Мұсылмандардың Кордова халифатына ықпалы
Мұсылмандардың Кордова халифатына ықпалы
7 жыл бұрын 6924

711-718 жылдары Пиреней түбегін араб халифатының әскерлері басып алған. Халифаттың шет аймағының бас қаласы әл-Андалузия  болып қалды.

711 ж. араб әскерінің қолбасшысы Тариқ деген атақты адам болған. Пиреней түбегімен Африканың арасын бөлетін Гибралтар бұғазы дәл осы Тариқтың атымен аталған. «Гибралтар» - Жаббал Тариқ «Тариқтың тауы» дегенді білдіреді. (исп. Estrecho de Gibraltar, англ. the Strait of Gibraltar, араб. مضيق جبل طارق‎‎, лат. Fretum Gaditanum).

Араб халифатын басқарған төрт халифтан (Әбу Бакр (632-634ж), Омар (634-644ж.), Осман (644-656ж.),  Али (656-661ж.) кейін билікке Омейяд әулеті келді. Олар халиф Османның өз кезінде өкіметтік қызметке тартылған көптеген туыстары болатын. Омейяд әулеті (661-750 ж.) Араб халифатын басқарып отырды. Ал Омейядтардың қолынан билік кеткен соң, олардың орнына Аббас халифатыкелді.

Аман қалған Омейядтардың бірі Абд-ар-Рахман Испанияға ауып кетті. Ондағы араб пен берберлердің  мықтыларының басын қосып, біріктіріп, Кордова әмірлігінің негізін қалады. Сол әмірлікті Омейяд әулеті (756-1031 ж). басқарды.

Кордова әмірлігі мұсылман мемлекеті болды. Жалпы әмірлік кең жайылған,  ал астанасы Бағдадттағы Араб халифатына бағынған.

912 ж. Кордованың әмірі Абдолла қайтыс болғаннан кейін, таққа өз немересін қалдырып кетті. Жаңа әмір Абд ар-Рахман III әлсіреп, шашылғалы жүрген әмірлікті тәртіпке келтіріп, билікті күшейтуге бар күшін салды.  Севилья, Кармона, Бодахос, Толедо, Сарагоса, Бобастро жерлерін әскер күшімен қайта бағындырып, салықтарды мол жинатты.  

912 жылдан бастап, билікті  қолға алған, алыстағы Бағдадттың әлсіздігін сезген әмір Абд ар-Рахман III (ан-Насир ли-дини-ллах Абу Мутарриф Абд ар-Рахман ибн Мухаммад ибн Абдаллах) 929 ж. өзін халиф деп жариялады.  Сонымен,  Кордова әмірлігі халифат атауына ие болды. Осы амалмен Абд ар-Рахман IIIөзінің тек Алла Тағалаға ғана бағынатынын білдіріп, алыста жатқан Бағдадттың билігінен шығуына  жол ашты.

Бүгінгі Испания мен Португалияның жерлерінде (929-1031 ж.) Кордова халифаты орналасқан. Бас қаласы - Кордова болды.  

Кордовахалқының басым саны мұсылман болатын. Ислам дінінің сабырлыққа, әділдікке шақыратынын, жаңа өмірдің дұрыстығын көрген жергілікті адамдар топтап,  мұсылмандыққа бет бұрды.

(951-961 ж). Леонның, Наварраның, Кастилия мен Барселонаның басшылары халифтың билігін мойындап, жыл сайын салынған салығын уақытында молынан төлеп тұрды.  

Тек Кордованың емес, бүкіл  Испанияның тарихын алып қараса, олардың ең дамыған уақыты - ислам діні мемлекеттік дін болып тұрған кезеңінде  болғанын  анық көрсетеді.

Кордова халифатының  астанасы – Кордовада Х ғасырдың басында халық саны  500 000-ға жеткен. Мысалы, сол уақытта Парижде  халық саны - 38 000 болатын.

Сол кезеңде Кордовада 700 мешіт салынған, 70 кітапхана болатын, ең үлкенінде 500 000 кітап жиналған. Қалада 900 монша болған, ал көшедегі шамдар бүкіл Еуропаға осы Кордовадан тараған.

Халиф Аль-Хакамныңкезінде Кордовада 27жоғарғы оқу орынды  болатын. Оқу жерлерінде тек қана таза шариғат, фикһ білімінен басқа фәлсафа, математика, физика, медицина, астрономия пәндерінен де сабақ берілетін. Кордоваға ілім іздеп, оқып білім алуға Батыс Еуропадан, Азиядан да көптеген адамдар келетін. Гректердің көне тілінен арабшаға кітаптар аударылып жатты. Және де сол аудармалар арабшадан латын тіліне аударылатын. Кейіннен батыс еуропалық ғалымдар латын тілінде  жазылған көне гректердің еңбектерімен танысып, көп пайдасын көрді.

Халифтың жеке кітапханасында 400 000 кітап болған. Арабтар қағаз жасаудың әдісін  әкеп таратқан. Соның арқасында папирус пен пергаменттің ескі технологиясы қала берді. Ал кейіннен  қағазға кітаптың  басылуы кеңінен таралды.

Тарихта өшпес аты қалған ғалымдар, жазушылар, сәулетшілер, әр түрлі қолөнер шеберлері дәл осы мұсылмандық Испаниядан шыққан.

Абу Уалид Мухаммад ибн Ахмад ибн Рушд – атақты араб философы, Кордовада еңбек еткен. Батыс Еуропада оны латын тілімен Аверрос деп атаған.Оның еңбектері еуропалық философтарға әсер етіп, «аверроизм» деген философиялық ұғым  пайда болған.

Философ, ғалым, дәрігерАбу Имран Муса Ибн Маймун (Маймонид)Кордовада өмір сүріп, еңбек еткен. Жазушылар  Ибн аль-Құтыя, Ибн Фирру, Ибн Туфейл де Кордовадан шыққан. Еуропалықтар Ибн Туфайлдің (Абу Бекр Муха́ммед ибн Абд ал-Ма́лик Ибн Туфа́йль) шығармаларын қызықтап оқитын. Ағылшын жазушысы Даниель Дефо Ибн Туфайлдің «Якзан ұлы Хайе туралы әңгіме» деген кітабын оқып, әсер алып, бүкіл әлемге танымал «Робинзон Крузосын» жазған.

Филолог ал-Қали, тарихшы ат-Табари, ақын, грамматиканы зерттеуші әл-Зубайди сияқты ғалымдар Кордовада еңбек еткен.

Андалузияда Аббас фин Фирнас – ұшақтың жобасын салып, сол жобасын іске асырып, әлемге алғашқы ұшақты танытты. Ғылымның бір түрі деп астролябиялықты қорытып, жинақтаған Абу Ысқақ Ибрахим аз-Зуркани.  

Ескі деректерге сүйенсек, телескоп Кордовада жасалып шығарылған. Ибн аш-Шарт деген Андалузияның тұрғыны әлемнің алғашқы картасын салған. Көне гректер /Птолемей/ басқа планеталар жерді айналып жүреді деп ойлайтын. Ал осы Ибн аш-Шарт жер күнді айналып жүреді деп дәлелдеген.

Ибн Йунус деген ғалым маятникты ойлап шығарды, ал Галилей соған сүйеніп төрт ғасырдан кейін сол маятникті жетiлдiрдi. Қумнан әйнекті жасап шығарған да сол Кордова халифатының мұсылманы.

Кордова ғалымдардың қаласы болғанын дәлелдейтін Аэросстың мынадай сөзі бар:  «Севилияда ғалым өлсе, оның кітаптарын сату үшін  Кордоваға апарады, ал Кордовада музыкант өлсе, оның музыкалық аспаптарын Севилияға сатуға апарады». 

Кордованың көпестері Скандинавия мен Англияға, Иран мен Үндістанға, Египет пен Сирияға, Византия мен Иракққа дейін саудаларын  жүргізетін. Сауданың басым бөлігі зергерлік тауарлар, маталар және киім-кешектер болатын. Кордованын сәнін көршілес христиан мемлекеттермен алыс жатқан Францияға дейін  үлгі тұтатын.

Кордованың рухани да сәулеттік құндылықтарының бірі – мешіт. Алғаш мешітті Кордова әмірлігінің негізгі қалаушы Абд ар-Рахман салғызған. Асылдың сынығы, Омейяд әулетінің өкілі алыс жерді амалсыз паналап, туған жерін сағынып, Дамаскідегі мешітті көзіне елестетіп, соған ұқсас мешіт  салдырған.

Әуелі 785-788 ж. Кордова қаласының төңірегінен өзіне сарай салғызды. Сириядағы атасы халиф Хишаманың сарайына ұқсатып оны ар-Русафа деп атады. Ар-Русафаның ауласына Сириядан алғызған пальма ағаштарын отырғызды. Әмірдің тағына отырса да, өзін қашқынға теңеп, “бөтен жерде өсіп тұрған пальмадаймын” деп өлең жазады.

Кордова мешітінің ені – 200х144 м. Оның ішінде 856 мәрмәрлық колонна бар. Михрабтың үстінде аспанның жеті қабатын белгілейтін жеті терезе бар.

Ол бір жақ қабырғасына шәһада жазылған жер бетіндегі әдемі де, үлкен мешіттердің бірі болып саналады. Іші өте әдемі тастармен қаланған.

1523 ж. архиепископ Алонсо Маурике мешіттің ішінен христиан шіркеуін салмақшы болады. Оған V Карл патша рұқсатын береді. Бірақ,  үш жылдан соң құрылыс орнына келген патша қатты өкінеді. «Сендер қайталанбас құндылықты бұзып, қай жерге болса да салуға келетін дүниені ортаттыңдар» деп айыптады.

Еуропалықтардың тарихи кезегі келгенде, ислам дінімен келген жаңалықтарға сүйеніп, өздерінің даму процессін жақсы пайдаланды.   Сонымен, әлемдік мәдениетке испаниялық мұсылмандар, Кордова халифатының қосқан үлесі зор болды.

Кордованы Омейяд әулеті үш ғасырға жетер-жетпес уақыт билеп тұрды. Бірақ, дүние кезек. Әр жайнаған, жеміске толы жаздың артынан салқын күз келеді.    

ХV ғасырдың аяқ жағында (1492ж.) Испаниядағы мұсылман мәдениетінің соңғы бекінісі - Гранада құлады.   

Мұсылмандардың кезінде Испания дамудың шыңына жеткен еді. Ислам дінін мойындамаған Испанияның экономикасы бүгінгі күні Грециядай дефолттан қорқып отыр. Адамның санасы қиыншылықтан тез өзгереді. Қазіргі уақытта Испания мектептерінде араб тілін  оқыту қайта енгізіліп, мұсылманның саны күннен күнге көбейіп келеді деп айтылып жатыр.

Қорытындылай  келсек, Кордова халифаты Х ғасырдың аяғы мен ХІ ғасырдың басында аса қуатты мемлекет болды. Кордова халифаты билеушілері жікшілдік пиғылдағы араб-бербер тайпа көсемдерін талқандап, түбектегі христиан мемлекеттерімен жүргізілген соғыстарда үлкен жеңістерге жетті. Нәтижесінде Кордова халифаты саяси-экономикалық жағынан айтарлықтай нығайып, сауда мен мәдениеттің өркендеуіне кең жол ашылды. Бірақ билеушілер арасында үздіксіз болып тұратын тақ таластары ел ішінде өзара соғыс туғызды. Соғыс кезінде бай қалалар қирап, егіншілікпен айналысқан аймақтар қаңырап бос қалды. 1031 жылы. Кордова халифаты бірнеше ұсақ әмірліктерге бөлініп кетті.

                                

Разия ШАЙКЕНОВА, 

ҚазҰУ, философия және саясаттану факультеті 

Дінтану және мәдениеттану кафедрасы 

Исламтану мамандығының 1 курс магистранты  

Ғылыми жетекшісі Құдайберді БАҒАШАР 

0 пікір