«Кезінде біз Исраилұлдарынан «Бір ғана Аллаға құлшылық жасайсыңдар, ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдер мен кедейлерге жақсылық жасайсыңдар. Жұртқа жақсы сөз айтыңдар, намаз оқыңдар, зекет беріңдер» деп уәде алғанбыз. Кейін араларыңда көбің уәдеден тайқыдыңдар, әлі де сырт айналудасыңдар. Уақытымен сендерден, бір-біріңді өлтірмеуге, бір-біріңді ата қонысынан тықсырып қумау жайлы уәде алғанбыз. Сендер де мойындап келдіңдер. Әлі де (бұған) куәлік етудесіңдер» («Бақара» сүресі, 83, 84).
Бұл аяттарда Исраилұлдарына міндеттелген әрі иудей-христиан әдебиеттерінде «Он бұйрық» деп білінетін діни әрі аһлақи міндеттердің кейбірі айтылуда. Осы міндеттерді орындау үшін олардан Алланың уәде алғандығы білдірілген. Киелі кітапта Тәңірі «өз қолымен жазып» хазірет Мұса (а.с.) арқылы Исраилұлдарына түсірген осы бұйрықтар (Шығу, 20, 32/15, 20/1-17) былай жүйеленген:
1. Алладан басқа тәңірлері болмауы тиіс;
2. Өзің үшін қолдан пұт жасамайсың;
3. Алланың есімін бекерге атамайсың;
4. Сенбі күні ешқандай іс атқармайсың;
5. Ата-анаңды құрметтейсің;
6. Кісі өлтірмейсің;
7. Зина жасамайсың;
8. Ұрламайсың;
9. Өтіріктен куә болмайсың;
10. Көршіңнің еш нәрсесіне сұқтанып қарамайсың.
Құран кәрімнің «Исра» сүресінің 101-аятында: «Ант етейік, біз Мұсаға ап-анық тоғыз аят бердік. Қане, Исраилұлдарынан сұра», - деп меңзеген тоғыз аяттың (Тәураттағы он бұйрық) Сенбі күнгі тыйымнан өзге қалғандарын қамтығаны байқалуда. Сенбі күнін құрметтеу болса, тек иудейлерге қатысты үкім болған («Нахл» сүресі, 124).
Аяттарда Алладан өзге тәңірді мойындамау, ата-анаға, туыстарға, жетімдер мен кедейлерге қарасу, жұртқа жақсы сөз айту, намаз оқу, зекет беру, бір-бірін өлтіру, өз жерлестерін ата мекенінен қумау секілді аталған міндеттер арасында он бұйрықтан кейбірінің де орын алғаны байқалуда. Он бұйрықтың сенбі күнгі тыйымнан өзгелері пайғамбарлардың барлығына түскен қасиетті кітаптардағы ортақ тәлім ретінде Құран кәрімде де аталған (Әнғам сүресі, 151-153; Исра сүресі, 23-39.)
Бір өкініштісі, Исраилұлдарынан көбі уақыт өте келе Аллаға берген уәдені ұмытқан, ол үкімдерді орындамаған, хазірет Пайғамбар (с.а.у.) кезеңіндегі иудейлердің де осы үкімдерден сырт айналғаны айтылады.
Он бұйрықта ескертілген жайттар адам табиғатының бір қажеттілігі әрі ғаламдық ұстындар болғандықтан, тек иудейлерге ғана емес, өзге иләһи діндерге де қатысты. Атап айтқанда, он бұйрықтың әуелгісін құраған тәухид сенімі Құранның табанды түрде насихаттаған алғашқы әрі негізгі ұстанымы (Бақара сүресі, 163; Әнғам сүресі, 19, 102; Исра сүресі, 23).
Екінші бұйрықта пұтқа табынушылыққа тыйым салынған. Құранда да әрі ширкке, әрі Алладан басқаға табынуға қатаң тыйым салынған (Ниса сүресі, 36, 116, 171; Әнғам сүресі, 151; Aғраф сүресі, 191-195; Юнус сүресі, 18; Нахыл сүресі, 20).
Алланың атын бекерге атамау, яғни Алланың атын айтып өтірік ант-су ішпеу керектігі Құранда да ескертілген (Бақара сүресі, 224; Маида сүресі, 89; Нахыл сүресі, 16/91).
Сенбі күнгі тыйым тек иудейлерге тән, ол хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) үмбетіне міндеттелмеген. Бұрынғы үмбеттерге тән кейбір талаптар мұсылмандарға міндеттелмеген (Aғраф сүресі, 157).
Aта-анаға құрмет (Бақара сүресі, 83; Исра сүресі, 23), кісі өлтірмеу (Бақара сүресі, 84; Ниса сүресі, 29; Маида сүресі, 32), ұрлық жасамау (Mаида сүресі, 38; Mүмтахина сүресі, 12), зинаға жоламау (Нұр сүресі, 30-31), өтірік куәгер болмау, көршінің дүние-мүлкіне сұқтанбау (Бақара сүресі, 83; Ниса сүрес, 36; Фурқан сүресі, 72) секілді мәселелер Құранда да орын алған.
Ибн Аббас «Исра» сүресіндегі (22-39 аяттар) бұйрық пен тыйымдардың Мұсаның жазбаларында да болғанын айтқан (Фаһруддин әр-Рази, XX, 214). Әнғам сүресінде (151-153 аяттар) орын алған бұйрық пен тыйымдар да он бұйрыққа ұқсастық танытып, он бұйрық немесе он өсиет ретінде білінуде.