бізге жеткен: «Бірде Пайғамбармен бірге отырғанбыз. Алла елшісі Омардың қолынан ұстады. Омар: «Пайғамбарым! Мен сізді бәрінен де артық жақсы көремін. Бірақ жанымнан артық емес» деді. Сонда Алла елшісі: «Жоқ, олай деуші болма. Ғұмырым құдыретті қолында болған Алла Тағалаға ант етейін! Сен мені өміріңнен артық жақсы көрмейінше (иманың толық болмайды)» дейді. Осы кезде Омар: «Пайғамбарым! Олай болса дәл қазір сіз маған жанымнан да артықсыз» деп жауап берді. Аллаһ елшісі: «Омар! Міне енді иманың толық болды» деді».
Мына хадис те осыны қуаттайды. Хазіреті Әнәс жеткізеді: Алла Елшісі (с.а.у.): «Араларыңда ешкім мені әкесінен, баласынан және күллі адамдардан артық сүймейінше иман ете алмайды» деді. Басқа бір хадисте «дүние мүлкі мен малынан және от басынан да артық жақсы көрмейінше» дейді.
Ендеше Хақ Тағала мен Оның пайғамбарын бәрінен де артық жақсы көрген адам жүрегіндегі иман дәмі мен ләззатын сезеді.