Монша мәдениеті
Монша мәдениеті
11 жыл бұрын 17674
Нұрқанат Нұрдәулетұлы

Монша – адамның жуынуы үшін арнайы жабдықталған орын. Монша ғимараттары ежелгі Грекияда, Римде, Мысырда, Үндістанда салынған. Мұндай моншалар жуынып, денені тазарту орны ғана емес, сонымен қатар демалу, кездесу, дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылданатын орын болған. Осы әдет орта ғасырларда түркі елдерінде де орын алған. Әсіресе белгілі температурамен жылытылған мәрмәр тасына жатып қыздырыну – шығыс елдерінде ежелден жиі қолданылады. Қазақ жерінде монша 11 ғасырдан белгілі (1).

Моншаның қашан және қалай пайда болғандығы туралы нақты дерек жоқ. Анығы бұл моншаны мұсылмандар ойлап тапқан. Ислам діні тазалыққа аса мән бергендігін барлығы біледі. Сондықтан да монша суық күндері жуынып-шайыну үшін қажеттіліктен туған.

ХІХ ғасырға дейін батыстағы патша сарайларының өзінде монша болмаған кезде, Ибн Сина, Рази, Абдулқаһир және Сахир ибн Насруллаһ сынды мұсылман ғалымдар сабынды ойлап табу өз алдына, моншаның адам тазалығына қаншалықты пайдалы екендігін зерттеп те үлгерген (2).

Иман - адамда ең киелі де қастерлі нәрсе болса, сол иманның жартысы ислам дінінде - тазалық. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Тазалық - иманның жартысы» деген. Емханаларда жуыну үшін арнайы орындар бөлінген. Көптеген үйлердің жанында моншалар болған. Ал европада болса, монша ұғымы деген тіптен жоқ еді. Европалықтардың ІХ ғасырда жуына бастағаны белгілі. ХVІІ ғасырларда Испанияның инквизиция сотында мұсылман испандықтар мен христиандар тазалығына қарап ажыратылатын болған (3).

Еуропалықтар ХІХ ғасырда ғана қолға алған тазалыққа мұсылмандар VІІ ғасырдың өзінде-ақ қатты көңіл бөле бастаған. Патша сарайларының өзінде еуропада монша жоқ кезде шығыста бұған барлық жағдай жасалып, тазалықтың күнделікті әдетке айналғаны таңғаларлық (4).

Бір қызықты дерек бар. Әйгілі «Түркістан моншасы» әлемге әйгілі болған өз заманында. Сол монша бір ғана майшаммен жылитын көрінеді. Яғни, моншаның орталық бөлігінде орналасқан қарапайым майшамды жаққанда бүкіл моншаны қыздыратын болған. Бұл да болса сол кездегі инженерияның елең еткізер ерекшелігі. Кейіннен Ресей зерттеуші-археологтары әлгі майшамды орнынан қозғалтқан болса керек, қайтадан майшамды орнына қойғанымен, моншаны бұрынғыдай қыздыру мүмкін болмай қалған.

Моншаның пайдасы да бар, зиянды жақтары да жетерлік. Жоғары температура әсерінен адамның қан тамырлары кеңейіп, ішкі органдар, тері, бұлшық ет, буындар қанмен қамтамасыз етіледі. Жүректің жиырылу саны жиілейді, зат алмасу процесінің қарқындылығы, организмнің оттекті сіңіріп, көмірқышқыл газын шығаруы артады. Өте көп мөлшерде тер бөлінеді. Сол тердің әсерінен терідегі тыныс алу тесіктері ашылып, адамның тыныс алуы жақсарады. Монша процедуралары әсерінен жүрек және өкпе қызметі жақсарады. Алайда, моншаға жиі түсе беру де зиянды. Әсіресе, жүрек ауруы, гипертония, атеросклероз, аневризма, көз және құлағы ауыратын адамдарға, сондай-ақ жүкті әйелдерге, жас балаларға ыстық моншада қатты қыздырыну зиянды. Жын-шайтандар монша т.б. секілді лас жерлерді мекен ететіндігін ескерсек, онда тек жуынып тазаруға ғана барғанымыз дұрысырақ.   

Сопылық ілімнің көрнекті өкілі Мәулана Жәлаладдин Руми моншаға жақсы жағынан теңеу тауып былай деген екен: «Өзің байқамайсың, тамақ жеген кезіңде ішіңе кір толады. Ораза болса монша секілді. Сені әрі рухани, әрі барлық кірлерден, барша жамандықтардан тазартады» (5).

 

Моншаға түсудің әдептілігі мен үкімі

Ислам діні тазалыққа аса мән берген дін, сондықтан монша туралы үкімдер қойылған.

Бірінші: Моншада жетерліктей су болуы қажет.

Екінші: Моншаның іші-сыртын ластықтан таза ұстау қажет. Тазалық сүннетке жатады. Адамдар түсерде монша лас болатын болса, онда монша иесі күнәкар болады. Ондай моншаға мұсылманның кіруі мәкрүһке жатады.

Үшінші: Моншаға кірген адам сол аяғымен кіріп, зиянды нәрселерден Аллаһ Тағалаға сыйынып кіреді.

Төртінші: Ер кісілер мен әйел кісілердің бөлмелері бір-бірінен бөлек болуы тиіс. Яғни, әр бірінің есігі мүлде басқа жақта болуы қажет. Кіріп шыққанда бір-бірлерін көрмеулері керек.

Бесінші: Ер кісілер де, әйел кісілер де өзара бірнеше адам болып моншаға түсетін болса, бір-бірлерінің әурет жерлерін көрмеулері қажет. Ер де, әйел де өз араларында сәтри әурат жерлерін жабық ұстап шомылулары керек. Сол үшін әурет жерлерін арнайы орағышпен орап жүрулері қажет. Ер кісілердің де, әйел кісілердің де өз ара әурет жерлерін көрулері харамға жатады. Ер адам ерлер моншасында әурет жерін ашып шомылатын болса күнәкар болады. Өз жынысының алдында шомылып одан кейін арнайы жабық жерде әурет жерлерін жууы қажет.

Алтыншы: Егер бір кісі жалғыз өзі шомылғанда жалаңаштанса, харам болмаса да мәкрүһке жатады. Оның әурет жерін жауып шомылуы сүннетке жатады. Жалаңаштанған жағдайда да құбылаға қарап тұрмауы қажет.

Ал ер мен әйелдердің теңіз яки көл жағалауында әурет жерлерін ашып шомылулары Ислам дінінің сеніміне де, құлшылығына да мүлде қарама-қайшы нәрсе. Мұндай жерлерден рақым періштелері алыстап, ібіліс пен оның серіктері сол жерді мекендеп алатыны даусыз (6). Цунами секілді кейбір теңіз жағалауларындағы пәлекеттер осының белгісі (7). 

 

Моншаға түнде түс

Табиғиндерден Шам елінің халифасы Омар ибн Абдулазиздің Мәймун ибн Мәһран деген кеңесшісі, әрі уәзірі бар болатын. Халифа сол уәзірін Шам елінің шекарасына жақын жатқан бір қалада бөлек өмір сүріп жатқан баласы Абдүлмәліктің жағдайын біліп қайтуға жұмсайды. Мәймун Абдүлмәлікпен кездесіп, сұхбаттасады. Осы тұсты Мәймун ибн Мәһран былай әңгімелейді:

- Бір сағаттай отырып онымен сұхбаттастым. Оның ойлау жүйесіне, ақыл-парасатына көңілім толды. Нұрлы жүзіне көзің тоймайды. Өзі жас әрі тәжірибесі аз болғанымен, ақыл-ойға – бай, әрі кішіпейіл екен. Күн батқан уақытта құлдарының бірі келіп:

         - Аллаһ тура жолға салсын! Босаттық, - деді. Мен де түсінбей:

         - Нені босатыпты? – деп сұрадым.

         - Моншаны. 

         - Қалайша?

         - Мен үшін адамдардан босатыпты.

         - Осы сөзді естігенге дейін саған көңілім толып отыр еді, - дедім. Ол шошып кетіп: «Біз Аллаһтың құлымыз, Оған қайтамыз», деді. Сонан соң:

         - Аллаһ мейірім қылсын! Бұлай істесе несі бар, аға? - деп сұрады.

         - Монша сенікі ме?

         - Жоқ.

         - Онда адамдарды неге моншадан қуасың? Мұнда сен өзіңді олардан жоғары ұстап, оларды бір төбе, өзіңді бір төбе қылғаның ба? Оның үстіне күн сайын түсетін пайдасына залал келтіресің, келген адамдарды моншасыз қайтарасың.

         - Моншаның иесіне толық күндік пайдасын беріп, риза қыламын.

         - Бұл - күпірлік араласқан ысырап. Адамдармен бірге неге моншаға түспейсің?

         - Олармен бірге түспеуіме себеп - кейбір әдепсіз адамдар орамалсыз кіреді, әурет жерлерін жаппайды. Оларға әуреттеріңді жауып жүріңдер деп айтсаң: "Саған біздің әуреттерімізді жабуға құқық беріліп пе еді?" - деп өзіңді мазақ қылады. Аллаһ Тағала мені осы бір ыңғайсыз жағдайдан құтқарсын. Маған пайдалы уағыз айтып, осы істе кеңес беріңіз!

         - Түн қараңғылығы түсіп кетсе де, адамдардың моншадан шаққанын күт. Бәрі үйіне тарасымен, моншаға түс.

         - Солай істеуге сөз берейін. Бүгіннен бастап күндіз моншаға кірмейтін боламын. Осы елдің қақаған суығы болмаса, тіптен моншаға аяқ баспас едім (8).

 

Моншаға бару туралы

1082-1083 жылдар ішінде жазылған аса бағалы педагогикалық «Қабуснама» деген еңбекте моншаға бару туралы біршама кеңестер жазылыпты. Қабуснаманың авторы Қайқаус деген кісі. Қайқаус көптеген ойшылдар мен ғалымдардың кітаптарын оқып шығып, баласына өсиет ретінде осы Қабуснаманы жазып қалдырады. Сол еңбекте моншаға баруға қатысты келесідей пайдалы кеңестер айтылыпты:

Ей, перзентім, біліп алғаның жақсы, моншаға барғың келсе, қарының тоқ кезде бармағын. Тамаққа тойып, моншаға бару зиянды. Шын мәнінде монша жанның рақатындай жақсы нәрсе, хакімдер моншаны ең бір жақсы нәрсе деп есептейді. Моншадан денең тыныстанып, тынышталады. Жазда немесе қыста моншаға барсаң, әуелі суық бөлмеде отырып, денең рақаттансын, одан соң ортаңғы бөлмеде жуынып, онда жарты сағаттай отыр, ыстық бөлмені де пайдаланып, жақсы терлеген соң жуынатын жерге барып жуынғын. Моншада көп отырып қалма, ыстық суға көп түсіп отырма. Сол сияқты ыстық, суық суды басыңа қайта-қайта құя бермей, жылы суды пайдалан. Егер монша бос болса, оны үлкен бақыт деп сана. Даналар бос моншаны істің оңынан келгені деп есептеген. Моншаға қалай кірсең, солай шығып кеткін де, шаштарыңды алғыз.

Демек, сен моншаның зиянын білдің, енді моншада су, шербет ішуден сақтан. Олардың зияны көп. Денеге сары су үймелейтін шемен кеселі осындайдан пайда болады. Егер өте шөлдеп, шөл басқың келсе, ептеп ішумен шектелу қажет.

Даналар моншадан соң оның көпшілік демалатын жерінде біраз ұйықтап демін алмай, далаға шықпайды.

(1) Қазақша википедия
(2) Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ. «Ислам. Құран. Ғылым» мақаласы
(3) Ислам дінін ұстанған мұсылмандардың бүгінгі күні ғылым-білімде артта қалуы неліктен? ҚМДБ сұрақ-жауап бөлімі
(4) Құдайберді Бағашар. "Ислам және өнеге", 18-бет.
(5) Құдайберді Бағашар. "Ислам және өнеге", 211-бет.
(6) Ж. Уылдырым. Ислам фықһы. 4/220.
(7) Отбасы ғылымхалы. Ата әс-Сынбати, М. Исаұлы, 83-84 – беттер.
(8) Абдұррахман Рафат әл-Баша. «Табиғиндер өмірінен өнегелер» кітабы

1 пікір