Мұхаррам айы жайында бірер сөз...
Мұхаррам айы жайында бірер сөз...
10 жыл бұрын 36306
Абдусамат Қасым

Мұхаррам айы – мұсылман жыл санауының басы, яғни, алғашқы айы. Бұл ай мұсылмандардың Меккеден Мәдина шаһарына қоныс аударуларымен тарихта қалды. Екі дүние сардары Мұхаммед Мұстафа (с.а.у.) пайғамбарлықтың 12-ші жылы зүлхиджа айында Ақаба деген жерде мәдинелік Ансарлардан «Екінші Ақаба биатын (ант, уәде)» алғаннан кейін келесі, яғни, Мұхаррам айында Меккеден Мәдинаға қоныс аударды.

Хижра жыл санауы бойынша 16-шы жылы (638-жылы) халифа Омар (р.а.) Мәдинада серіктерімен кеңесіп, тарихи маңызы бар оқиғаларды есте қалдыру мақсатында жылнама мәселесін көтерді. Әзірет Әлидің ұсынысымен әрі кеңеске қатысқандардың құптауымен хижрет бойынша жыл қайыру - Ислам тарихының басы әрі мұсылман күнтүзбесі ретінде қабылданса, мұхаррам айы сол күнтүзбенің алғашқы айы ретінде бекітіледі. 

«Мұхаррам» сөзі «тыйым салынған» деген мағынаға саяды. Осы айда соғысу харам болғандықтан «Мұхаррам» деп аталғанын айта кету керек. Бұл турасында Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінде былай айтыылған:

«Шын мәнісінде, Алланың құзырында айлардың саны – он екі.  Жер мен көк  жаратылған  күннен бастап, Алла солай белгілеп қойды. Оның төртеуі – соғысуға тыйым салынған айлар (зүлқағда, зүлхиджә, мұхаррам, ережеп)...»[1].

Мұхаррам айының маңыздылығы хадистерде жан-жақты айтылып, қадір-қасиеті сөз болған. Нәсәи жинағында риуаят етілген бір хадисте сахаба Әбу Зәр былай дейді:

سألت النبي صلى الله عليه وسلم: أي الليل خير وأي الأشهر أفضل؟ فقال: خير الليل جوفه وأفضل الأشهر شهر الله الذي تدعونه المحرم

"Мен Пайғамбарымыздан: " Түннің қай уақыты қайырлы? Және айлардың ең абзалы қайсысы? - деп сұрадым. Сонда Ол (с.а.у.): «Түннің ең қайырлы уақыты – түннің соңғы үшінші бөлігі. Ал айлардың ең абзалы– сендердің «мұхаррам» деп жүрген Алланың айы», –деп жауап берді"[2]. (Нәсәи риуат еткен).

Ендеше, адамзат ардақтысы (с.а.у.) "айлардың абзалы" деп ерекше маңыз берген мұхаррам айының қандай ерекшеліктері бар? Аят пен хадистерге сүйене отырып, Мұхаррам  айының мән-маңызын былайша жіктеуге болады:

1. Cоғысуға тыйым салынған төрт айдың бірі [3].
2. Мұсылмандардың Меккеден Мәдинаға хижрет еткен (көшкен) айы.
3. Нәпіл ораза ұстаған адамға сауабы мол ай. Алланың Елшісі (с.а.у.) өзінің асыл сөздерінің бірінде былай деп кеткен:

«Ораза үшін Рамазаннан кейінгі ең қайырлы ай – Алланың айы Мұхаррам»[4]

Хадиске мән беріп қарасақ, осы айға қатысты мынадай екі маңызды тұжырымға келуге болады:

  • Өзге айлардан қарағанда Мұхаррам айында нәпіл ораза ұстаудың сауабы мол.
  • «Алланың айы» деп айтылуына қарағанда, оның аса қадірлі, қасиетті және өзге айлардан қайырлы екендігін аңғаруға болады.

Тағы бір хадисінде былай делінген:

"Әзіреті Алиден келген бір хадисте, бір кісі Пайғамбарымыздан (с.а.у.): «Уа Расулаллаһ! Рамазан айынан кейін, қай айда ораза ұстауыма кеңес етесіз?" - деп сұрағанда, Ол (с.а.у.):«Рамазан айынан кейін ораза тұтқың келсе, Мұхаррамда ораза ұста. Шынында, бұл ай – Алланың айы. Бұл айда бір күн барсол күні Алла тағала кей қауымның тәубесін қабыл еткен етін. Қалғандардың да тәубесін қабыл етеді",- деп жауап берген[5].

4. «Ашура күнінің» Мұхаррам айында болуы да аталмыш айдың маңыздылығын арттыра түседі. Ашура күні жайында Алла жазса, төмендегі сілтемеден оқи аласыздар: 

[1]Тәубе - №36 аят.
[2]Нәсәи – №4612 хадис.
[3]Тәубе - №36 аят.
[4]Сахих Муслим, әс-Сыям – №1163 хадис.
[5]Тирмизи, Китабуссиям, №741 хадис.

 

1 пікір