Осы бір-екі күн бұрын Мәскеуге таңмен таласып Оралбек ағамыз келді. Астанадан шыққан екен. Сондағы соңғы аптасын Әзірет Сұлтан мешітінде ауызашар берумен тәмамдап, ертесі Ресейге қарай тартқан. Мұнда келудегі мақсаты – екеу. Әуелгісі – келіп түскен күні-ақ кешкі уақытқа лайықтап осындағы барша қазақ студенттерінің аузын ашып беру болса, кейінгісі - Мәскеуде білім алып жатқан үш қазаққа өз атынан шәкіртақы тағайындау. Сонымен, мұндағы миссиясы тәмам екен.
Ауызашар барысында көргені мен түйгені көп қарымды кәсіпкер ағамызбен арғысы Құнанбайдың қазаққа қосқан үлесінен бастап бергісі жастардың берер пайдасы жайында жан-жақты сөз қозғап, ой алмастық.
Ағамыздың биыл елу жасқа тола сап: «Елу жаста елу ігі іс» жеке жобасын бастағаны БАҚ беттерінен белгілі. Мәскеуге әдейілеп ат ізін салып келуінің өзі – осы елу істің бір парасы. Ал, айтылмағаны қанша? Мұндайда тәспіге салып, ұзағынан теруге тура келеді. Бірнеше жылдар бұрынғы бір емес, екі бірдей мешіттің қабырғасын көтеріп, қазақ жамағатын қуантқан амалдарын айтпай-ақ, соңғы бір айдың айналасын төңіректеп көргеннің өзінде айтар әңгіме аз емес. Жақында ғана Астанада жаңа вокзал салынар уақта мәселенің жібі күрмеуге келіңкіремей, жұмыс бәсеңсіп қалған болатын. Осы сәтте ортаға таныс-білісін салып, инвестиция тартып, елге елеулі еңбегін тағы бір сіңірген. Оның алдында Алматыдағы Тұран университетінде оқитын он балаға шәкіртақы ретінде өз қаржысынан жырып алып бергені де бар-тын.
Ел игілігінің жолында туған жеріне де көп еңбегі сіңді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығының құрметіне орай Оңтүстік өлкеде мәдени-археологиялық қазба жұмысына мамандарды шақыртып, ізденіске жұмылдырды. Нәтижесі де тамаша. Атсалысқан археологтары Х ғасырға дейінгі түркі-қазақ руларының күні бүгінге дейін қанық сақталған таңбаларына қарық болыпты. Тапқан феномендеріне тарихи-мәдени зерттеулер жасап, оны көлемді кітап етіп, Алматыдағы баспаханасында басып шығарыпты.
Осы сияқты ұлттың игілігіне байлығын сарп етіп, өзгені желеп-жебеп жүрушілер тарихымызда аз болмаған. ХХ ғасыр басында Алаштықтардың жаппай роман жазып, батыстық деңгейге көтерілуі сол заманның бай-манабы Есенқұл Маманұлының арқасы болатын. Есенқұл роман-бәйге жариялап демеуші болмаса Сұлтанмахмұт "Қалың малды", Тайыр Жомартбай "Қыз көрелікті" жазар ма еді? Онысы бір Құдайдың өзіне ғана аян. Жүлдеге ілікпеген қаншамасы тағы бар. Оралбек Қожамжарұлының да тұрақты түрде әдеби оқуларда қағаз ақшасын аямайтын жақсы ғадеті – қазақ жастарының арасында танылмаған талант иелеріне арнап конкурстар ұйымдастыруы. Арагідік салт-дәстүрімізді жаңғыртып көкпар беріп, жалпақ жұртқа мәлім айтыскерлердің басын қосып тұрады. Дәстүр жаңғыртып, мұндайға мұрындық болған қазақтан асқан қандай жомарт болушы еді, біз үшін?!
Демек, қазақты жарылқайтын тек қалталы қазақтың өзі екен. Байлар! Бай болғанда да "атымтай жомарттары", ақадал жақтастары. Байлар жайлы теріс түсінікті біздің түйсік өткен ғасырдың басында, тәркілеу кезінде ғана тұңғыш қабылдаған. Кінәлі сол заманғы бай мен кедейді араздастырған кеңестің солақай саясаты. Әйтпесе, қараша халық тым құрығанда той-думанға болсын куә болу үшін бай-манапты басына көтеріп, олардың малына береке, жасына ғұмыр тілеп, тілеулесіп отырған.
Оралбек Қожамжарұлының құлқыннан гөрі құлдықты жоғары қойған нағыз мұсылмандық парасаты талай кәсіпкерлерге жақсылықта жарысуға үлкен үлгі болып келеді. Біз де риясыз тілеулес болайық! Бізге осындай байлар керек... Қазақ осындай бай болуы керек...