Мұсылман көршісінің әсерімен Исламды қабылдаған американ қызының оқиғасы
Мұсылман көршісінің әсерімен Исламды қабылдаған американ қызының оқиғасы
8 жыл бұрын 6391 islamdag.ru/
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ

Мұсылман болсам деген шешімім, шешім қабылдағаннан кейінгі жүріп өткен ұзақ жолым – көп адамды толғандыратын тақырып. Сол хақында айтып берейін. Менің де әңгімем адамдардың осы жолды таңдауына септігін тигізер деген үміттемін.

Мен америкалық қарапайым отбасында тәрбиелендім. АҚШ-та туып-өстім. Әке-шешем, сіңлім төртеумізден тұратын отбасымыздың жағдайы да орташа еді. Әкем әскери адам болғандықтан үнемі көшіп-қонып жүретінбіз. Ақырында Вирджиния штатына қоныс тептік.

Отбасым христиан дінін ұстанатын. Әке-шешем күні бойы жұмыста болғандықтан бізді шіркеуге апаруға уақыттары бола бермейтін. Дінді тек мереке күндері, яки ата-әжеміздікіне қыдырып барғанда ғана еске алатынбыз.

Бала күнімде жексенбілік мектепке баратынымды жақсы білемін. Онда бізге Иса пайғамбар жайлы айтып беретін. Христиандықтың негізгі алғышарттары мен жақсылығы туралы сөз болатын. Алайда, жасөспірім кезімде ол айтылғанның бәрі маған жат боп көрінді. Мен ол айтылғанның бәрін мойындамадым, өмірімде қолдана да бермейтінмін. 

Исламмен алғашқы таныстық

Алғаш рет Ислам туралы 9-сыныпта білдім. Дүниежүзі тарихын оқу барысында сынып болып Вашингтонға бардық. Ондағы Ислам орталығына кіріп шықтық. Көктемнің тамаша күні еді. Күн ысып тұрды. Бәріміз қысқа балақ шорты киіп, жеңі шолақ футболкамен шыққан екенбіз. Мешітке кіре берісте бір әйел бізді тоқтатты да: «Алланың үйіне мына түрлеріңмен кіре алмайсыңдар» деді. Содан соң ол әйел бізге ақ белдемшелер мен орамалдар әкеп берді. Сол кезде ұлдар бізге қарап қатты күлген еді. Қызық, онда тұрған не бар екен деп ойлағанмын. Ағылшынша жақсы сөйлей алмайтын бір кісі бізге не істеу керектігін айтып берді. Бірақ маған оның әңгімесі әсер ете қоймады. Мен алаңғасар жасөспірім едім. Ол шақта дін менің санамнан тым алыс болатын.

     Сол оқиғадан арада бір жарым жыл өткен соң біздің үйдің жанына жаңа көршілер көшіп келді. Кешқұрым әдеттегідей итімді қыдыртып жүргенмін. Жаңа көршім Умму Әли менің жақындағанымды көріп, есік алдына шығып амандасты, кіріп кешкі астан ауыз тиюімді сұрады.

Жаздың күні еді. Кеш түссе де, ыстық әлі басыла қоймаған. Ал менің алдымда бастан-аяқ оранып алған бейтаныс әйел тұрды. Мен үшін осының бәрі жат еді. Ол аз болғандай “үйге кір” дейді. Ақыры мені көндіріп, үйлеріне кірдім. Артынан неге сонша табандылықпен шақырғанын сұрағанымда, ол: «Ислам бізге көршімен тату болуды үйретеді. Енді сен менің көршімсің. Менің саған құрмет көрсетуім керек», - деді. 

         Оның айтқанын естіп, таң қалдым. Бірақ үндемедім. Бұл әйелдің лебізінен тек шынайылықты сездім. Сол кештен бастап Умму Әли екеуміз ерекше дос болып кеттік. Екеуміз үшін де бұл достық таңсық еді. Оның мұсылман емес жақын достары болмаған екен. Ал менің мұсылман достарым болмапты. Бір-бірімізді қатты құрметтедік. Оның балаларын да жақсы көріп кеттім, оларға туған інілеріме қарағандай қарайтынмын. Ол әзілдескенді ұнататын, екеуміздің күлкіміз бітпеуші еді.

Ара-тұра дін туралы әңгімелесетінбіз. Бірақ ешқашан дауласпайтынбыз. Мен оның киім киісі, намазы туралы сұрайтынмын. Ол ораза басталған сайын аузым берік болмаса да мені ауызашарға шақыратын. Ол мені өз дініне сөзбен емес, іспен шақырды.

Мен оны адам ретінде, әйел әрі ана ретінде қатты құрметтей бастадым. Оның өз жан әлемімен үйлесімді өмір сүретіні көрініп тұратын. Ол кезде мен әлі жас едім. Дегенмен, ішім жылитын. Жан дүниемде өзгеріс басталғанын сездім. Бұл жай ғана қызығушылық не таңданыс емес, Исламды түсінуге деген құмарлық еді.

“Мұсылман болғалы өзімді толыққанды адам сезіндім”

Университетке түскен соң өмірдің мәні туралы, бағыты мен мақсаты хақында ойлана бастадым. Өмірде ең маңызды не нәрсе? Неге мен осы ғаламшарда өмір сүріп жатырмын? Сол ойдың жетегімен христиандық тамырыма көз жіберіп едім, олар маған жат болып көрінді. Сондықтан ізденісімді бастадым. 

Иудаизм, буддизм, индуизмге мән бердім. Измдері көп. Бірақ қай-қайсынан да кемшілік табылды. Сол уақыттың бәрінде Умму Әли менің қасымда болды. Ойым шашырап, жаңа дүниені іздеп жүргенімді ол білді. Менің әр нәрседен көңілімнің қалғанын, үрейленгенімнің бәрін теңдей бөлісті. Бірақ оған сыпайылық тән еді. Ол таңдауды өзімнің еншіме қалдырды. Мені ештеңеге мәжбүрлемеді. Әрдайым тек жанашырлық танытып, қамқор бола білді. 

Ол уақыт мен үшін дүрбелең кешкен кездер еді. Бір күні түс көрдім. Айналам тастай қараңғы – түнек екен деймін. Көз ұшында бір жарық жарқырайды. Жарықтың астында құрбым тұр. Ол мені өзіне шақырады. Мен жете алар емеспін. Оянғанда қатты қорықтым. Көп күнгі ойдан кейін түсімді өзім жорыдым. Қараңғы түнек – менің өмірім. Жарық - Ислам. Соны түсінген сәтте Исламды қабылдаймын, шәһадат айтамын деген шешім қабылдадым. Алдымен Умму Әлиге бардым. Артынан мешітке барып, ресми түрде мұсылман атандым.

“АҚШ-та туып-өскен сен неге Исламды қабылдадың?” деген сұрақтар маған жиі қойылады. БАҚ та Исламды қаралауын қойған емес. Әйелге қатысты тұстарын тіпті әсірелеп жібереді. “Исламды қабылдадым” дегенде көптеген адамдар таң қалады. Мені ешкім мәжбүрлеген емес. Бұл – менің таңдауым. Өзге діннен таппағанымды Исламнан таптым. Өмірге көңілім толды, Алланың жаратқан әлеміне, өзіме ризамын. Өмірімнің мәні неде екенін, өмірге не үшін келгенімді түсіндім.

Ислам менің көкейімде пісіп-жетіліп келе жатқан барлық сұраққа жауап берді. Өйткені, Исламның түсіндіре алмайтын құбылысы жоқ. Бәрі ашық, анық, толық. Сондықтан адамға жан тыныштығы пен үйлесім сыйлайды. Ислам маған әйел ретінде еркіндік берді. Иә, еркіндік! Еркіндік, себебі Ислам әйелдің мәртебесін биіктетеді. Әйелге барлық құқықты берген: әлеуметтік, саяси, экономикалық және т.б. Алла өзі жазып қалдырған құқығы. Бір де бір адам, не үкімет оны жоққа шығара алмайды. Мұсылман болғалы бері өзімді толыққанды адам ретінде сезініп жүрмін. Сол үшін Аллаға мың мәрте алғыс айтамын. Мені тура жолға салғанына да алғысым шексіз!

Менің жаңа өміріме отбасымның көзқарасы

Жиі қойылатын сауалдың бірі – “мұсылман болуыма отбасым қалай қарайды?” болды. Жалпы алғанда мені қабылдау қиын болған жоқ. Исламды қабылдағанда жасым небәрі 19-да болғандықтан отбасым менің бұл әрекетімді жай ғана әуетік санады. Есею жолынан өтіп жатыр деп есептеді. Өзі жалыққан кезде қайтып қалпына түсер деп үміттенді. 

Алғашында отбасымнан Исламды қабылдағанымды жасырдым. Басты қателігім де сол болды. Олар мендегі өзгерісті сырт адамдардан естіген кезде жағдай ушықты. Анам екеуміз көп сөйлестік, пікір таластырдық. Бағыма қарай, отбасым менен бас тартқан жоқ, дінімнен бас тартуға да мәжбүрлемеді. Бір жылдан кейін тұрмысқа шықтым. Алтын ұямды қиып кеттім. Тек сол кезде ғана отбасым менің Исламды қабылдауым ойын емес, өмірлік таңдау екенін түсінді-ау деймін. Өйткені, менің күйеуім де мұсылман еді.

Исламды қабылдағалы бері өмірім күрт өзгерді. Әрине, жақсы жаққа қарай. Қазір ештеңеге көңілім қалмайды, ештеңеге абыржымаймын. Өмірдің мәнін түснідім, өзімнің бұл фәниде не үшін бар екенімді білдім. Ойлап қарасам, бұрын уақытымды зая кетірген шақтарым көп болған екен. Не істерімді білмей, жағажайда қыдырып, кино көріп, концертке баруды ғана біліппін. Алланың разылығы үшін ештеңе істемеппін. Тек өзім үшін өмір сүріппін. Не деген ақымақтық екенін енді ғана пайымдап отырмын.

Бүгінгі таңда менің басты парызым - Алланың разылығы үшін өмір сүру, Оған құлшылық ету. Бұрын тек өзімді ғана ойлайтын өзімшіл едім. Қазір жасым 31-де. Әлдеқайда ересекпін, естиярмын. Сабырмен бірге парасат та келе бастады. Исламды қабылдаған соң тоғыз айдан соң тұрмысқа шықтым. Алла берген екі қызым бар. Өмірім толысты. Мұсылмандықты таңдаған түннен бері жаным жай тапты. Ешқашан артыма қайырылып қараған емеспін. Бүгініме ризамын!

Менің Исламға бастаған сапарым ұзақ әрі қиын болды. Дегенмен, Аллаға деген сенімім нық. Алла әрдайым өзі қолдап отырды!

Арнайы islam.kz үшін

 

2 пікір