Күмәнді нәрселерден сақтаныңдар!
Күмәнді нәрселерден сақтаныңдар!
9 жыл бұрын 6746

 إِنَّ الْحَلَالَ بَيِّنٌ وَ إِنَّ الْحَرَامَ بَيِّنٌ وَ بَيْنَهُمَا مُشْتَبِهَاتٌ لَا يَعْلَمُهُنَّ كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ، فَمَنِ اتَّقٰى الشُّبُهَاتِ اِسْتَبْرَأَ لِد۪ينِهِ وَ عِرْضِهِ، وَ مَنْ وَقَعَ فِي الشُّبُهَاتِ وَقَعَ فِي الْحَرَامِ، كَالرَّاعِي يَرْعٰى حَوْلَ الحِمٰى يُوشِكُ أَنْ يَرْتَعَ فِيهِ، أَلَا وَ إِنَّ لِكُلِّ مَلِكٍ حِمًى، أَلَا وَ إِنَّ حِمَى اللهِ مَحَارِمُهُ، أَلَا وَ إِنَّ فِي الْجَسَدِ مُضْغَةً إِذَا صَلَحَتْ صَلَحَ الْجَسَدُ كُلُّهُ، وَ إِذَا فَسَدَتْ فَسَدَ الْجَسَدُ كُلُّهُ: أَلَا وَهِيَ الْقَلْبُ

«Шындығында, ненің халал, ненің харам екені анық. Алайда, осы екеуінің арасында адамдардың көбі не адал, не арам екенін айыра алмайтын күмәнді нәрселер де бар. Ендеше, кімде-кім осындай күмәнді нәрселерден іргесін аулақ салса, діні мен арын кіршіксіз таза күйінде сақтап қалады. Ал, күмәнді нәрселердің шырмауына түскен адам бейне бір қорықтың маңында мал жайып жүрген бақташыға ұқсайды. Малының кез келген сәтте қорыққа түсіп кету қаупі болғандай, ол үшін де харамға бой алдыру қаупі бар. Расында, әр патшаның ешбір жанға аяқ басқызбайтын қорығы болады. Алланың қорығы – Оның харам қылған нәрселері. Шынында, денеде бір кесек ет бар. Егер сол ет сау болса, бүкіл дене сау болады. Ал егер бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Ол – жүрек».

(Нұғман ибн Бәшир (р.а.) Бұхари, Иман 39; Мүслим, Мұсақат 107)

 

Хадиске түсіндірме

Бұл хадис-шәріп хақ дін Исламның мәйегі болып табылатын һәм бар үкімін қамтитын бес хадистің бірі саналады. Расында да, бұл хадис аз сөзді болғанмен, тарқатып жазатын болса, том-том кітап болатын терең мағыналы хадис.

Ұлық имам Әбу Ханифаның: «Дін ілімі – адамның өзіне ненің пайдалы, ненің зиянды екенін (яғни, өзі үшін ненің сауап, ненің күнә екенін) білуі», – дегеніндей, тақырыбымызға арқау болған осынау хадисте де Исламда адал мен арамның, сауап пен күнәнің, жақсы мен жаманның тайға таңба басқандай анық көрсетілгені, сондай-ақ екі арада күмәнді нәрселер мен түйткілді мәселелердің де бар екендігі білдірілген. Сонымен қатар хадисте не адал, не арам екені беймәлім күмәнді нәрселер мен түйткілді мәселелерге қалай қарау керектігі жайлы да айтылып, мұсылмандардың мұндай нәрселерден мейлінше аулақ болып, тақуалық жолын ұстануы құп көрілген. Өйткені, Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзінің сүйікті немересі хазірет Хасанға (р.а.): «Күмәнді нәрсені тәрк етіп, күмәнсіз болғанды таңдағын», – деп, әркез тақуалықты ұстануды өсиет еткен[1]. Сондай-ақ тағы бір хадисте: «Алланың пендесі «сірә, бұ да күмәнді-ау» деген сақтықпен базбір зиянсыз нәрселердің өзін тәрк етпейінше, шынайы тақуалыққа қол жеткізе алмайды»[2], – делінген.

Күмәнді нәрсе дегенде ең алдымен ойға ішіп-жем мен ас-ауқат оралады. Өйткені, өңештен өткен астың адамның денсаулығына ғана емес, рухани жан-дүниесіне, сондай-ақ дұға-мінәжатының қабыл болып, болмауына да әсер ететіні белгілі. Сол себепті, нағыз тақуа жандар өздерінің һәм қарамағындағылардың не ішіп, не жегеніне ерекше мән береді. Олар арам асты былай қойғанда, арам екені нақты анықталмаған кейбір ішіп-жемнің өзін жоғарыдағы хадистерде айтылғандай күмәнді деп қабылдап, қанша жерден тәбеті тартып тұрса да аузына алмайды. Сондай тақуалықты ту еткен ізгі жандардың бірі һәм бірегейі хазірет Әбу Бәкір еді. Оның өз бетінше еңбек етіп, тапқан табысының бір бөлігін құл салығы ретінде төлеп тұратын басыбайлы құлы бар еді. Ал Әбу Бәкір (р.а.) құлының төлеген пұлына азық алатын. Бір күні құлы оған пұлдың орнына дайын ас-ауқат әкеледі. Әбу Бәкір (р.а.) құлы әкелген азын-аулақ ас-ауқатты ішіп алған соң, құлы: «Мұның не екенін білесіз бе?» – дейді. Әбу Бәкір бірден: «Бұл не еді?» – деп сұрайды. Сонда құлы: «Жәһилият дәуірінде бәлендей бал аша алмасам да, біреудің аңғалдығын пайдаланып, бал ашып берген едім. Бүгін сол кісімен ойламаған жерден кездесіп қалып, сондағы салған құмалақтың ақысын төлетіп, сіз ішкен асты сатып алдым», – дейді түк болмағандай. Мұны естіген Әбу Бәкір (р.а.) төбесінен жай түскендей күй кешеді. Дереу саусағын тамағына жүгіртіп, ішкен-жегенін түгелдей ақтарып тастайды[3]. Міне, нағыз тақуалық деп осыны айту керек. Әйтпесе, әсіресе, бүгінгі таңда Исламның бес парызын орындап жүрген жандардың өзі арам асты аузына алмағанымен, базар мен дүкен сөрелеріндегі неден жасалғаны, ішіне қандай қоспалар қосылғаны беймәлім тағамдар мен сусындарды талғамай емін-еркін ішіп-жей беретіні белгілі. Мысалы, арнайы қаптамаға оралған немесе ыдыстарға құйылған дайын тәтті тағамдар мен сусындардың құрамын оқысаң, қайсысының адал, қайсысының арам екені белгісіз сан алуан биологиялық және химиялық қоспалардан көз сүрінеді. Ұзаққа бармай-ақ дүкен кассаларының айналасында балалардың көз жауын алып, менмұндалап тұратын тәттілердің біреуін алып құрамын оқитын болсақ, неше түрлі адам ұқпайтын қоспаларды көреміз. Оның үстіне, еліміздегі азық-түліктің дені сырттан, соның ішінде мұсылман емес елдерден келетіні тағы бар. Міне, осыдан кейін ішіп-жеміміздің бәрі адал деп қалай айта аламыз?! Ішіп-жеген асымыз адал болмаса, құлшылығымыз бен дұға-мінәжатымыз не болады?! Осыған орай пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген: «Уа, жарандар! Шүбәсіз, Аллаһ – мінсіз, күллі жамандық пен кемшілік атаулыдан ада! Сол себепті, Ол таза, мінсіз, адал болғанды ғана қабыл алады. Расында, Алла Тағала пайғамбарларына не бұйырса, мүміндерге де соны бұйырады. Хақ тағала: «Уа, пайғамбарлар! Таза, мінсіз, адал болған ризықтан ішіп-жеңдер һәм игілікті іс істеңдер»[4] – деп бұйырды. Сондай-ақ Ол мүміндерге де: «Уа, мүміндер! Өздеріңе берілген ризық-несібенің таза, мінсіз, адал болғанын ғана жеңдер»[5] – деп бұйырды». Содан соң ол ұзақ жолдан арып-ашып, шашы мен сақалы ұйпа-тұйпа, үсті-басы шаң-тозаң болған әлдебір пенденің қолын көкке созып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» – деп жалбарынғанын айта келе, сөзінің соңында «оның ішкен-жегені мен кигені харамнан, дұғасы қайдан қабыл болсын?!» – деді[6]. Міне, сондықтан да, күмәнді нәрселерден сақтанбайтын адамның әркез харамға бой алдыру қаупі бар. Осыған орай, тақырыбымызға арқау болған хадисте «күмәнді нәрселерге жоламаңдар. Әйтпесе, харамның шекарасынан қалай асып кеткендеріңді де аңдамай қаласыңдар. Сөйтіп, харамның батпағына белшеден батып, қор боласыңдар. Ақыры, ардан безіп, ел-жұрттың алдында масқара боласыңдар. Сөйтіп жүріп Алланың рақымынан да құр қаласыңдар. Сол себепті, харам атаулыдан аулақ жүріңдер. Ал харамнан аулақ жүру үшін ең алдымен күмәнді нәрселерден сақтану шарт. Сонда ғана көкіректеріңдегі иманды, ар-намыстарың мен ел алдындағы абыройларыңды сақтап қаласыңдар» делінген.

Сондай-ақ пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадисте бізге харамның не екенін жақсылап түсіндіру үшін бейнелеу тәсіліне жүгініп, оны бейне бір қорыққа ұқсатып, «әр патшаның ешкімге аяқ басқызбайтын қорығы болады. Алланың қорығы – харам қылған нәрселері», – деген. Кезінде, арабтардың бай-бағландарының әрқайсысында өз малын жаятын арнайы қорығы болған. Біреудің қорығына бөтен мал кіріп кеткен жағдайда бақташыға немесе мал иесіне айыппұл салынған. Ал қорық шекарасын әдейі бұзған бақташы немесе мал иелері ауыр жазаға кесілген. Әсілі, мұндай қатаң заң мал баққан көшпенді халықтардың бәріне ортақ десек қателеспейміз. Қазақта да пәленшенің жайлауы, түгеншенің қыстауы деп, шұрайлы жерлерді өзара бөлісіп тіршілік еткен. Ешкім өзгенің жеріне жөн-жосықсыз кірмеген және әркім өз жерін қызғыштай қорыған. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көшпенді араптарға харамның не екенін жақсылап ұғындыру үшін, оларға өздері түсінетін тілде тіл қатып, Алланың да жан баласына аяқ басқызбайтын қорығы, яғни тыйым салған нәрселері бар екенін, сол қорықтың шекарасын бұзғандардың Алланың алдында айыпты болып, күнә арқалайтынын айтқан.

Хадистің соңында ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жүректі, яғни адамның рухани жан-дүниесін де тілге тиек етіп, жүрекке дақ түсіп, рухани жан дүниенің шайқалмауы үшін харам атаулы мен күмәнді нәрселерден, әсіресе, арам һәм күмәнді астан аулақ болу керектігін білдірген. Сондай-ақ адал-арам мәселесінде ықтиятты болмаған адамның бірте-бірте рухани тұрғыдан азғындап, ақыры бұзылатындығын меңзеген. Бұл мәселеде де Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бейнелеу әдісіне жүгініп, кәдімгі жүрек пен оның ар жағындағы рухани жүректі салыстыра отырып, айтқысы келген ойын өте шебер жеткізген. Шынымен де кеудедегі тынбай соққан жүректің сау немесе сырқат болуы адамның өзге ағзалары мен жалпы денсаулығына қаншалықты әсер етсе, рухани жүректің сау немесе ауру болуының да адамның рухы мен жан-дүниесіне соншалықты әсері болары анық. Ендеше, ауырып, сырқамау үшін ден-саулығымызды қалай күтсек, рухани жан-дүниеміз шайқалып, азғындап кетпеу үшін рухани жүрегімізге де дақ түсірмеуге тырысуымыз керек.


[1] Тирмизи, Қиямет 60
[2] Тирмизи, Қиямет 19
[3] Бұхари, Мәнақибул-ансар 26
[4] «Мүминун» сүресі, 51 аят
[5] «Бақара» сүресі, 172 аят
[6] Мүслим, Зәкәт 65

2 пікір
  • МашаАллаһ! Өте тағылымды мақала екен. Екінші жағынан, ас-азықтың күмәнділігіне келетін болсақ, оның адалдығы қазіргі дәрігерлер айтып жүрген: "здоровая еда". Яғни, салауатты өмір салтының негізгі шарты - салауатты ас-азық. Әлгі аты да, заты да белгісіз ингридиенттердің қайсының артында не тұрғаны белгісіз. Олардың қаншалықты тәжірибеден өткені, қаншасының рұқсат алғаны, алмағаны да белгісіз. Бір кезде осы қоспалар туралы орталық теледидардың бірінен "Осторожно, еда!" деген көлемді деректі фильмдер де жүрген. Олардың кейбіреуін жас балаларға мүлде беруге болмайды. Сондықтан, өз басым көптеген азықтан мүлде бас тарттым. Негізінде, ең адал, ең таза тамақ - қазақтардың асы ғой. Адалдап сойылған мал, қолдан иленген нан (қамыр), сусыннан: қымыз, шұбат, сүт пен айран, ол болмаса, иісі бұрқыраған қызыл күрең шайға не жетсін?! Үшіншіден, күмәнді ас - науқастың шақыртушысы. Мәселен, 5 мезгіл намаз оқып, ораза ұстап, харамнан лажы болса бас тартып, тақуалыққа ұмтылып жүргендерге құрамы белгісіз шұжық (колбаса) беріңіз де, бірнеше күннен кейін хабарлассаңыз, әлгі адамның міндетті түрде ауырғанын естисіз. Себебі, әлгі күмәнді азықты оның ағзасы шеттетеді (отторгает). Содан әлгі адам жүрегі айнып, құсып, ұшынып ауырады. Неліктен қазақ "асқазаны немесе бауыры, болмаса өті айниды демеген, жүрегі айниды" деген? Бұл сұраққа үстіміздегі хадис жауап беріп қойса керек. Алла жар болсын!
    9 жыл бұрын