Жаббар Хақтың сүйікті құлдарын әрдайым түрлі сынақ-емтихандардан өткізіп, тартқан жазмышына сай иләһи рызықтарын тарту ететіні талассыз ақиқат. Осы себептен де барлық Хақ Елшілері тақсыреті мол тағдырға мойынсұна білген. Тіпті, Пайғамбарлар падишасы Мұхаммед (с.а.у.)-ды ұлы миссиясынан бас тартқызбақшы қаскөйліктер орын алғанда да, Хақ Елшісі (с.а.у.) қараңғылық һәм қарадүрсіндікпен ымырасыз күресіп, саналы да сәулелі ғұмыр кешті. Ол (с.а.у.) уақыт өте жұрттың Исламды лек лекпен, толқын толқынымен қабылдайтынына бір сәт те үмітін үзген емес-ті. Осыдан да болар өзіне дәйім құқай мен теперіш көрсеткен меккелік және тайфтық мүшріктерге Құдай тағаладан: «Тура жолға сала гөр», - деп тілек тілеген еді.
Хақиқи мұғзижа
Хақ Елшісі (с.а.у.) һәм оның соңынан ерген қауым азапты күндерді басынан кешіріп, илаһи тезге түскен сын сәтте, Ұлы Жаратушы сүйікті Елшісін (с.а.у.) ұшпаққа (Миғраж) шығарумен зор қуаныш сыйлаған болатын. Нақтырақ айтар болсақ, салихалы дерек көздеріне қарағанда, Миғраж оқиғасы Мәдинаға көшпестен он сегіз ай бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні Жақсылық жаршысы (с.а.у.) пыраққа мініп, түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушымен тілмен айтып жеткізе алмайтын көркем де әсерлі жағдайда қауышып, тікелей байланысқа шыққан еді.
Дереккөздерге жүгінсек, Пайғамбарымыз (с.а.у.) алдымен пыраққа мініп, Харам мешітінен Ақса мешітіне барып, ол жерден Жебірейіл періштемен бірге рухани биікке шығып, одан соң көк қабаттарын кешіп, "Сидратуль Мүнтаһа"-ға көтерілген. Одан ары қарай Рефреф атты періште қызмет етіп: уақыттан, кеңістіктен, пендеуи һәм дүниеуи сыңғырдан мүлде қашық Раббы әлемінің құзырына ұластырады. Осында Хақ Елшісі (с.а.у.) Ұлы Жаратушымен тілдесіп, басынан бейне уаһи, бейне сыр, бейне нұрлы шағылысты кешіріп, мұсылмандарға бес уақыт намаз парыз етіліп, қайтарында жұмақтық пен тамұқтық болатындардың сипаттары, хақсыздықпен біреуді тілдеген, жала жапқан, адамдарды шағыстырған, арандатқан, өтірікші, екіжүзді және турашыл еместердің ақырет әлемінде басынан не кешіретіні көрсетіледі.
Көзді ашып-жұмғанша болған Миғраж мұғжизасын Мұхаммед (с.а.у.) меккеліктерге айтқанда, мүшіріктер бұған сенгісі келмеді. Олардың: «Құдыстың қандай белгілері бар?» деген сұрағына Алла Елшісі (с.а.у.) мүдірмей жауап береді. Сондай-ақ, жолшыбай бір керуеннің келе жатқандығын, оның қанша уақыттан кейін Меккеге келетіндігін айтқанда мүшіріктердің иланбауға лажы қалмады. Хз. Әбубәкір (р.а.) секілді туа бітті турашыл адамдар ғана Миғражды ести сала, еш шүбәсіз сенген еді. Осы себептен оған «Сыдық» (шынайы берілген, адал) деген лақап ат берілді.
Құранның «Исра» сүресінде Миғраж оқиғасы туралы жан-жақты баяндалады. Әсілі, «миғраж» сөзі «түңгі серуен» мағынасын береді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Харам мешітінен, Ақса мешітіне түн ауа саяхат еткендіктен, ислами әдебиеттерде бұл мұғжизаны «Исра» немесе «Миғраж» деп атайды.
«Ұшпақтан» түскен үкімдер
Бұған дейін де Хақ елшілері түрлі сипатта ұшпаққа көтерілген болса да, Мұхаммед (с.а.у.) пешенесіне миғражға көтерілудің ең жоғары дәрежесі нәсіп болған еді.
Миғраж оқиғасында Мұхаммед (с.а.у)-ға мынадай үкімдер нәзіл етілді:
1. Алладан басқаға құлдық ұрмау.
2. Ата-анаға құрмет көрсету.
3. Ағайын-туысқа, кедей-кепшікке, міскін-ғаріпке қол ұшын беру.
4. Ысырапшылдық және мал шашпақтан аулақ болу.
5. Кедейліктің кесірінен балаларды өлтірмеу.
6. Зинаға жоламау.
7. Адам өлтірмеу.
8. Жетімнің ақысын жемеу.
9. Уәдеге берік болу.
10. Таразыдан жемеу.
11. Білмеген нәрседан аулақ тұру.
12. Мейманасы тасып, дандайсымау («Исра», 22-39).
Илаһи тарту
Миғраж оқиғасында мұсылман қауымына мынандай иләһи үш ләтифа (сый) тарту етілді:
Біріншісі, хз. Мұхаммедтің үмбетінің ішінде Алланың бір екендігіне шүбә келтірмегендердің, күнәсін өтеп болғаннан кейін, ерте ме, кеш пе, жұмақтың сый етілетіндігі.
Екіншісі, бес уақыт намаз оқу парыз етілді. Мұхаммед (с.а.у.): «Бұл ғибадаттың үмбеті үшін миғраж» екендігін айтқан болатын.
Үшіншісі, риуаяттарда Мұхаммед (с.а.у.) «Бақара» сүресінің соңғы екі аяты осы Миғражда нәзіл болған. Аяттардың басында иман негіздері жіпке тізген маржандай тізбектеледі. Бұл аятта Мұхаммед (с.а.у.)-нан бұрынғы пайғамбарларға және оларға түсірілген кітаптарға иман келітіру туралы да айтылады. Кітап түскен қауымдардың өзара түсіністік негізінде толеранттыққа келу керектігіне баса мән беріледі. Төзімділдік рухы ғаламдағы әртүрлі ала-жаңқа түр мен түсті және пікірлерді ымыраластырып, жер шарының өз осінде бейбіт ырғақпен айналуына септігін тигізетіні анық айтылады. Ислам тарихына көз жіберер болсақ, бұл аяттың негізінде ислам мемлекеттері өз қарауындағы мұсылман емес қауымдармен барынша бейбіт қарым-қатынас жасаған болатын. Аяттың соңында әрбір мұсылманның өз қал-қадірінше исламдық ғұрыпқа сай өмір сүре алатындығы, яғни, ешкімге шамасы жетпейтін жүктің артылмайтындығы паш етілді. Демек, түрлі деңгейдегі ақыл мен қабілетке ие мұсылмандар өз шама-шарқына қарай исламдық негізде өмір сүреді деген сөз.
Түйін:
Миғраждың иләһи сырларының бірі – мұсылмандардың хижра жасап, дәйім Исламның рухы алаулап, бағы ашылатындығынан үзілмей үміт етсе, Алланың қолдауымен ұлы жеңіске жетіп, ұшпаққа шығатындығын астарлы түрде білдіртуі болатын. Сондықтан да Хақ Елшісі (с.а.у.) мүшріктерден небір қысым мен құқайды көргеніне қарамастан, Исламның алдағы уақытта күні оңынан туып, адамдардың топ-тобымен хақ дінге мойынсұнатындығынан үміттенген көңілін, Ұлы Жаратушы миғраждағы теңдессіз тартулармен жұбатқан-ды.
Иә, Мұхаммед (с.а.у.) Миғраждағы иләһи сырларға қанығып, жаңаша түлеп, жаңа бір леппен Исламды дәріптеуді жалғастырған болатын. Сөйтіп, мүбәрак миғраж кешінен соң, Исламның жеңісті жорықтары бірінен кейін бірі жалғасын тауып жатты. Миғраж – Исламның ұлы жеңістерінің рухани хабаршысы болғандықтан, мүбәрак Миғраж кешін күллі ислами жеңістердің бейне бастау бұлағы іспетті деп қабылдасақ болады.
Ескерту: 2016 жылдың мамыр айының 3-нен 4-не қараған түн қасиетті Миғраж түні! Мұсылман үмметі үшін маңызды оқиғалардың куәсі болған қасиетті Миғраж түні мүбәрак болсын!