Күлімсіреудің пайдасы: Жүзіңізден шуақ кетпесін
Күлімсіреудің пайдасы: Жүзіңізден шуақ кетпесін
2 сағат бұрын 169 islam.kz/

Пайғамбарымыз ﷺ: «Бауырыңның жүзіне күлімсіреп қарауың – садақа» деген (Бұхари).

Күлімсіреп жүру - ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ сүннеті. Ол кісі әрқашан айналасына шуақ шашып, жылы жүзбен жүретін.Шын көңілден шыққан күлкіден артық көңіл-күйді не көтере алады? Жылы жымиыс тек қарсы алдыңыздағы адамға ғана емес, сіздің өзіңізге де нұр сыйлайды. «Күлкі – адамның көңіл сарайының кілті» демекші, оның мынадай 10 түрлі керемет пайдасы бар:

1. Сұлулықтың сыры – күлкіде

Адамдар сырт келбетін жақсарту үшін косметика мен түрлі процедураларға қыруар қаржы жұмсайды. Бірақ ең тиімді әрі тегін жолы – күлімсіреп жүру екенін көбі мән бермей жатады. Күлген кезде бет бұлшықеттері тартылып, адам жасарып көрінеді. Бетті пышақсыз-ақ «тартудың» ең оңай әдісі – осы.

2. Көңіл-күйді көтереді

Егер еңсеңіз түсіп, жабығып жүрсеңіз, өзіңізді күштеп болса да күлімсіретуге тырысыңыз. Сәлден соң іштей жеңілдеп қалғаныңызды байқайсыз. Күлкі миға «бәрі жақсы» деген белгі беріп, рухыңызды көтереді.

3. Күлкі – жұқпалы нәрсе

Күлімдеп жүретін адам кірген жерде айнала нұрланып сала береді. Бір адамның жылы жүзі бүкіл ортаның көңіл-күйін өзгертіп, өзгелерді де бақытты ете алады. Күлкі сыйлаған адам – бақыт сыйлаушы.

4. Стрессті сейілтеді

Уайым мен күйзеліс адамның жүзіне таңба салады: шаршаңқылық, қабақтың түюі, қажығандық бірден білінеді. Ал күлкі осының бәрін жуып-шайып жібереді. Күлген кезде ағзада «бақыт гормоны» – эндорфиндер бөлінеді. Спорт залда терлегендей әсерді бір жымиыспен-ақ алуға болады.

5. Иммунитетті нығайтады

Адам күлгенде ағза еркінсіп, босаңсиды. Соның әсерінен иммундық жүйе жақсырақ жұмыс істей бастайды. Тұмау мен суық тиюден қорғанғыңыз келсе – көбірек күліңіз!

6. Қан қысымын түсіреді

Ғылыми түрде дәлелденген: адам жымиған сәтте қан қысымы едәуір төмендейді. Егер үйіңізде манометр болса, тексеріп көріңіз: бірнеше минут кітап оқып отырып қысымыңызды өлшеңіз, сосын бір минуттай күлімсіреп отырып қайта өлшеңіз. Айырмашылықты бірден сезесіз.

7. Ең арзан дәрі

Зерттеулер бойынша, күлкі – эндорфин, серотонин және табиғи ауруды басатын заттарды бөледі. Бұл үшеуі қосылғанда адамның денсаулығы жақсарып, тіпті созылмалы аурулардың (ісік ауруларына дейін) алдын алуға көмектеседі. Осыдан артық арзан әрі шипалы дәрі бар ма?

8. Өзгелерге шабыт береді

Жылы жымиыс арқылы сіз өзгеге «сен жалғыз емессің», «бәрі жақсы болады» деген үнсіз хабарлама жібересіз. Сізден жылулық алған адам ол жақсылықты ары қарай басқаларға таратады. Сіздің бір күлкіңіз қаншама адамның жүрегін жылытарын білсеңіз ғой!

9. Сәттілікке бастайды

Күлімсіреп жүретін адамдар өзіне сенімді көрінеді. Жұмыс бабымен кездесулерде, жиналыстарда күлімдеп сөйлесеңіз, адамдар сізге жақсырақ бейімделеді. Егер біліктілігі бірдей екі үміткер болса, жұмыс беруші әрқашан ашық, күлімдеп тұрған адамды таңдайды.

10. Жақсылыққа сендіреді

Мынадай тәжірибе жасап көріңіз: кеңінен жымиып тұрып, жаман нәрсе туралы ойлаңызшы. Бұл мүмкін емес! Күлген кезде біздің бүкіл болмысымыз «Өмір қандай тамаша!» деп жар салады.

Тоқ етерін айтқанда, қабақ түйгенде 43 бұлшықет жұмыс істейді екен, ал күлімсіреу үшін небәрі 17 бұлшықет қана қажет. Күш жұмсамай-ақ сұлу болудың, сау болудың жолы осы. Ең басты себеп – күлімсіреп жүру ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ сүннеті. Ол кісі әрқашан айналасына шуақ шашып, жылы жүзбен жүретін. Ендеше, сүннетке амал етіп, айналамызға қуаныш сыйлайық!


Дереккөз (англ.): eislam.co.za

0 пікір