Мишари Рашидтен 20 кеңес
Мишари Рашидтен 20 кеңес
9 жыл бұрын 7970

Көптеген адамдар Құран аяттары мен сүрелерін жаттағысы келеді, бірақ оның әдіс-тәсілдерін біле бермейді. Алғаш жаттауға талпынғандардың алдынан біршама қиыншылықтар шығатыны белгілі. Сондықтан да атақты Құран хафизі Мишари Рашидтің бұл кеңестері Алланың сөзін жаттауда мүмін бауырларымызға үлкен көмек болар деген ниетпен аударып беріп отырмыз.


▶ 1. Алла үшін, Алла разылығы үшін жаттаңыз.

Көптеген бауырларымыздың кейбір игі істерді Алла үшін істегеннен гөрі мақтану немесе қатарынан қалмау мақсатында ғана атқаратынын көзіміз көріп жүр. Құран үйрену мен оны жаттаудың пайдаларын, Құран жаттаушылардың дәрежесін білу арқылы мұндай жаман ниеттен арылып, Құранды тек Алла үшін жаттау керек.

▶ 2. Мақсатты айқындау, яғни алдыңызға дұрыс мақсат қойыңыз.

Мысалы: «Мен бауырларыммен тәжуид үйренемін, Құранның бір парасын тыңғылықты жаттаймын. Өйткені Алла тағала тыңғылықты атқарылған істерді жақсы көреді», - деп алдыға мақсат қою.

▶ 3. Құран сабақтарын жіберіп алмау, жаттаудан қалып қалмау үшін уақытыңыз бен мүмкіндіктеріңді жоспарлаңыз.

Мысалы: «Дүйсенбі күні бойы қолым босамайды, сондықтан сейсенбі күнгі бос бір-екі сағатта Құран жаттауым керек» деу.

▶ 4. Ыңғайлы уақыт пен орын таңдаңыз.

Мысалы: «Сейсенбі күні «Ықылас» сүресін жаттап бітіруім керек. Бірақ ол күні үйге кішкентай інілерім келуі мүмкін, сондықтан сол уақытта мешітке барып, тыныш жерде жаттағаным дұрыс» деу.

▶ 5. Арнайы таңдалып алынған, үнемі содан жаттайтын бір ғана Құраныңыз болуы керек.

Әріптеріне көз үйренген кітаптан жаттаған жөн. Адам әр кезде әртүрлі Құранды пайдаланса, жазылу ерекшеліктеріне бейімделемін деп, уақыт жоғалтып алуы мүмкін.

▶ 6. Кей әріптерді дұрыс дыбыстай алмау, есте сақтаудың әлсіздігі секілді алғашқы қиындықтардан қашпау керек.

Бұл – барлық адамның алдынан шығатын кедергі. Құранды жаттау да спорт секілді. Алғашқы күні қиын болды екен деп, спорттан бас тартуға болмайтыны сияқты, шайтанның азғыруымен Құран жаттауды да алғашқы күндері тастап кетуге бармаған дұрыс.

▶ 7. Құранды өз бетіңізбен үйреніп жүрсеңіз, жаттағандарыңызды дұрыс оқи алатын ұстаздар арқылы тексеріп отырыңыз.

Мешіттердегі Құранды жатқа білетін имамдар мен хафиз, қарилерге тексертсеңіз болады. Тіпті болмаса, тыңдалуы дұрыс кассета, дисктер арқылы қателігіңізді  түзей аласыз. Бірақ жаттаған сүрелеріңіздің бір де бірі тексерілмей қалмауы керек. Сонымен қатар, Құранды әдемі оқуға тырысамын деп, әріптердің дұрыс оқылуын бұзып алмаған жөн.

▶ 8. Құран үйрену, жаттау барысында кішкентай, жеңіл тәпсір кітапшасы жаныңызда болғаны дұрыс.

Кей сөздердің, сөйлемдердің мағынасын ұғынып, дұрыс жаттауға тәпсір кітапшасы таптырмас көмек. Ал қалың тәпсір кітаптарын қолдану, түпкі мақсаттан, яғни Құран жаттаудан ауытқып, тәпсірге ден қойып кетуге себепші болуы мүмкін.  

▶ 9. Ешкімге кедергі болмайтыныңды байқасаң, Құранды қаттырақ оқуға тырысу керек.

▶ 10. Жаттағандарыңызды достарыңызға, туыстарыңызға айтып беріп отырыңыз.

Жаттағандарыңызды «дұрыс айтпауым мүмкін» деп ұялып, айтпай қалуға болмайы. Керісінше, олардың көмегімен қателіктеріңізді түзеп, өзіңізге сенімдірек бола түсесіз.

▶ 11. Жаттағандарыңызды үнемі қайталап тұрыңыз.

Әсіресе намазда қайталаған жақсы. Әр намазда әртүрлі сүрені оқып, еске түсіріп тұрсаңыз, жаттағандарыңыз ұмытылмайды.

▶ 12. Алла Тағала біліміңізді мәңгілік, жадыңызды мықты етсін десеңіз, жаттағандарыңызға амал етіңіз, бойыңызды күнәдан аулақ салыңыз.

▶ 13. Құранды жақсы, дұрыс үйрететін курстардан мүмкіндігінше қалмауға тырысыңыз.

▶14. Құранның белгілі бір бөлігін (бір пара немесе Құранның жартысын) жаттап болған соң, Құран үйретуден ижазасы бар адамға тексертіңіз.

Өйткені өз бетімен жаттаған адамдарда үлкен қателіктер кездесіп жататыны тәжірибеде жиі кездеседі.

▶ 15. Есте сақтау қабілетіңіздің жақсы кезін пайдаланып, Құранды жас кезіңізде жаттаңыз.

Ал кәрілік жеткенде немесе орта жасқа келгенде жаттауды бастап жатсаңыз, ол да жаман емес, тек екі есе зейін қоюға тура келеді.  

▶16. Білім іздеген, Құран жаттаған жан ішетін тамағына көңіл бөлуі керек.

Яғни, адал аспен қатар, аз тамақ ішкен жөн. Өйткені, тойып тамақ ішу ұйқыға тартып, жалқаулыққа жол ашуы мүмкін.

▶17. Жаттауды жоспарлауда асыра сілтеушілікке бармаңыз.

▶18. Қандай да бір жетістікке жетіп жатсаңыз, өз-өзіңізге көңіл толып, масаттанбаңыз.

Мысалы: “Мен тәжуид үйреніп, Құранның 10 сүресін жаттап алдым. Ал бауырым әлі араб әріптерін танымайды. Мен не деген мықты едім” дей көрмеңіз.

▶ 19. Әлсіздік пен жалқаулықтан сақтайтын Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) жасаған дұғаны сіз де жасаңыз.

Ол дұға: «Аллаһумма, инни ағуузу бика минәл ‘аджзи уәл кәсәл» (Аллаһым, мені әлсіздік пен жалқаулықтан сақта!) деп оқылады.

▶ 20. Алла бұл ілімді арттыруды нәсіп етсін деп дұға етіңіз.

Білімді арттыруға қатысты түрлі дұғалар бар. Солардың бірі ретінде Құрандағы: «Рабби зидни ғильман», яғни «Аллаһым, білімімді арттыр!» деген дұғаны қолдана аласыз.

http://www.ummahweb.net/ сайтынан аударылды

0 пікір