Күйеуіңіздің көңілі басқа әйелге аумасын десеңіз...
Күйеуіңіздің көңілі басқа әйелге аумасын десеңіз...
6 жыл бұрын 16693
Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ

«Ер адам әйелін төсек қатынасына шақырғанда, әйелі (орынды себепсіз) төсек қатынасынан бас тартса, әрі сол үшін күйеуі оған түнімен ашулы болса, періштелер әлгі әйелге таң атқанша лағынет айтады» [1].

Хадиске түсіндірме:

Аталмыш хадиске ұқсас басқа да риуаяттар бар: «Әйел түнді күйеуінің төсегін тәрк еткен күйі өткізетін болса, періштелер таң атқанға дейін ол әйелге лағынет айтады»[2].

Ислам діні адамның өз өмірін шариғат аясында сүргенін қалап, арнайы қағидалар бекіткен. Бозбалалық шағына жеткен ер мен тал шыбықтай мың бұралып өскен қыз баланың бойдағы тән құмарын басуы, ақ некемен ғана жүзеге асады. Бұдан «үйленудегі басты мақсат – тән құмарын басу» деген мағына шықпайды. Өйткені үйленіп үй болу тек осы мақсатта ғана шектелмек емес. Ер мен әйелдің бас қосып отбасы құруында басқа да өмірлік үлкен хикметтер мен пайдалар жатыр. Әйтсе де, үйленудегі үлкен пайданың бірі – адам шаһуатын, яғни тән құмарын шариғи жолмен қанағаттандыру екеніне де немқұрайлы қарамау керек. Сол себепті, күйеуі әйелін қалап, төсек қатынасына шақырған кезде (әйел кісінің нақты бір себебі болмаса) күйеуінің шақыруына жауап бергені абзал. Ерінің назары басқаға ауып немесе шариғат тыйым салған харам іске бой алдырып қоймасы үшін, әйел кісі бұл мәселеде күйеуіне жәрдемші болғаны дұрыс. Егер уақытша бір себебі бар болса, күйеуін хабардар етіп, ақылдасқаны жөн. Ер кісінің әйелін қалап, төсегіне шақыруы – бойдағы тән құмарын тежей білуде оның әйел кісіге қарағанда әлсіз екенін көрсетеді. Сол себепті әйел адам бұл мәселеде шамасы келгенше күйеуінің көңілін қалдырмауға тырысып, абай болса, нұр үстіне нұр болады. Өйткені әйелінен көңілі қалып, қанағат таппаған еркектің назары басқаға ауып, тіпті Алла тыйым салған іске де (зинаға) баруы мүмкін. Күйеуінің күнәға батуына есік ашқаны үшін, әйел де бұл іске жауапты. Сондықтан әйел адам күйеуін шариғат тыйым салған іске барудан барынша тосқаны жөн. Әйел кісі күйеуінің харам іске баруына тосқауыл болумен қатар, тәндік қалауын шариғи жолмен жүзеге асыруға көмектесу арқылы өзінің де, күйеуінің де мол сауапқа кенелуіне себепші болады.

Қысқасы, әйел адам, шариғат тыйым салмайтын істе күйеуіне үнемі қолдау көрсетіп, тән қалауына да жауап беру арқылы, оны харам іске барудан сақтайды. Отбасылық өмірде осындай қағидаларға немқұрайлы қаралып, мән берілмеуі себепті көптеген ажырасулар орын алып, еркектің бөтен әйелдің құрығына түсуі жиі кездесуде. Бұл мәселеге атүсті жеңіл қараған әйелге Алла мен періштелердің лағынеті болатынын жеткізген хадисті ескере отырып, әрбір мұсылман әйел бұдан сақтануы тиіс. Құранда: «Олар сендер үшін (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, жан мен тән рақатына бөлейтін һәм көрікті қылатын) киім (іспетті), сендер де олар үшін дәл сондай киім (секілдісіңдер)» [3] – деп баяндалған. Аяттан түсінетініміз – киім адамды сырттан болған әртүрлі әсерден қорғағаны секілді, ерлі- зайыптылар да бір-бірін түрлі қауіп-қатерден, әсіресе, күнәға итермелейтін факторлардан қорғауға тиіс һәм жауапты.

Алла тағала отбасы-шаңырағымызға береке берсін!

1. Бұхари, никах 85; Мүслим, никах 122; Әбу Дәуіт, никах, 40.
2. Бұхари, никах 85; Мүслим, никах 120.
3. «Бақара» сүресі, 187-аят.
0 пікір