Жаббар Хақтың адам баласына жіберген Елшілері мен Нәбилерінің болмысы тек ізгі сипаттармен өрілген. Олар туабітті салиқалы һәм парасатты болып жаратылғандықтан қым-қуыт тіршіліктің небір азарлы асуларында илаһи болмысына тән дәйім тектілік танытқан. Тіпті, пайғамбарлық міндет жүктелместен бұрында күнә іс былай тұрсын, әнтек қылық та жасамаған. Күллі Елшілер мен Нәбилердің ата-тегінде де «бетті басып, тұра қашатындай» еш кінәрат болған емес. Себебі, Алла Тағала олардың сойын алтын ұрықтан өрбіткен.
Пайғамбарлар падишасы Мұхаммед (с.а.у) түп-тұқияны - сойы бөлек, сорабы нән Ибраһим пайғамбардың сүйікті ұлы Ысмайылдан тарайды. Бұл туралы Хақ Елшісі (с.а.у.): «Алла Тағала Ибраһимнің ұлдарынан Ысмайылды таңдады. Ысмайыл ұрпақтарынан Кинан әулетін, Кинан ұрпақтарынан Құрайышты, Құрайыш ішінен Хашимді, Хашимнан Абдулмуталибті, Абдулмуталиб ұрпағынан мені таңдады», (Тирмизи, Мәнақиб: 1) – деген еді. Сондай-ақ, «Мен Адам баласының ең қайырлы, ең саф таза ұрпақтарынан дәуірден дәуірге, әулеттен әулетке өте отырып, соңынан өз жанұямда дүние есігін аштым», (Бұхари, Мәнақиб: 23) деп өзінің текті әулеттің алтын арқау, күміс жалғау - ізашары екенін паш еткен болатын.
Хақ Елшінің (с.а.у.) арғы атасы Хашим мен оның ұрпақтары Меккедегі қасиетті Қағбаның қызметшілері еді. Бірде Хашимнің ұлы Абдулмуталибке ұйықтап жатқанда «зәмзам құдығын қаз» деген тылсымнан аян беріледі. Абдулмуталиб Қағбаның төңірегінен құдық қаза бастағанда, құрайыштықтар бұл іске наразылық танытады. Дәл сол кезде Абдулмуталибтің құрайыштықтардың қарсылығын еңсеретіндей күш-қуаты жоқ еді. Жалғыздықтан шарасыз күй кешкен Абдулмуталиб егер кіндігінен он ұл өрбіп, олар өзіне қолғабыс ететіндей қайратты болып өсіп-жетілсе, Аллаға бір перзентін құрбан етіп шалуға ант береді.
Уақыт өте келе Абдулмуталибтің зіңгіттей қайратты он ұлы болады. Зәмзам құдығының да көзі ашылады. Сол кезде түсінде оған: - Аллаға берген сертіңді орында, - деген аян беріледі. Жылдар бұрын Жаратушы Иеге берген уәдесі есіне түсіп, Абдулмуталиб сертінен таймай, он ұлының бірін құрбан етіп шалуға бел байлайды. Он ұлына ішек тастап: «Жаратқан Ием! Мен балаларымның бірін саған атадым. Он ұлымның бірін Өзің таңда», - деп дұға жасайды.
Ішек тасталғанда Алла Тағаланың таңдауы Абдулмуталибтің ең сымбатты ұлы – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әкесі Абдуллаға түседі. Соқыр жеребенің өзінің ең сүйікті перзентіне түскеніне іші қан жыласа да, Абдулмуталиб иләһи пәрменнен бас тарта алмады. Бауыр еті баласын құрбан етіп шалуға Қағбаға алып бара жатқанда, Абдулмуталибтің бұл ісіне меккеліктер азар да безер болып қарсы тұрды. «Уа, Абдулмуталиб! Бабамыз Ибраһим пайғамбардан кейін адамды құрбан етіп шалуға тыйым салынған. Мына ісіңді доғармасаң, ертең адамды құрбан шалу әдетке айналады. Егер, біздің айтқанымызға көнбесең, қазыға барайық. Кесімін сол айтсын», - деп Абдулмуталибті елге билік айтқан қазыға ертіп алып барады.
Данагөй қазы меккеліктердің арызын тыңдап, мән-жайға қаныққан соң:
- Бізде кісінің құны он түйе болып есептеледі. Сіздер Абдулла мен он түйеге ішек тастап көріңіздер. Таңдау Абдуллаға түссе, тағы он түйе қосып ішек тастаңыздар. Қашан Тәңірдің қалауы түйелерге шыққанға дейін малдың санын он-оннан арттырып отырыңыздар, - деп үкім кеседі.
Абдулмуталиб ішек тастағанда, таңдау Абдуллаға түсті. Он түйе қосып, қайтадан ішек тастап көргенде, тағы да таңдау Абдуллаға түсті. Осылайша он мәрте ішек тасталып, түйелердің саны жүзге жетті. Он бірінші рет ішек тасталғанда ғана Жасаған Ие жар болып, таңдау Абдуллаға емес, түйелерге түсті. Абдулмуталиб өз-өзіне толық сенімді болуы үшін ішекті тағы да үш рет тастап көрді. Үшеуінде де таңдау түйелерге түсіп, меккеліктер қуанғаннан «Аллаһу акбар!» деп айқайлап, тәкбір айтты. Сонда барып Абдулмуталиб райынан қайтып, бас-аяғы жүз қырық түйені ұлының бодауына беріп, етін жарлы-жақыбайға садақа етіп таратты.
Кейін адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.а.у.) арғы атасы Ысмайыл мен өз әкесі Абдулланың құрбан етіліп шалыну үшін таңдалғанын еске алып: «Мен екі құрбандықтың ұлымын», деген еді. Тіпті, осыған байланысты Хақ Елшісін (с.а.у.) «Мұхаммед Әмин» (сенімді) деген лақабатымен қатар «Ибну Забихайн» (екі құрбандықтың ұлы) деп те атайтын.
Иә, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) өзін-өзі Хаққа құрбандыққа байлаған жансебіл әулеттің жібін жалғаған алтын сілемі еді. Хақ Елшісі (с.а.у.) меккелік мүшіріктерден небір құдай мен теперіш көрсе де, илаһи уәзипасынан бас тартқан емес-тін. Тіпті, тайфтық мүшіріктер оны (с.а.у.) таспен атқылаған шақта, Жәбірейіл (а.с.): «Уа, Алланың Елшісі! Қаласаң мына тауды Тайфтың үстіне төңкерейін» дегенде, қансырап тұрған Хақ Елшісінің (с.а.у.) талықсыған үнінен мейірім желі есіп: «Жоқ. Мен тек олардың тегінен Аллаға серік қоспайтын өнегелі ұрпақтың өрбігенін тілеймін», - деп жауап қатты. Өйткені, Ол (с.а.у.) жасалған қысастықтың есесіне қайырымдылық тілейтін, келешек ұрпақ үшін өзін-өзі құрбан етуге даяр – Парасат падишасы (с.а.у.) еді.