Мұсылман әрдайым оптимист болуы керек пе?
Мұсылман әрдайым оптимист болуы керек пе?
3 жыл бұрын 2947
Абдусамат Қасым

Оптимизм деген не? Оптимизм – барлық нәрсеге үміт көзімен қараушылық, әлдебір оқиғаның немесе жағдайдың соңы оңды боларына, ойдағыдай нәтижемен аяқталарына сенушілік, үмітсіздіктен аулақ болушылық. Оның қарама-қайшысы – пессимизм. Екеуінің айырмашылығын көрсетер бір мысал, мәселен: жартылай су құйылған стақанға қарап, оптимист адам «жартылай тола стақанды» көреді, ал пессимист «жартылай бос стақанды» көреді.  

Әр нәрсеге оптимистік көзқараспен қарап, үмітін үзбей, арты жақсы боларына сену - жақсы нәрсе. Керісінше ақыр заман тудыра беру адамды өмірден түңілдіретіні анық. Адамның өмірі - аумалы, төкпелі. Кейде жақсы, кейде жаман. Кейде сәттілік серік етсе, кейде сәтсіздікке ұшырап жатады. Дегенмен, дініміз әр қиыншылықтың арты - жеңілдік боларына сендіреді. Құранның «Нәшрах» сүресінде: «Шынында, әрбір қиыншылықтың артында бір жеңілдік бар» - дейді Алла Тағала.

Кейде сәтсіздік пен қайғы үсті-үстіне туындап жататын кездер де болады. Мұндай жағдайға тап болғандарға Алла Тағала: «Сабырлыларды сүйіншіле!» дей келе, арты жақсы болады дегенді ұғындырады. Тіпті еш нәрсе ойдағыдай жүрмей жатса да, оның астарында ол үшін бір жақсылық жасырулы болуы мүмкін деп ойлап, әліптің артын баға білуді кеңес етеді: «...Сендердің үнатпаған (кей) нәрселеріңнің сендер үшін қайыры болуы мүмкін. Сондай-ақ, жақсы көрген (кей) нәрселерің сендер үшін жаман болуы да мүмкін. Алла (Т.) біледі, сендер білмейсіңдер»[1].

Қарап тұрсаңыз, дініміз мұсылманды белгілі деңгейде оптимис болуға үйретеді екен. Неге «белгілі деңгейде»? Себебі тым үмітшіл, болашағына тым сенімшіл болу – бейғамдықты тудыруы мүмкін. Сол себепті, Ислам діні «үміт пен қорқыныштың» ортасында болуды үйретеді. Мұсылман Алланың мейіріміне үміт артқанымен, Оның қаһарлы екенін де ұмытпайды. «Мен – иман еттім, намаз оқимын, ораза ұстаймын. Пейішке кіретініме сенімдімін!» деп ойласа онысы қате болмақ. Өйткені, намаз оқып жүргенімен, қалай оқып жүр? Ораза ұстағанымен қалай ұстады? Құдай қабыл ете ме, жоқ па? Әрі-беріденсоң пейішке Құдайдың мейірімі түскен пенде ғана кіреді. Егер Құдай Тағала кеңшілік жасамаса біз намазымызбен, оразамызбен пейішке кіре алмауымыз мүмкін...

Ендеше, мұсылман кісі әрдайым үміт пен қорқыныш арасында болғаны жөн. Өзіне тым сенімді болуы - қате, бірақ Құдайдан үмітін үзу де бұрыс тірлік. Құран Кәрімде: «Ей, өз-өздеріне зұлымдық қылған пенделерім! Алланың рахымынан үміт үзбеңдер. Алла Тағала барлық күнәні кешіреді. Сөзсіз Ол – күнәні кешіруші, аса мейірбан»[2] - дей келе, жақсылықтан үміт үзбеуге және өмірі мен ақыретінен түңілмеуге шақырады. Онымен бірге: «Алланың азабынан тек қасыретке ұшыраушылар ғана бейғам болады» - дей келе[3], тым үмітшіл, тым өзіне сенімді болудан да тыйяды. Басқа аятта: «Алла Тағаланың жазасы тым қатал, онымен қоса, Ол тым кешірімді, аса рахымды», - делінген[4].  

Қорыта айтқанда, мұсылманның дүниелік істерде оптимистік жөні басым болғаны жөн, ал ақыреттік істерге келгенде «үміт пен қорқыныш» таразысын тең ұстағаны дұрыс. Аллаһу аъләм.


[1] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 216 аят.
[2] ҚұранКәрім: «Зүмәр» сүресі, 53 аят.
[3] Құран Кәрім: «Ағраф» сүресі, 99 аят.
[4] Құран Кәрім: «Мәида» сүресі, 98 аят. 

0 пікір