Алла тағаланың алдында күнә жасап қойдыңыз. Күнәңіз түн ұйқыңызды төрт бөліп, не істеріңізді, ары қарай қалай өмір сүреріңізді білмей жүрсіз бе? Онда кеңестерімізге құлақ түріңіз.
1. Біріншіден, эмоцияға берілмеңіз. Жағдайға ақылмен қараңыз. Алла тағала адамды періштелер секілді күнә жасамайтын етіп жаратпаған. Пенде болғаннан кейін күнәға ұрынатын кездер де болады. Хадисте Алла елшісі (с.а.у.): «Егер, адам күнә жасамайтын болса, Алла оны жойып, орнына күнә жасап, соған тәубе ететін қауымды жаратар еді» деген болатын.
Күнә жасағаннан кейінгі басты мәселе – күнәңді мойындау, күнә жасағаныңды түсіну. Көптеген адамдар Алла тағала тарапынан тыйым салынған дүниелерді істеумен қатар, күнә жасап жүргенін сезінбейді де. Жасаған күнәңді мойындаудың өзі жанымызда сенімнің барын, жүрегіміз Аллаға ұнамайтын істі жек көретінін көрсетеді. Ал өз күнәсіне өзі көз жұмған адам түптің түбінде ақ пен қараны, халал мен харамды айыра алмайтын дәрежеге жетеді. Күнә жасадыңыз ба, түңілуіге асықпаңыз! Алланың мейірімінің шексіздігі сондай, барлығын орнына келтіруге болады. Алла тағала кешірімінің кілтін де құлдарына көрсеткен. Сізге енді қателігіңізбен жұмыс істеп, барлығын түзету керек.
2. Жасаған күнәңіз туралы ешкімге айтпаңыз. Алла тағала өз мейірімімен біздің күнәларымызды жасырады. Мұнда үлкен ғибрат бар. Сіздің күнәңіз Жаратушы екеуіңіздің араңызда ғана қалады. Сондықтан күнә жасағаныңызды адамдарға жаюдың қажеті жоқ. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Менің қоғамымның өз күнәларын барлығына жария ететіндерден басқа барлық мүшесі азат болады. Мұндай адамдар (муджахар) түнде күнә жасайды, бірақ Алла оның күнәсін жауып қалады, ал ол таңертең: «Мен мынадай күнә жасадым», -дейді. Ол түнді Алланың қорғауында өткізеді, ал таңертең Алланың қорғанын бұзғанмен бірдей», - деп үйретті.
3. Күнәңіздің зиянын түсініңіз. Бір сәттік әлсіздігіңіз, нәпсіңіздің әлсіздігі сізді не нәрседен қаққаны туралы жан-жақты ойланыңыз. Тіпті күнәңіздің себебінен неден айырылғаныңызды, қандай залал көргеніңізді санап шығыңыз. Ал бұлардың ішіндегі ең үлкені Алланың разылығынан мақұрым қалу екенін ұғыныңыз. Күнә бізді Алланың мейірімінен алыстатады, ризығымызды азайтады. Сонымен қатар, күнә артынан тағы бір күнәні ертіп жүреді. Осының барлығына ой жіберіп, жасаған күнәңізді бар жан-тәніңізбен жек көріңіз.
4. Күнә жасауды доғарыңыз. Қателігіңізді түсінгеннен кейінгі басты жұмыс – дәл сол күнәні енді қайталап жасамау. Өйткені, күнә жасауды тоқтатпасаңыз, сіздің өкінгеніңізден де, Алладан кешірім сұрап жылағаныңыздан да пайда жоқ. Хадисте Алладан кешірім сұрап, кейін сол күнәсіне қайта оралған адамды өтірікші ретінде санауға болатыны да айтылған.
5. Алланың мейірімінен, кешірімінен күдер үзбеу. Сіздің қателігіңіз бен күнәңіз өмірден түңілуге әкелмеу керек. Керісінше, осы күнәңізді Аллаға жақындататын себепке айналдырыңыз. Өйткені адам үнемі өзін-өзі кінәлап, айыптап ғұмыр кешсе, өмірдің мәнін түсінбей, Аллаға сенімі азая бастайды. Бұл дұрыс нәрсе емес. Күнәларымыз үшін көңіліміз түсіп, өкінгенімізбен, салымыз суға кетпеу керек. Керісінше Алланың разылығын алуға бұрынғыдан қатты ынталы болып, игі істерімізді арттыруымыз керек. Тіпті ең жаман деген нәрсенің өзінен жақсылық көріп, Алланың кешіріміне ие болуға тырысуымыз қажет. Жасаған күнәміз өмірлік сабақ болуы тиіс.
6. Кешірім сұрап, дұға жасау. Дәрет алып, артынан кешірім тілеп, дұға жасаңыз. Оның түрлері көп. Мысалы: «Аллаһуммә Әнтә Рабби, лә иләһа иллә Әнтә, халәқтәни уә әнә `абдукә, уә әнә `алә аһдикә уә уә`дикә мә-стәтағту, ә`узу бикә мин шәрри мә санә`ту, әбуу ләкә бини`мәтикә `әләййа, уә әбу-у би-занби, фәғфир ли фә иннәһу лә йағфиру-з-зунубә иллә Әнта». Мағынасы: «Я, Алла! Сен менің Раббымсың, Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Сен мені жараттың, ал мен Сенің құлыңмын. Meн күш-құдіретім жеткенше Саған деген уәдемді, әрі сертімді сақтаймын. Әрі жасаған істерімнің жамандығынан Өзіңе сиынамын. Маған берген нығметтеріңді мойындаймын, әрі күнәларымды да мойындаймын. Мені жарылқай гөр! Шын мәнінде, Сенен өзге күнәларды жарылқаушы ешкім жоқ) деп айтып, сол түнде қайтыс болған адам Жәннатқа кіреді; ал, мұны таңертеңгі уақытта айтып, сол күні қайтыс болған адам Жәннатқа кіреді». «Аллаһуммә инни заләмту нәфси зулмән кәсиран уә лә яғфируз-зунубә иллә әнтә. Фәғ-фир ли мәғ-фиратән- мин ъиндикә уәр-хамни иннәкә әнтәл ғафурур- рахим». Мағынасы: «Ей, Алла! Шын мәнінде мен өзіме аса көп зұлымдық жасадым. Күнәларды кешіретін Өзіңнен басқа ешкім жоқ. Өз жарылқауыңмен мені кешір де маған рақым ет. Расында Сен аса жарылқаушы, ерекше мейірімдісің». «Аллахумма иннә астағфирука ли зәнби уә ас-алюка рахматак». Мағынасы: «Я, Аллаһым! Мен Өзіңнен күнәларым үшін кешірім сұраймын, Сен мейірімдісің».
7. Күнә жасағаныңыз үшін шын өкіну. Шын өкінген адам күнәсін қайта қайталамайды. Әрі ол таудай күнә болса да, Алла тағаланың кешіріміне ие болады. Бұл жағдай Құранда Ниса сүресінің 110-аятында: «Кімде кім бір жамандық істесе немесе өзіне өзі кесір істесе, содан кейін (тәубе етіп) Алладан кешірім сұраса, Алланың асқан кешірімшіл, ерекше мейірімді екенін аңғарады» деп келтіріледі. Ал келесі бір аятта: «Алла Тағала былай айтты: «Әй Мүминдер. Аллаға шынайы тәубе қылыңдар. Раббыларың жамандықтарыңды жойып, астарынан өзендер ағатын жұмақтарға кіргізуі үміт етіледі» (Тахрим сүресі, 8-аят). Мұсылман адамның жағдайы қандай жақсы, тіпті күнә жасап та шынайы тәубе ету арқылы тазара алады.
8. Ренжіткен адамыңыздан кешірім сұраңыз. Егер сіздің күнәңіз келесі бір адаммен байланысты болып, сіз ол адамның жанын жаралаған болсаңыз, дереу кешірім сұрауға ұмтылғаныңыз жөн. Пенденің ақысымен байланысты күнә шынайы тәубе жасаумен ғана кешірілмейді. Оған тіпті ораза да, қажылық та көмектесе алмайды. Ондай адам тәубе етумен қатар, кешірім сұрауы керек. Мәселен, біреуді ғайбаттаса, сол ғайбаттаған адамынан кешірім сұрағаннан кейін ғана тәубесі қабыл болмақ.
9. Тәубе намазын оқыңыз. Күнә істегеннен кейін тәубе етуді кешіктірмеген жөн. Бірден дәрет алып, екі рәкағат намаз оқып, Алладан кешірім тілеу керек.